Маскүнемдікті жеңетін тәсіл бар

Уақыты: 20.01.2024
Оқылды: 705
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ішімдікке салыну – өз еркіңмен  ақылыңнан алжасу. Тағдырды тәлкек ету. Өміріңді қор қылып, он екі мүшеңді дертке шалдықтыру. Ал адамның ерік-жігері мықты болса маскүнемдікті жеңуге болады. 

Бірақ ол үшін емделуші мен дәрігердің арасында келісім болуы керек. Яғни, бойын арақ билеген адам  наркологтың   кеңесіне құлақ түріп, айтқанын орындауы тиіс.  Науқас өзінің «маскүнемдікке» салынғанын мойындауы тиіс. Жалпы, араққұмарлық қалай басталады деген сұрақ әркімді  мазалайды. Сондықтан кәсіби маман ретінде алдымен осы сұрақ төңірегінде  ой қозғайын.  

Араққұмарлық әуестіктен басталады. Адам әр нәрсені сылтау етіп, ішуді мақсат етіп тұрады. «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, арақкештік  санаңды бағындыра алмаудан  бастау алады.  Көңіл көтеру мен  ашуды басудың  «емі»  бірте-бірте ішімдікке құмар етеді.  Мида «ішсем  жағдайым жақсарады» деген ой қылаң беріп тұрады.  Қазіргі заман тілімен айтқанда «компьютерге»  бағдарлама  жазылды. Қарапайым тілмен айтқанда әдетке айналады.  Ағзаны спиртті  ішімдік бағындырып алғандықтан  мас болу керек, ол үшін «тағы ішуім керек»  деген ой маза бермейді. Сондықтан мас болу үшін алдағыдан әлдеқайда көп ішуге тура келеді.  Кез келген сырқат асқынған соң бой бермей кететіні ақиқат. Арақкештік те  уақыт өте келе  дертке айналады. Адамның мінез-құлқы өзгеріп, ашушаңдыққа бой алдырады.  Мидың қызметі  бұзылып, ағза мүшесі  біртіндеп  «істен» шыға бастайды.

Адамның санасы қылмыс жасауға, өтірік  айтуға бейімделеді.  Яғни, маскүнемдіктің бірінші сатысына өтеді.  Алғашқы сатыда арақ ішу мөлшері көбейеді,  бірақ «бас жазбайды».  Ал екінші сатыда арақ ішу мөлшері көбейіп қана қоймай, «бас жазу» синдромы басталады. Арақ ішкен күннің ертеңінде  тағы ішпесе басы ауырады, жүрегі қысады.  Ішсе ауру белгілері басылғандай болады. Бірақ, 2-3 сағаттан соң ол өз күшін жойып, бас пен жүрек қайта қыса бастайды.  Маскүнем денедегі дірілді басудың  амалын қайта  қарастырады.  Күніне бірнеше  рет арақ ішкен адам маскүнемдіктің  үшінші сатысына қалай жеткенін өзі де байқамай қалады.   Кеселдің екінші кезеңінде арақкеш 2-3 литр араққа мас болса, енді жүз грамм ішімдікке де  мас болып қалады.  Маман ретінде айтарым, маскүнемдіктің  бірінші, екінші сатысында  емдеу қиындық тудырмайды.  

Өйткені бірінші кезеңде адамның тек ағза мүшелері зақымданғандықтан емдеу оңайға түседі. Ал үшінші сатыда оның ағзасымен қоса жүйке жүйесін,  яғни жан дүниесін де емдеуге  тура келеді.  Сондықтан біз ем жүргізгенде оның  қай сатыға көтерілгенін  анықтаймыз.  Науқас өзінің «маскүнемдікке» салынғанын мойындауы тиіс. Адамның өзінде емделем деген ниет болмаса ешқандай дәрі оған себеп болмайды.  Емдеудің де үш кезеңі бар. Бірінші, ағзаны ішімдіктен тазалау.  Екінші, психотерапияны қолдану арқылы  науқастың көңіл-күйін қалпына келтіру. Үшінші, спиртті ішімдікке  жиіркеніш тудыру.  Оны «кодтау», яғни  «код» қойдыру деп атайды.  Мүмкіндігінше  маскүнемдікті үшінші сатыға, яғни созылмалы түрге жеткізбей емдеткен жөн. Әркім өз өмірінің қожасы.

Мақсат  ЕРҒАБЫЛОВ,
облыстық наркология диспансері емханасының бөлім меңгерушісі
Фото: diapazon.kz