Намыстан туған туынды

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1117

Ол әуелден ұлтының намысы үшін күресті. Халқының соңына тіркелген одағай да оғаш сөйлемдерді жаны қаламады. Нәсілі асыл жаратылыстың маңдайын күйелештеп, ақ жүзін әлеміш етіп жатқандарға сесті көзбен қарап қана қойған жоқ, көмейге келген  сөзін, ақиқатын бүкпесіз айтып, бел бермеді. Сондай күрескерліктің көрінісін белгілі кинорежиссер Юрий Озеровпен болған оқиғадан көруге болады.

Озеровпен бірге «Москва үшін шайқас» фильмін түсіріп жатқан. Кинорежиссер оған келіп: «Қалдыбай, шағын эпизодқа бола Алматыдан актер шақыртпай-ақ қояйын, солдаттың рөлін өзің сомда», – деп қолына сценарийді ұстатқан. Оқып шыққанда нарттай қызарып, намыстанған ол ұстазына: «Юрий Николаевич, Қазақстанда жасақталған Панфилов дивизиясы Москваны фашистерден қорғап қалғанын, әлемге әйгілі 28 батырдың төртеуі қазақ екенін жақсы білесіз. Бұл рөлді ойнаудан бас тартамын!», – деп кесіп айтады. Ұстазы бір апта бойы сәлемдеспей жүріп, кенеттен күрт өзгеріп: «Қалдыбай, мен сол эпизодты қайта жаздым», – деп қолына жаңа сценарийді ұстатқан. Жарты беттік көлемдегі жазуды оқып шығады да, қан жүгірген жүзін ұстазына бұрып: «Осы рөлді сомдауға дайынмын!», – дейді... Түсірілім басталды. Қазақ солдаты жау танкісіне қарсы жүріп, қолындағы қос гранатаны лақтырады. Танкі отқа оранып, солдаттың өзіне де оқ тиіп жер құшады. Озеров пен оператор Черных қол соғып: «Қалдыбай, бәрі де нағыз соғыстағыдай болды», – деп шаттанады. Бұл рөлде ол қазақ солдатының ерлігін көрсетіп, өзі де ұлт намысы үшін ерлік жасаған болатын.
Қалдыбай Әбенов институт қабырғасында жүріп он фильм түсірген. «Танысайық», «Сенім» атты фильмдері Мәскеу мен Карловы Варыдағы халықаралық студенттер фестивалінде дипломант атанып, оны құрметке бөлеген. Ал, Озеров болса оны курсындағы студенттеріне үнемі үлгі етіп, «Фильм түсіруді мына отырған қазақтың баласынан үйреніңдер. Қалдыбай менің классигім!» – деп бағалайтын болған. Тіпті, Қалдыбай үшінші курста оқып жүргенде ары қарай оқымай-ақ қойса болатынын айтып, аталған екі фильммен-ақ диплом қорғай алатындығын ескертеді. Оған қоса Горкький атындағы киностудияға жұмысқа алдыра алатындығын да жеткізген. Бірақ Қалдыбай ұстазына институтты бітіріп, «Қазақфильмінде» ұлттық киноны көтерсем деген ойын ашып айтқан-ды.
Қ. Әбенов 1985 жылы дипломдық жұмысын Алматыда түсірді. Фильмді «Қақтығыс» деп атады. Бұл туынды 1986 жылдың 17-сәуірінде атақты режиссер Станислав Ростоцкий жетекшілік еткен мемлекеттік комиссияның талқысына түсіп, жоғары бағаланды. 
...Арман қуған талантты режиссерді «Қазақфильмі» құшақ жая қарсы алмады. Алты ай жұмыссыз жүріп, тек «Қазақфильм» студиясы директорының орынбасары Серік Қолдауовтың қолдауымен құжаттарын қабылдатты. Алайда, арада көп уақыт өтпестен Желтоқсан көтерілісі де бұрқ етті.
Қазақ жастары намысқа мініп, жаңа басшыны қабылдамай алаңға шыққанда Қалдыбай да қалың топқа қосыла кетеді. Қас пен көздің арасында алаң жалынды жандарға лық толған. Горбачевтың «жариялылығына» сенген жастар өз талаптарын қояды. Бірақ, 14 қарашада Қазақстан Киногерлер одағында студент кезінде түсірген фильмдерінің тұсаукесерін өткізген Қалдыбай, бір айға сұрап алған туындыларын Мәскеуге қайта апарып беру үшін күні бұрын ұшаққа билет алып қойған болатын. Ұшар уақыт – кешкі сағат 18.00. 
Ертеңіне Мәскеу де абыр-сабыр күйге түскен. Алматыда «бұзақылар», «нашақорлар», «маскүнемдер», «ұлтшылдар» алаңға шығып, орыстарға тиісіп, балаларға зәбір көрсетіп, орыс әйелдерін сабап жатыр деген «лақпа» әңгімелер гу-гу етіп, Қалдыбайдың да құлағына жетеді. Алайда намысшыл қазақ оның ақиқат емес екенін анық білетін. Мәскеуден келгенде таныс режиссер алдынан шығып, Қалдыбайға «Қазақфильмі» бірнеше студияға бөлініп жатқанын, оның қайсысына баратынын сұрайды. Осылай құлағдар болған ол мұны түбегейлі ұғыну үшін Мұрат Әуезовке барғанда, асылдың сынығы режиссерлердің жеке студия ашқысы келетінін және ондай ниеті болса Қалдыбайға да жобасын дереу жасап алдына алып келуін тапсырады. Сөйтіп, біраз тер төгу арқылы «Мирас» студиясын ашқан Әбенов бірқатар туынды түсіреді. Алайда жүрегінің түкпірінде жатқан жалғыз арманына қол жеткізбей қанағат табар жайы жоқ. Ол – Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын ашып, болашаққа шындықты жеткізу ғана болатын.
...Иә, Қалдыбай Әбеновтің бұдан кейінгі «жанталасы» мен жеңісі көзі қарақты жандарға таңсық болмауы тиіс. Ол Мәскеуден Александр Левшинді шақырып алып, оған Желтоқсанның ақиқатын бүкпесіз көрсетіп, боздақтарды, желтоқсаншы қазақ жастарын жалған жала, арсыз айыптан ақтап алу үшін фильм түсіретіндігін айтады. Осы жолда тынбай ізденіп, алаңға шыққан студенттердің секемденуіне қарамай олармен жасырын кездесіп, ақпар жинайды. Колбиннің репрессиясы жүріп жатқан қысталаң кезде сөйлесуге құлқы болмаған жастардан «тіл» алу үшін аянып қалмады. «Мирас» киностудиясының фильмді түсіруге мүмкіндік бермейтіндігіне көз жеткізген соң жаңадан «Барыс» киностудиясын ашады. 
Ауыр жұмысқа білек сыбана кіріскен талантты режиссер болашақ туындысын Желтоқсаншыларға Алла жар болсын деген ниетпен «Аллажар» деп атауды жөн көрген. Сөйтіп, Левшин екеуі бұл туындының екі серияға арналған сценарийін жазып бітіріп, түсіруге кіріседі. Алайда, бірқатар сынақ, тосқауыл мен қаржының тапшылығынан фильм бірден түсіріліп, көрерменге жол тартқан  жоқ.
«Қайтсем де ақиқатты болашақ алдында айшықтаймын» деген мақсатты бек ұстанған Қалдыбай КГБ-нің киліккен кезінде де, одақтас елдердің ыдырап, өнер тұрмақ өз басына қамқорлық болмай қалған уақытта да «Аллажарды» түсіруден бас тартпады. Жан-жақтылы қыспақ қабырғасын қайыстырса да Желтоқсанда зардап шеккендерге фильм арқылы мәңгілік ескерткіш орнатуды мақсат тұтты.
 Қазақтың қызыл қаны қасат қарды нарттай қылу арқылы жалын мен намысы тоң жібіткен шақта, азат мемлекет боп саналған тұста «Аллажар» фильмі де дауысталып, түсіріліп біткен болатын. Оны тамашалаған өнер қайраткерлері мен Мұхтар Шаханов, Иманғали Тасмағанбетов сынды бірқатар Алаш азаматтары тебіреніп, Қалдыбайдың еңбегіне сүйсінген. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатарынан екі мәрте тамашалап шыққаны да Қалдыбай ерлігін айшықтаған қаламгерлер жазбасында бар дерек. 
Жүрегінде ұлттық намысымен тамырында қазақы қаны бар әрбір азамат «Аллажар» фильмін көргенде көзден нұр, көкіректен шер саулатады. Қара дауылдай борап келген саясатқа қара нардай бел бермей қарсы тұрған кешегі аға-әпкелеріміздің, «боз даланы қазақтың боз баласы ғана басқарады» деген сертке адал болған боздақтардың ерлігіне Тәуелсіз елдің әр перзенті қарыздар екені сонда тағы бір мәрте санада жаңғырады. Сонда барып ақиқаттың ашылуына жаны қалмай еңбек етіп, таудай сынақтарды еңсерген Қалдыбай Әбеновке деген құрметің еселенеді. Өмір мен өнер саласында еңсесі биік болған режиссердің намыстан туған туындысы желтоқсаншыларға қойылған ғұмырлық ескерткіш болса, Әбеновтің өзі ақиқатты айшықтау жолында боздақтардай ерлік істеген Алаш азаматы екенін «Аллажар» фильмін көріп отырып мойындарың да хақ!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.