Оңалту орталығы дерттен сауықтырады

Уақыты: 23.01.2024
Оқылды: 950
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жыл өткен сайын экономиканың барлық салаларымен қатар денсаулық сақтау жүйесі де тың өзгерістерге бет бұрып  келеді. Денсаулық сақтау саласы үшін халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету – басты міндет. Бұл тұрғыда өңірде атқарылып жатқан жұмыстар, жаңашылдықтар да жетерлік. Мәселен, бұрынғы балалар, терапия бөлімі орналасқан 2 қабатты ғимаратта балаларға арналған оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр. 

Сарқан аудандық орталық ауруханасының директоры Алтай Шұлғаубаев орталықтың атқаратын қызметін бізге санамалап берді.  

– «Қамқорлық» орталығының қолдауымен Сарқан аудандық орталық ауруханасы аумағында орналасқан ескі балалар бөлімінің ғимаратынан жүйке жүйесінде ауытқулары бар балаларға арналған 15 орынды оңалту орталығын ашу жоспарланған. Жылына 600 баланың емдік шараларын жүргізіп, оңалту жоспарланып отыр. Орталық ауданаралық, яғни үш ауданның – Сарқан, Алакөл, Ақсу аудандарының балаларын невралогиялық оңалтуға арналған, – дейді ол.

Ғимарат 1972 жылы салынған. Жалпы ауданы 1245,6 шаршы метр. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 130 млн. теңге бөлініп отыр. Мердігер «ABS Electric» ЖШС. Қазіргі таңда нысанның 95 пайыз жұмысы аяқталды. Сырты көз тартарлық бұл орталықтың емдейтін ауру түрлері сан алуан. Атап айтқанда, ми сал ауруын, нейроинфекциялар, жарақаттар, бас-ми жарақаты, ми қан айналымының жіті бұзылуын және осы аурулардың, тағы басқа салдарын, даун ауруын, бұлшық ет дистрофиясын, туабіткен тыныс алу жолдарының ақауларын емдеп, жазуды мақсат тұтады.

Оңалту орталығындағы интерактивті бөлме, физиотерапия кабинеті, емдік дене шынықтыру залы, тұз бөлмесі, сенсорлық, шунгит бөлмесі, логопед, дефектолог, психолог, эрготерапевт, механотерапия, физиотерапия кабинеттері жүйелі жұмыс атқаратын болады. Осындай жауапкершілігі мол міндетті жүзеге асыратын 600-ден асатын медицина саласының қызметкерлері тұрғындардың денсаулығын сақтауға өз үлестерін қосады. 

Әрине, өңірдегі халықтың денсаулығын сақтауда қол жеткізген әрбір жетістікте алтын жүрек, шебер қолды дәрігерлердің әрқайсысының маңдай тері, ерен еңбегі, жоғары жауапкершілігі жатыр. Әлемде қанша мамандық болса, олардың әрбірінің адам үшін маңызы зор. Әйтсе де науқастың арашашысы болған ақ халатты абзал жандардың орны ерекше екені бесенеден белгілі.

Жақсылық ИГІМАН
Сарқан ауданы