ТАЛДЫҚОРҒАНДА СОҢҒЫ ЕКІ АПТАДА 500-ГЕ ЖУЫҚ АДАМНАН ВИРУС ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 16.10.2021
Оқылды: 1163
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған қаласында соңғы екі аптада коронавирус инфекциясының 486 жағдайы тіркелсе, өткен тәулікте 25 тұрғыннан індет анықталған.

Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, Талдықорған қаласында COVID-19 инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз.

Бүгінгі таңда шаһар "қызыл аймақта" орналасқан. 2020 жылдың мамыр айынан бастап барлығы 12134 зертханалық расталған КВИ жағдайы тіркелген. Осы жыл басынан бастап қазірге дейін 10212 тұрғынның вирус жұқтырғаны белгілі болып отыр.

Қалада вирусқа қарсы екпе жұмыстары әліде жалғасуда. Талдықорғанға барлығы 155975 доза вакцина келіп түсті. Қазіргі таңда Талдықорған қаласында 1-ші компонентпен – 58505, вакцинаның екінші бөлігінен – 54074 адам екпе салдырды.

Айта кетейік, қалада 24 егу кабинеті және 1 жылжымалы мобильдік топ жұмыс істейді, сондай-ақ, «City plus» сауда орталығында қосымша 1 егу кабинеті ашылған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"