Қызылша қауіпті дерт

Уақыты: 21.01.2024
Оқылды: 689
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің  2023 жыл 1 қарашадағы «Қызылшаға қарсы санитарлық-эпидемиялық және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы»  №7 Қаулысы  шыққан, осы ресми құжаттың негізінде 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге  толған сәбилерді, сондай-ақ, қызылшаға қарсы профилактикалық иммундаудан қалыс қалған 30 жасқа дейінгі азаматтарды, медициналық қызметкерлерді қызылша жұқпасына жаппай иммундау науқаны  басталған болатын. Осы шараға  облыстың барлық ауданы мен қалалары біркісідей қатысып отыр. 

Біздің Талдықорған қалалық емханада жоғарыда көрсетілген нысаналы топтағы  сәбилер, медициналық қызметкерлер, 30 жасқа дейінгі азаматтарды қамту мақсатында 10728 адамнан құралған топ  қызмет көрсетуде. Арада өткен 2,5 айдың ішінде қызылшаға қарсы егу жоспары 70,6 пайызды немесе  7556 адамды құрады.

Медициналық көмекті жақсарту және ыңғайлы болу мақсатында екпеге жоспарланған адамдарды егу үшін тек бір ғана емхананың өзінде егу пункттері 5 жерде  жұмыс істеп тұр. Егу шарасы демалыс және мейрам кезінде де үздіксіз жұмыс істеуде. Қараша мен желтоқсан айларында ауа райының құбылмалы және суық болуына сәйкес 1 жасқа толмаған және 2-4 жас аралығындағы сәбилердің жіті респираторлы вирусты жұқпаларымен ауруына байланысты уақытша медициналық шектеулер болып, жоспарланған сәбилерді кешігіп егуге мәжбүр болдық.

Сонымен қатар, жылжымалы егу бригадалары да толығымен жасақталған. Олардың негізгі мақсаты – ұйымдастырылған мекемелердегі азаматтарды қызылшаға қарсы егу. Қызылша жұқпасының алдын алу мақсатында дәрігерлер мен орта буын медициналық қызметкерлер бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстарын белсенді жүргізіп отыр.  Азаматтарды үй-жайында қандай да бір жұқпаларға қарсы егуге санитарлық-эпидемиологиялық қағидалардың талаптары бойынша тыйым салынғанын ескертеміз. 

А. СМАЙЛОВА,
дәрігер-эпидемиолог
Фото: lada.kz