Қызылша жұқпасы – қауіпті

Уақыты: 13.01.2024
Оқылды: 822
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қызылша жұқпасының адам ағзасына келтіретін зардабы аз емес.  Қызылша жұқпасы белгілерінің зиянын аудан тұрғындарына үздіксіз айтып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. 

Қызылша – тез таралатын жұқпалы ауру. Ол тек науқас адамнан тарайды. Аурудың жасырын кезеңінің екінші күнінен денедегі бөртпелер 4 күн аралығында қатынаста болған адамдарға ауа арқылы жұғады. Өмірінде қызылшамен ауырмаған не егілмеген адам оңай жұқтырады. Науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамақтағы қабыну, көздің қызаруы, ұртта ақшыл бөртпелердің пайда болуы ауруды растайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді.  Көксу ауданында 2023 жылдың басынан қазіргі күнге дейін нақтыланған 35 жағдай тіркелді.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі – вакциналау екенін түсіндіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Қызылшадан егу вирусты жасанды жолмен тоқтатып, ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. ҚР вакцинациялау күнтізбесіне сәйкес қызылша жұқпасына қарсы екпе 1 жаста және ревакцинация 6 жаста салынады. Қазіргі таңда елімізде қызылша жұқпасының балалар арасында кең тарауына байланысты ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 1 қараша 2023 жылғы №7 қаулысына сәйкес қосымша жаппай иммундау 6-10 ай 29 күн, 2-4 жас, 11 ай 29 күн аралығындағы балалардың егу мәртебесіне қосымша қызылша жұқпасына қарсы иммундау жүргізіліп жатыр.

Аудан бойынша қосымша жаппай иммундаумен 2190 тұрғын қамтылды. Оның ішінде 6-10 ай 29 күн аралығындағы 243 бала, 2-4 жас 11 ай 29 күн аралығында 1947 бала қызылша жұқпасына қарсы вакцинамен қамтамасыз етілді. Қызылшаға қарсы қосымша жаппай егу жұмыстары ары қарай жалғасады. Тұрғындар арасында санитарлық-ағарту, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, инфекциялық аурудың асқыну формалары мен адам организміне кері әсерлері жөнінде ақпараттандыру жұмыстары тұрақты атқарылады. 

Диана ҚОРАБАЕВА,
дәрігер-эпидемиолог 
Көксу ауданы 

Фото: egemen.kz