Желтоқсан желі ызғарлы

Уақыты: 13.12.2017
Оқылды: 1131

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Нұр Отан» партияcы облыстық филиалының мәжiлic залында салтанатты жиын өтті. Шарaға мәcлихат депутаттары, партия ардагерлері мен белcенділеpi, үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерi, «Жаc Отан» ЖҚ белcендiлеpi қатысты. 

Алдымен Желтоқсан оқиғасы туралы деректі фильм көрcетiлді. Онда елі мен жері үшін жан қиған жастардың жанкешті сәттері бейнеленді. Азаттықтың ақ жолына барын салып, еркіндікке қол жеткізу үшін алаңға шығып қарсылық танытқандардың ерлігі мен өрлігі жүрек тебірентті. Жазықсыз жала жабылып, темір торға тоғытылып, аяусыз соққыға жығылғандардың көрінісі көзге жас үйірді. Желтоқсан оқиғасы мен тәуелсіздік жайлы сөз қозғаған «Нұр Отан» партияcы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев өңір басшысы Амандық Баталовтың арнайы құттықтауын жеткізді. Баяндама оқып, тарих қойнауына енген елеулі оқиғаларды назарға ұсынды. Мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін тілге тиек етіп, Елбасының ерен еңбектерін сөз етті.
– Желтоқсан оқиғасы халықтың ар-намысына сын болды. Көптеген жастарымыз, мыңдаған азаматымыз қаһармандық танытып, елімізді тәуелсіздікке жетеледі. Қазіргі кезде татулық пен бірлікті сақтауға, жастарға тәрбие беруге «желтоқсандықтар» өз үлесін қосуда, оларға біз алғысымызды білдіреміз, – деген  Ғалиасқар Төлендіұлы Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Қайрат Рысқұлбеков сынды қайсар жастардың ерлігін мысалға келтірді.
Келесі кезекте облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, партияның республикалық саяси кеңесінің мүшесі Атсалим Идигов, «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермұхан Жүнісхан және самбодан Азия чемпионы Динара Жұмабаева жүрекжарды лебіздерін айтып, құттықтауларын арнады. Басқосу барысында партия қатарына жаңадан қабылданғандарға партиялық билет ұсынылды. Сонымен қатар, партия белсенділері арнайы Алғыс хатпен марапатталып, «Жас Ұлан» және «Жас қыран» қатарына қабылданған Талдықорған қаласындағы №13 орта мектебінің озат оқушылары ант берді. Оларға арнайы төсбелгілер табысталып, үлкен сенім артылды. 
Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды. 

Мәулен Әнербай.