Ата-баба аңсары

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 2015
Сіз үшін тәуелсіздік деген не? Мүмкін, тыныштық орнаған бейбіт елде өмір сүру, аспанымыздың ашық болуы және ешкімге бағынышты болмау шығар.  Әрине, тәуелсіздікті әркім өзінше түсінеді. Себебі, бір ғана сөздің астарында ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы төккен тері мен қаншама боздақтардың көз жасы жатыр. 
Ал менің түсінігімде бейбіт аспан астындағы әр күнім – тәуелсіздік. Егер тәуелсіз ел болмасақ, бүгінгі азат күнді арман етер едік. Демек, әр атқан таңымыз бен қолдағы барымыз үшін тәуелсіздікке тағзым етуіміз керек.
Бұл күнге жету жолында қазақ еліне сан мыңдаған жыл қажет болды. Уақыт та бейбіт күнге ұмтылған қайсар халықты еш аяған жоқ. Қиындықтары мен бұралаң жолдарын бірінен соң бірін дайындап отырды. Халқымыз талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайта түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып қойды. Кешегі тарихқа көз жүгіртсек, аумалы-төкпелі заманда ел іргесі берік болу үшін отқа да, суға да түскен батырлар мен бар білімі мен жігерін ел тәуелсіздігі жолында сарп еткен көреген басшылар елдігімізді мәңгі етті. Жиырма алты жыл. Бұл адамның нағыз кемеліне келіп, тың дүниелер тудыратын, жалынды әрі жас шағы. Қазақстанның да қол жеткізгенінен гөрі жеткізері көп. Қалықтаған жас қыран қанатын енді кеңге жайып, биіктерді бағындыруға ұмтылды. Аз ғана уақыт аралығында алпауыт елдермен терезесі тең дәрежеге жеткен қайсар елдің бағындырар биігі әлі алда.
Олай болса, ата-бабамыздың асқақ арманына қолымыз жеткен бұл күн – ұлы күн. Мерейлі мереке құтты болсын! Тәңір берген тәуелсіздігіміз мәңгі әрі мәнді болсын деген жаңа ғасыр ұрпағының жүрекжарды тілегімен аяқтағым келеді. 
 
 Айым ЕРКІН,
№19 орта мектеп-гимназиясының
11-сынып оқушысы.