АДАМЗАТТЫ АЛАҢДАТҚАН ТӘЖ ВИРУСЫН ТЕК ТӘРТІППЕН АУЫЗДЫҚТАЙМЫЗ

Уақыты: 23.04.2020
Оқылды: 1032
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Адамзат тарихында миллиондаған адамның өмірін жалмап кеткен обалар аз болмағаны белгілі. Алайда ғылым мен техникасы дамыған, өркениеттің өріне шыққан бүгінгідей заманда жұқпалы індет барша әлемді осылай әбігерге салады дегенге сенудің өзі қиын. «COVID-19» індетінің таралуына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия жариялағанда мұны бекер даурықпаға санап, бей-жай қарағандар болғанын күнделікті ақпараттан көріп отырмыз.

Еуропаның ең озық мемлекеттері, азуын айға білеген АҚШ бүгіндері сол бейқамдықтың зардабын тартуда. Ал тәртіп пен реттілікке мойынсұнған Қытай халқы биліктің нұсқауларын бұлжытпай орындауының нәтижесінде қатерлі дертті ауыздықтай алды.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы шаралар дер мезгілінде қабылданып, пәрменді атқарылып жатыр деп есептеймін. Қатерлі індетті жұқтырғандар анықтала бастасымен, 16 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылғаны аурудың тез таралуына тосқауыл қойғаны анық. Елімізде індетпен күресуге қажетті медициналық мекемелер мен дәрігер мамандар дайындық қалпына келтіріліп, емдеу шараларын білікті атқаруда. 23 сәуірдегі дерекке қарап отырсам, «COVID-19» індетін 2135-тен аса адам жұқтырса, оның 515-і құлан-таза айығып шыққан екен. Ал қайтыс болғандардың саны 20 адам. Осы көрсеткіштің өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.

Бүгіндері аталған екі мегаполиспен қатар бірқатар облыстар да шектеу шараларын енгізіп отыр. Төтенше жағдайға байланысты өз жұмыстарын уақытша тоқтатқан кәсіпорындарға, кіші және орта бизнес нысандарына, жұмыс орындары жабылған азаматтарға мемлекет қоржынынан ауқымды қаржы бөлінді.

Табыс көзінен айрылған тұрғындар 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем ала бастады. Азық-түлік тапшылығын тартпау үшін қажетті шаралардың бәрі алдын-ала ойластырылып, жасалуда. Қатерлі дертпен күн сайын бетпе-бет келіп, науқастарды емдеп жүрген дәрігерлерге бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп отыр. Осындай күрделі жағдайда еліміздің қарулы күштерінің арнайы бөлімдері ортақ іске өз үлестерін қосып, майданның алғы шебінен көрініп келеді.

Бір сөзбен айтқанда, бүгіндері барша қазақстандық қауіпті қатерге қарсы жұдырықтай жұмыла күресу үстінде.

Біздің жас мемлекетіміздің өз азаматтарына осыншалықты қолдау көрсетіп отырғаны көңілімізге сенім ұялатады. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемді әлекке салған қатерлі дерттің алдын-алуға қатысты қабылдаған шаралары жұртшылық қолдауына ие болды. Президентімізге, коронавирусқа қарсы күреске қаржылай көмектерін құйып жатқан азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.

Дүниені дүрліктірген қатерлі дертті тек бірлігіміз бен тәртіптің арқасында ауыздықтай аламыз. Барша қазақстандықты сындарлы сәттен сүрінбей өтіп, болашағымыздың іргетасын бекем етуга шақырамын!

Едіген ЖҮНІСБЕКОВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы

Сурет ғаламтордан алынды