Келелі мәселелер көтерілді

Уақыты: 11.12.2017
Оқылды: 1387

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң АХМЕТОВ әр ауданнан келген тұрғындарды, мемлекеттік қызметкерлерді қабылдап, сол өңірдің мән-жайымен танысты. 

Әр ауданнан, қаладан келген он бір тұрғын Жайсаң Ахметовке ойларын ашық айтып, тұрып жатқан жерлеріндегі айтулы мәселелерге тоқталды. Сол  өңірдің басшылары да кем кетіп жатқан тұсты болашақта қолға алатындықтарын алға тартты. Кей істерге қаржының жетпейтіндігі де сөз болды. Ахметовтың қабылдауында болған Текелі қаласындағы №3 орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Дина Аманбайқызы  қалада балалар ойнайтын жердің жоқтығына, ал барларының ескіріп, тозғандығын айтты. Кеңес кезінен қалған алаңқайлар жөндеу жұмыстарын көрмеген. Сол жерде отырған Текелі қаласының әкімі Бақтияр Әлтайұлы осы мәселе бойынша қаржы тапшылығының қолбайлау болып отырғандығын жеткізді. Бүгінде қаланың қалталы азаматтарынан және облыстық бюджеттен қаржылай көмек күтіп отырғандығын айтты. 
Осы тұрғыда Жайсаң Ахметов әр ауданның басшыларына жеке-жеке тапсырма беріп, келешекке жоспар құрды.  
– Жылына үш-төрт рет келіп, қабылдау өткіземіз. Халықтың шешілмей жатқан мәселелері болса бақылауға аламыз. Заңды болса сол жерде көмек көрсетеміз. Әкімдердің қалай жұмыс істеп жатқандықтарын қараймыз. Елге қалай жұмыс істеп жатыр, соны бақылаймыз. Елбасының тапсырмасы дұрыс орындалып жатыр ма, міне, осындай мәселелер бойынша қабылдау ұйымдастырып отырмыз, – деді Жайсаң Ахметов. 
Осы орайда Талдықорғаннан үш, Ескелді мен Көксу аудандарынан үш және Текелі қаласынан екі тұрғынның мәселелері қаралды.   

Серік ҚАНТАЕВ.