"Жетісудың" желтоқсандағы жетістіктері

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1156
Жұдырықтай жүректі қазақ руханиятының шырағданын одан әрі маздатуға арнаған әр қаламгердің, әр журналистің есімі мен еңбегі тарих бетінде бедерленері шүбәсіз. Олар толайым табысқа кенелмесе де келешек ұрпақтың «жан азығын» қамдап жүрген бір-бір қайраткерлер секілді елестейді. Ақпарат айдынында тау-тау толқынды жылдарды артқа тастап, сан басылым жете алмаған ғасыр аралына жеткен «Жетісу» газеті де ұлттық рухы мол шынайы талант иелерін үкілеп, қайраткерлерді қалыптастырған ата басылымдардың бірі.
Арғысы Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған, бергісі қазақ әдебиетінің «мұзжарғыштары» жанайқайы мен қуанышын жұртына жолдаған басылымның журналистері биыл да биік белестерден көрінді. Айталық, әр жазған тағылымды туындысымен зерделі қауымның зейінін кеңейтіп келе жатқан «Жетісу» газеті редакциясының меңгерушісі Қуаныш Тұнғатар «Ақжол» демократиялық партиясының ұйымдастыруымен өткен «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауында «Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер» атты номинация бойынша жүлделі ІІІ орын иегері атанып, «Алаштың ақ жолы» байқауының лауреаты» төсбелгісімен марапатталды. Ал қазақ поэзиясында өзіндік сарынымен, нәзік те нәркес иірімді жырларымен танылған әріптесіміз Мақпал Мыса дәстүрлі өтіп келе жатқан «Алтын Тобылғы» байқауында топ жарып, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мақсаттарды жүзеге асыруға арналған «Туған ел» арнайы тақырыптық номинациясының бас жүлдегері атанды. Енді, міне, «Жетісудың» қуанышы тағы да еселеніп, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында  облыс әкімі жүлдесі үшін болған «Самғау» журналистер премьясында Қуаныш Абайбекұлы І орынды, руханият бөлімінің меңгерушісі Алма Есенбаева мен басылымның фототілшісі Жұмабай Мұсабеков жүлделі үшінші орынды иеленіп, ғасырдың төріне қадам басқан «Жетісудың» мәртебесін тағы да асқақтатты. Ұлт мерекесі қарсаңында мерейімізді тасытқан әріптестерге шалқар шабыт тілейміз!
 
«ЖЕТІСУЛЫҚТАР».