ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ТУҒАН СӘБИЛЕРГЕ ӘКІМДІК ЕРЕКШЕ СЫЙ ЖАСАДЫ

Уақыты: 16.12.2020
Оқылды: 1452
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында Тәуелсіздік күні 150 сәби дүниеге келеді деп күтілуде. Бұл туралы Алматы облысының "Жетісу-медиа" ақпараттық алаңы хабарлады.

Алматы облысында 16 желтоқсан күні туған сәбилерге ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы логотипі жазылған орама көрпе үлестіріліп жатыр. Ұлық мерекедегі бұрын-соңды болмаған ерекше бастаманы Алматы облысы әкімдігі жүзеге асырды. Дәл осы айтулы күні өмірге келген сәбилердің 10-ы Талдықорған қаласында.

- Жаңа туылған нәрестелердің ең көбі - Қарасай және Іле аудандарында тіркеледі деп күтілуде. Жоспар бойынша бұл өңірлерде айы-күні жетіп отырған 30 шақты ана бар. Атап өтсек, жыл сайын облыста бала туу көрсеткіші артып келеді. Жалпы, жылына 50 мыңға жуық сәби дүние есігін ашады, - дейді Алматы облыстық перинаталдық орталық басшысы Қанат Жұмашев.

Шыр етіп, дүниеге келген нәрестенің үнін есту анаға да, дәрігерге де үлкен бақыт. Міне, осындай бақытты сәтті бастан кешіріп, Ескелді ауданында 3, Кербұлақ ауданында 4, Сарқан ауданында 10 әйел тура 16 желтоқсан күні ана атанып отыр. Олардың сөзінше, бұл жай сәйкестік емес. Отбасылар үшін маңызы зор қуаныш. Енді олар  қос мерекені қатар тойлайтын болады.

- Тәуелсіздік күн жыл сайын біздің шаңырақ үшін қастерлі мереке саналатын. Бүгіннен бастап тағы қуанышымыз еселеніп жатыр. Қатарымыз толығуда. Барлық қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын. Осындай алаңсыз күндеріміз көп болсын. Осы ретте облыс басшылығына алғыс білдіргім келеді. Өңірдегі демографияға көп көңіл бөліп, қолдау танытып, жағдайымызды жасап беріп жатыр.  Ақ халаттыларға да рахмет!, - деді жас ана Ақбота Солтанбек.

Ал сарқандық көпбалалы ана Назгүл Ерғалива осы күні 7-ші сәбиін босанды. 35 жастағы ана Тәуелсіздік күнінде туған ұлым отбасымызға үлкен үлкен сый болды дейді.

- Күтпеген жағдай болды. Тұп-тура 16-сы күні босанам деп ойламаппын. Өзім осы орталыққа порталмен келгем. Айым-күнім жетіп, осы мейрамға бұйыртыпты. Қуанышымда шек жоқ. Шүкір, қазір 4 қыз, екі ұлым бар. Әкесі де, бауырлары да қатты қуанды. Енді біздің отбасы қос мерекені бірге атап өтетін болады, - деп өз ойымен бөлісті жас ана.

Жалпы, жыл басынан Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталықта 6050-ден аса сәби дүниеге келген. Орталық директорының айтуынша, биылғы жылы бала туу көрсеткіші жоғары. Өткен жылдың 12 айында 6600 ана босанса, жыл соңына дейін 7000-ға жетеді деп күтіліп отыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"