Домбыра үні тәулік бойы толастамады

Уақыты: 25.04.2017
Оқылды: 1702
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Журналистер үйінің алдына алты қанат ақшаңқан киіз үй тігіліп, домбырашылар ән орындап, күй шертті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен шара «Dombra Party – non stop» деп аталды.


Оған облысқа танымал домбырашылар, әуесқой әншілер келді. Қаладағы үлкен экраннан тікелей көрсетіліп тұрған шара 24 сағатқа созылды. Оған ең кішісі 8, ең үлкені 80 жастағы өнерпаздар қатысты. Игілікті іске облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолдау білдірді. Нәтижесінде, Көксу, Қаратал, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының өнерпаздары да жырдан шашу шашып, күймен шара көркін кіргізді. 
Шараны танымал күйші Бақберген Асқарбеков, Нұржан Жанпейісов әрлендіріп жіберді. Жезтаңдай әншілер таң атқанша тоқтамай домбыра шертті. «Dombra Party – non stop» атты шараны ұйымдастырудың мақсаты – ұлттық аспапты, ұлттық өнерді дәріптеу, халқымыздың дәстүрлі ән-күйлерін насихаттау, өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру. 
Шара діттеген мақсатына жетті. Домбыраларын көтерген Қанабек Байсейітов атындағы колледж білімгерлері, Нұрғиса Тілендиев атындағы саз мектебінің оқушылары, Н. Назарбаев атындағы зияткерлік мектеп шәкірттері, «Көркем-ай!» өнер-тәлім отауының мүшелері ұлттық өнердің туын түнімен желбіретті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға 100-ден аса домбырашы қатысыпты. Бәрі бірінен-бірі өткен саңлақтар. Құдіретті ән-мен күй тәулік бойы шаһар халқын рухтандырып тұрды. Тұрғындар ұлттық өнерді дәріптеудің жаңа нұсқасын ойлап табушыларға алғыстарын білдірді.

Гүлжан Тұрсын