ҚАРҒАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРІ КОВИДТІҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫНА ДАЙЫН

Уақыты: 10.12.2020
Оқылды: 1003
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қарғалы ауылындағы аудандық аурухана жақын маңдағы Қасымбек, Үмбетәлі және Шолаққарғалы ауылдарын қоса алғанда 40 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді.

Аталған емдеу мекемесінің коронавирустың екінші толқынына дайындығын білу үшін директоры Дархан Сыбанбаевқа жолықтық. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлінуде. Одан Қарғалы ауылының аудандық ауруханасы да тыс қалған жоқ, қажетті дәрідәрмекпен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Бұл ауруханада биылғы жылы елімізде коронавирус өршіген кездері Жамбыл және Қарасай аудандарының аяғы ауыр әйелдері мен босанған аналарға арналған жетпіс төсектік бөлім жасақталып, сол уақытта мұндағы қызметкерлер көптеген жанға дәрігерлік көмек көрсеткен. Шүкір, өлім-жітім болмапты. Қазіргі кезде мұнда бұрынғысынша, терапия, гинекология және перзентхана бөлімдері жұмыс істейді. Перзентханада жылына мыңға жуық сәби өмірге келеді. Сондай-ақ, ковидке ұқсас өкпе қабынуларына ұшырағандарды да емдейді. Емдеу мекемесінде 50 төсектік орын бар. Барлығы 330 адам жұмыс істейді. Оның 225-і медбике, 50 шақтысы дәрігер, қалғаны қосымша қызметкерлер. Кадрмен толық қамтамасыз етілген.

– Қарғалы ауылының аудандық ауруханасының екінші толқынға дайындығы тиісті деңгейде жүргізілді, – дейді Дархан Әріпұлы. Оның айтуынша, ауруханада бүгінде 70 миллион теңгенің GOVIDті емдеуге қажетті дәрідәрмек қоры дайын. Індетпен нәтижелі күрес жүргізуде ең алдымен медицина мамандарының ауру жұқтырмауы аса маңызды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан медицина қызметкерлерінің қорғаныш киімдерінің барлығы берілген. Мамандар бірінші толқыннан өздеріне тәжірибе жинапты. Төтеден келген белгісіз індетпен бетпе-бет келгенде бастапқыда қарғалылық ақ халаттылар да қатты сасқан.

– Індеттің өршуі енді қайталанбай-ақ қойсын деп тілейміз, әрине. Енді қайталана қалған жағдайда Қарғалы ауруханасының мамандары не істеу керектігін біледі, – дейді оның бас дәрігері. Оған қажетті дәрі-дәрмек қорымен бірге құрал-жабдықтар да сақадай-сай тұр. Ауруға ең алғаш көрсетілетін ем-дом шараларынан бастап әрбір сырқаттың сараптама нәтижесі мен жалпы денсаулық жағдайына қарай жеке-жеке ем тағайындалады.

Осында облыстан бөлінген өкпені жасанды желдету аппаратының он шақтысы бар. Тағы осындай онға тарта аппарат гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген. Сонымен қатар орталықтандырылған түрде орнатылған 35 орынға арналған оттегі нүктелері бар.

– Облыстың бас дәрігері Өмірзақ Әбілсейітұлына рахмет. Оның тікелей басшылығымен аудандарға көмек-қолдау беріліп жатыр. Жақында ғана жылжымалы рентген аппараты көлігін алдық. Бұл жағдайы ауыр науқастарды арыбері тасымалдап әурелемей, жатқан орнына барып түсіру үшін өте тиімді, – дейді Дархан Сыбанбаев.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды