"54 АДАММЕН БАЙЛАНЫСҚАН": КАРАНТИН КҮШЕЙТІЛСЕ ДЕ, НЕМҚҰРАЙДЫ ҚАРАЙТЫНДАР КӨП

Уақыты: 18.04.2020
Оқылды: 1470
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Jetisý medıa» ақпараттық алаңында «Алматы облысы бойынша COVID-19 инфекциясының ахуалы» тақырыбында брифинг өтті. Онда Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Бауыржан Ысқақ, облыс бойынша мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Кайрат Баймұхамбетов аймақтағы жағдай туралы мәлімдеді.

Бауыржан Ербозымұлы облыста коронавирус індетін жұқтырғандар саны 41 науқас болғанын айтып:

– Соңғы ақпарат бойынша 12 жағдай тіркелді. Оның бесеуі Кербұлақ, төртеуі Еңбекшіқазақ, үшеуі Іле ауданынан анықталды. Кербұлақ ауданында анықталған әйелдің 3 баласы және екі танысы бар.  Еңбекшіқазақ ауданындағы медициналық қызметкердің ұлы мен қызы, дәріхана қызметкерінің жақын туыстарынан екі кішкентай бала, ал Іле ауданында бір дәрігер, екі медбике жұқтырған, – деді.

Қайрат Қажыманұлы болса, ауырған кісілермен байланыста болған барлық адамды анықтап, оқшауланғанын жеткізді. Әлі де шектеу шараларына, карантинге қарамай халық өз денсаулығына немқұрайды қарайтындығын ескертті.

– Мысалы ауырған бір адамның өзі 54 кісімен байланыста болған. Екіншісі 34 кісімен. Сондықтан, халыққа айтарым үйде отырып, ешқайда шықпауы тиіс, бір-бірімен қарым-қатынасты тыю керек. Заңдылықты қатаң сақтап, тәртіпке бағынайық. Ауруханаға аса ауыр жағдайда ғана баруға рұқсат. Қалған жағдайда дәрігер үйде қарайды, – деген ол Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзектегі жағдайға тоқталды. – Карантиннің күшейтілген режимі енгізілді. Тұрғындар үйден шықпайды. Аса керекті жағдайда дүкенге, дәріханаға күніне бір рет бара алады. Дезинфекция жұмыстары жасалып жатыр.

Облыс бойынша стационарда 740, үй карантинінде 368 адам жатыр. Шектеу шаралары күшейтіліп, қоғамдық көліктер тоқтатылды. Сонымен бірге, екінші деңгейлі банктерді жабу жұмысары жүруде. Карантин нормаларын сақтамаған 221 адамға хаттама толтырылып, оның 194-і сотта қаралды. 4 млн.теңгеден аса айыппұл салынып, 2 адам әкімшілік қамауға алынды. Зерханалар мен мамандар үздіксіз қызмет етуде.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы