БАРЛЫҚ АНАЛИЗДІ ТЕГІН ТАПСЫРУҒА БОЛА МА? ЕҢ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

Уақыты: 20.12.2020
Оқылды: 1195
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) филиалы медициналық қызмет сапасына мониторинг жүргізу бөлімі тұрғындар тарапынан жиі түсетін сауалдарды сұрыптап, ең жиі көтерілетін мәселелерге жауап берді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады. Төменде зертханалық сараптама жайлы сауалдарға толыққанды жауап ұсынылған.

– Зертханалық сараптамаларды (анализ) қалай тегін тапсыруға болады?

– Профилактикалық тексеріп-қарау кезінде немесе дәрігер диагнозды нақтылау үшін қажет деп санаған жағдайда зертханаға сараптама жасау үшін жолдама береді. Дәрігерлер бұны сараптамаға арналған көрсетілімдер деп атайды.

– Зертханалық талдауға жолдаманы қайдан алады?

– Профилактикалық қарау кезінде жолдаманы учаскелік дәрігеріңіз береді. Ал көрсеткіштерді бейінді маман немесе учаскелік маман береді.

– Профилактикалық қарау кезінде қандай талдауларға тегін жолдама алуға болады?

– Жалпы қан талдауы, копрограмма, холестерин, қант деңгейін биохимиялық қан талдауында анықтау, флюрография, гемокульт-тест, есту мен көру қабілетін тексеру.

– Көрсеткіштер болған жағдайда қандай талдаулар тегін болмақ?

– Ультрадыбыстық талдаулар, биохимиялық қан талдауы, рентгенография, туберкулез таяқшасын қақырықтан анықтау.

– Қай санаттағы азаматтар қымбат тұратын талдауларға тегін жолдама ала алады?

– Жүкті әйелдер, 18 жасқа дейінгі балалар, жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтар, мүгедек жандар, Алтын, Күміс алқа төсбелгісімен марапатталған көпбалалы аналар, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққан науқастар МРТ, КТ, ПЦР, генетика секілді қызметтерге тегін жолдама алады.

– Жолдама берілмейтін де жағдайлар болады. Оның себебі неде?

– Себебі, тиісті көрсеткіштер болмағандықтан. Егер көрсеткіштер нақты болып, қандай да бір медициналық қызмет көрсетуден себепсіз бас тартса, медициналық сақтандыру қорының халықпен жұмыс жасау департаментіне 8-7172-647-035 телефонына қоңырау шалуға болады. Қордың fms.kz сайтындағы халықтық бақылау бөліміне өтініш қалдыра аласыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"