Бақыт таңы

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1027

Жанға батса кім қалады аянып,
Жалын жастар бейне жейхун-дария.
Жол шетінде ақ таяғын таянып,
Жылап тұрды ақ сақалды қария.
Аман ба екен нұр баталы абыз-қарт?!

Буырқанса ел әділеттік іздеген,
Бір ғана алаң тарлық етер сірә да.
Бір Алладан медет сұрап мінбеден
Бата берді ақ жаулықты бір ана.
Аман ба екен ақ тілеулі кейуана?!

Бір жас ұлан жарқ етті елең еткізіп,
Зор үнімен қайырғандай түндікті.
Жеті-ақ ауыз сөзбен айтып жеткізіп,
Жетпіс жылда айтылмаған шындықты.
Аман ба екен жаны жайсаң азамат?!

Кіл жүйріктің құлағында ойнаған,
Жауға шапқан қыздар аз ба даламда?
Бір жас ару жанары оттай жайнаған,
Бір топ қызды бастап келді алаңға.
Аман ба екен сол аяулы қарындас?

Кетпесін деп мынау бейбіт Отаннан,
Биіктерге тіктік бақыт жалауын.
Барыс жылғы Желтоқсаннан от алған,
Мәңгі өшпесін азаттықтың алауы
Аман болып ақ жүректі еліміз!

Берікбол СЫДЫҚ.
Талдықорған қаласы.