КОРОНАВИРУС ПЕН ЕСІРТКІДЕН ҚОРҒАЙТЫН БЕТПЕРДЕЛЕР ТАРАТЫЛДЫ

Уақыты: 22.08.2020
Оқылды: 1262
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының полицейлері "Есірткіге жол жоқ" атты арнайы белгісі бар бетперделер таратты. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Коронавирустық пандемия басталғалы Алматы облысының полиция қызметкерлері облыс тұрғындарына 7000-нан астам медициналық бетперде үлестірді. Тұрғындар тарапынан осыған ұқсас іс-шаралар қолдауға ие және бастаманы құптап, тәртіп сақшылары таратқан бетпердеден өздеріне және жақындарына да алады.

Кезекті акцияны Алматы облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткізді.

- Қазіргі карантин жағдайында акциямыз екі мақсатты көздеді. Ең алдымен, жас ұрпаққа есірткінің зияны туралы жеткізу, сондай-ақ, коронавирустық инфекция таралуының алдын алу. Бетперделерде стоп-есірткі логотипі бар, - деп түйіндеді Алматы облысы ПД ЖПБ бастығы, полиция полковнигі Қазбек Мұхамедов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"