ЖЕТІСУ АЙМАҒЫНДА 11 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ КОВИДКЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 01.04.2021
Оқылды: 1000
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсарту үшін қазіргі таңда егу жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Осы уақытқа дейін Алматы облысында 11 350 адам екпе қабылдаған. Ары қарай да екпе салдыру жұмысы кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады. Ол үшін вакцина қоры да жеткілікті дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Қазіргі таңда Алматы облысына вакцинаның 14 850 дозасы жеткізілген. Ай сайын вакцинаның 66 000 дозасы әкелінеді. Жалпы, биыл облысқа вакцинаның 150 мың дозасын жеткізу жоспарланған.

Айта кетейік, коронавируспен күреске барлығы Алматы облысының жергілікті бюджетінен 13,8 млрд.теңге, оның ішінде, екінші толқынға дайындыққа 8,8 млрд.теңге бағытталған болатын.

Мемлекет бар жағдайды жасағанымен тұрғындардың індеттің ілмегіне ілінуі тоқтамай тұр. Мамандар, Текелі, Талдықорған қалаларында және Көксу, Қаратал, Ескелді, Панфилов, Ақсу, Ұйғыр аудандарында сырқаттанушылардың саны басым екенін айтуда.

Коронавирустан сақтану жолы өте қарапайым: бетперде тағу, арақашықтық сақтау, көпшілік жиналатын жерлерге, отбасылық басқосуларға және жасырын той-томалақтарға бармау.

Халық осы ережелерді ұстанып, сақтық шараларын күшейтсе, індетті тоқтатуға мүмкіндік бар. Дәрігерлердің кеңесі осы. Сонымен бірге, әлемді жайлаған індетті еңсерудің жалғыз жолы вакцина салдыру екенін де естен шығармаған абзал.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан