КОВИДКЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ ЖҰМЫСТАРЫ ІЛЕ АУДАНЫНДА ДА ҚАРҚЫНДЫ

Уақыты: 23.03.2021
Оқылды: 1015
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Іле ауданында коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары жалғасын табуда. Дертке қарсы вакцина ең алдымен қауіпті аурумен сағат сайын бетпе-бет жолығатын «Жедел жәрдем» қызметі, жұқпалы аурулар емханасы мен қабылдау бөлімі қызметкерлеріне салынуда.

Түрлі күтпеген жағдайлардың алдын алу мақсатында Өтеген батыр кентіндегі орталық аурухананың терапевт-дәрігері Мөлдір Советова екпе жасар алдында өз әріптестеріне оның ағзаға етер әсерін жан-жақты түсіндіріп, келісім қағаздарына қолдарын қойдырып алуда.

Тексеру кезінде қан қысымы жоғары, алты ай ішінде коронавирус жұқтырған науқаспен қарым-қатынаста болған, дене қызуы жоғары қызметкерлерге екпе жүргізілмейтіні де айтылуда. Ілелік дәрігерлер вакциналаудың маңыздылығын жете түсініп, маңызды шараға жауапкершілікпен қарауда.

– Біздің командамыз күніне сан мәрте қауіпті дерт жұқтырғандармен жақын қарым-қатынасқа түседі, – дейді аудандағы жедел медициналық жәрдем қызметінің меңгерушісі Дәулетхан Ахметұлы. – Сондықтан, екпе салдыру біз үшін аса маңызды. Осыған байланысты барлық қызметкерлеріміз өздерінің және өзгелердің денсаулығына қауіп төндірмеу үшін жаппай екпе қабылдады.

Алғашқылардың бірі болып вакциналаудан өткен аудандық орталық аурухананың хирургі Айдын Молдашев пандемияның алғашқы кезеңінде қатты қиналғандарын айтады. Екпе алғаннан кейін өзінің кәсібін сапалы әрі қорықпай атқаруға мүмкіндік алған. Ол коронавирусқа қарсы екпе жұмыстарының тұрғындар өмірін қорғауға тигізер әсері зор деп есептейді. Екпе алған дәрігерлердің ешқайсысынан қосалқы әсерлер шыға қоймағаны да қуантады.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Іле ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан