Инсультті  жасанды интеллект арқылы  анықтайды

Уақыты: 21.01.2024
Оқылды: 574
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Нейрохирургия – жүйке жүйе кеселінің себептерін анықтап,  хирургиялық жолмен емдеп,  диагностикалайтын сала. Нейрохирургиялық диагностиканың негізгі тәсілдері – компьютерлік, магнитті-резонансты томография және ангиография.  Бүгінде сала дамып,  бас сүйек, мидың зақымдану дәрежесін анықтап,  ми ісіктерін алып тастауға қол жеткізді. Осы орайда облыстық аурухананың нейрохирург- дәрігері  Асылбек Әнуәрбекұлына жолығып, медицинаның бүгінгі жеткен жетістігі, қолбайлау болып отырған мәселелері жөнінде сұрап білген едік.

 Асылбек  Әнуәрбекұлы,  адамның бас сүйек, ми қантамырлары сырқатын емдеумен айналысатын мамансыз.  Оның ішінде  тамырдың жарылып,  миға  қан кету кеселін емдеудің жауапкершілігі зор.   Бұл саланы таңдауыңызға не ұйытқы болды? Қай ауруханалардан тәжірибе жинадыңыз?

– Болашақ мамандықты таңдай отырып,  өз  өмірімді науқастарға көмек көрсетуге арнаймын деп шештім. Сондықтан мектепті тамамдағаннан кейін ойланбастан медицина университетіне оқуға түстім. Әрине, медицинада көптеген салалар бар, бірақ менің жаныма жақыны – нейрохирургия. Нейрохирургияға қызығушылық  бірінші курста оқып жүргенімде анатомия сабағында пайда болды. Сабақ барысында  ми құрылымын зерттей бастадық. Адамның миы  таңғажайып орган. Ол ағзамыздың күрделі процестеріне жауап береді. Мені тұңғиығына тартты. Сырына қанықтым келді.  Мидың жұмысын тереңдете зерттей бастадым. Ізденісіме анатомия пәнінен сабақ  берген ұстазым  Динара Садықова көмектесті. Сол  кісінің арқасында мен болашақ мамандығымды тандадым. Өлшеусіз еңбегі үшін ол кісіге алғысым шексіз. Мен Семей, Павлодар, Алматы калаларының ауруханаларында  тәжірибе жинадым. Новосібір жане Бішкек қалаларында халықаралық конференцияларға қатыстым. Сол жақта тәжірибе жинадым. Оған қоса  нейрохирургияға қатысты оқулықтар, ғылыми журналдарды оқып, білімімді шыңдадым.

– Бүгінде  бас ми қантамырына ангиография, эмболизация  жасайтыныңызды білеміз.  Ми қан тмырының  жарылған жеріне  стенд қоясыз. Бұл орайда  білікті, мақтаулы маманға айналғаныңыздан хабардармыз. Бас сүйекті ашпай ота жасауды қашан бастадыңыз? Нәтижесі қандай?

– Бас сүйекті ашпай ота жасау – тамыр нейрохирургиясы деп аталады. Облыста мұндай ота 2022 жылдан бастап қолданысқа енді.  Бұл –  өте киын және қауіпті.   Сол себепті ота жасау бір дәрігердің қолынан келмейді. Мұндай жағдайда отаны  бірнеше дарігер бірлесіп жасайды. Біздің командада менен басқа  Мақсат Мұсабеков  және  Айрат Жүнісов деген нейрохирургтер бар. Мен көп нәрсені сол кісілерден үйреніп жүрмін.  Соңғы екі жылда 150-ден астам науқасқа  ота жасалды. Соның 95 -97%-ы сәтті өтті.

– Қазақстан медицинасында инсультті интеллекті арқылы анықтайтын  құрылғы бар. Осы аппарат инсультті диагностикалауға қаншалықты тиімді?

– Жасанды интеллект негізінде инсультті автоматты түрде диагностикалайтын қазақстандық өнім біздің жұмысымызға көп көмегін тигізеді. Ол бас миында ишемия ошағының бар-жоғын анықтауға көмектеседі. Қарапайым сөзбен айтқанда, мидың қай аймағының өлгендігін  анықтап береді. Ишемия ошағы болмаған кезде көмек көрсетуді бастауға болады. Бұл тромболиз немесе тромбоэкстракция, яғни, тромбты жою операциясы. Сонымен қатар, мен барлық «CerebraAi» командасына көрсеткен көмегі мен медицинаға қосқан үлесі үшін алғысымды білдіргім келеді.  Мен оларды қолдаймын. Мүмкіндікті пайдалана отырып, үкіметтен осы бағдарламаға назар аударып, көмектесуін сұраймын. Өйткені ол сырқаттарға нақты  көмек көрсететін бағдарлама. Жасанды интеллект негізінде инсультті автоматты түрде диагностикалайтын қазақстандық өнімнің қызметін кеңінен тарату керек. Бұған шетелдіктердің өзі қызығушылық танытуда.

– Қан-тамырыңызда тромбы бар, тамырға қақ тұрған, қан тамыры  тарылған деп жатады дәрігерлер. Осының себептері не?  Қалай алдын алуға болады?  Омыртқа, жұлын, паркинсон сынды кеселдерді емдеу де   нейрохирургтың міндетіне жатады. Осы сырқаттардың орын алу себептеріне тоқталсаңыз. Бұларға шалдығушылар саны неге өсіп, жасарып барады?

– Оның себептері көп.  Атап өтсек,  шылым шегу, дұрыс тамақтанбау (майлы тағамдарды көп тұтыну,  физикалык белсенділіктің болмауы, артық салмақ, оған қоса тұқым қуалайтын аурулар) инсультқа апарып соғады. Мысалы, қант диабеті, артериалдық кеселде инсултқа шалдықтыруы мүмкін.   Сырқаттанудың алдын алу үшін осы жағдайларға жол бермеу керек. Спортпен айналысып, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Аталмыш кеселдердің саны неге  өсіп жатқанын  ешкім нақты айта алмайды. Менің ойымша, бұл кеселдер бұрыннан болған. Бірақ оларды дер кезінде анықтай алмаған. Қазіргі таңда медицинада көптеген өзгеріс-жаңалықтар бар. Жоғарғы технология  мен білікті мамандар пайда болған соң сырқат анықталып, халық оның не ауру екенін ұғынуда.

– Нейрохирургия саласына  керек аппараттар жеткілікті ме? Осы сырқаттарды емдеу үшін денсаулық саласының басшылығы тағы қандай жағдай жасауы тиіс?  Өздеріңіздің ем жасауға мүмкіншіліктеріңіз болмаған жағдайда қай аурухана мамандарымен кеңесесіздер?

– Қазіргі уақытта сырқатқа көмек көрсету үшін барлығы жеткілікті. Денсаулық саласының басшылығына айтарым, болашақта инсульттің алдын алу үшін скринингтік бағдарламалар жасау керек. Ол дегеніміз,  40-45 жастан асқан адамдарға жаппай КТ/МРТ диагностикасынан өткізген жөн. Диагностика қан тамырының жарылып кету қаупі барын көрсетеді. Сүйтіп, дәрігерлер тамырды жарылып кетуден сақтайды. Біздің мүмкіншілігіміз жетпеген кезде  Астана мен Алматы қалаларының мамандарымен кеңесеміз.

–  Аталмыш салаға қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті ме?  Ота, емнен кейін оңалту шаралары қалай ұйымдастырылған?

Дәрі-дәрмек жеткілікті. Оған қоса біз осы жылға тағы тапсырыс беріп қойдық. Біздің облыстық ауруханамызда оңалту бөлімшесі бар.  Оңалту шаралары жоғары деңгейде жүргізіледі.  Бөлімшеден жылына 100-ден астам науқас ем алады. Олардың ішінде аневризма және  бас ми қантамырына стенд қоямыз. Шалғай елді мекендерге барамыз. Бірақ ол жерде ангиограф аппараты жоқ.  Науқасты облыстық  ауруханаға жеткіземіз. Емді содан кейін жүйелі жүргіземіз.

– Ишемиялық инсульт кезінде қандай алғашқы  көмек көрсетілуі тиіс?

– Жоғарыда айтқанымыздай, ишемиялық инсульт жедел медициналық көмекті қажет етеді.  Атап айтқанда,  стационарлық көмекті мүмкіндігінше жылдам көрсету керек.   Инсультті тану кезінде және науқасты ауруханаға жеткізгеннен кейін ең алдымен мидың компьютерлік томографиясы қажет. Инсульттың екі түрі бар. Біріншісі–   гемморагиялық түр.  Ол  ми қантамыры жарылып, миға кан жиналу, яғни,  гематоманың пайда болуы. Екінші түрі – ишемиялық инсульт.  Ол қантамырлары тарылып, миға оттегі жетіспеушілігінің себебінен ми клеткаларының өлуі. Бұл – ишемия, некроз. Белгілеріне сөйлеудің бұзылуы, бас ауруы, аяқ-қол қозғалысының өзгеруі жатады. Үй жағдайында алғашқы көмек, «Жедел жәрдем» шақыру керек. Дәрігер келгенше  сырқатты орнынан қозғалтпаған жөн.  Мүмкіндігінше денсаулықты күтіп, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын сақтаған дұрыс.

Гүлжан ТҰРСЫН