Ақиқат айтылмай қалмайды

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1049
Желтоқсан оқиғасының ел тарихындағы орны мен мәні жөнінде аз айтылған жоқ. Бұл турасында тарихшылар, саясатшылар, көтеріліске қатысушылар тарапынан таратып айтылған, сарапқа салынған. Бүгінгі сөзіміз осынау ұлы оқиғаның «Жетісу» газетінің ұжымына қандай қатысы болды деген тұрғыда болмақ.
Ол кезде Алматы облыстық «Жетісу» газетіне редактор қызметіне тағайындалғаныма бір жарым жылдай ғана уақыт болған. Алдымызға қойған жоспарымыз да, жасамақ жұмыстарымыз да көп еді. Желтоқсан оқиғасы соның бәріне өзінің түзетулерін енгізіп кетті емес пе? Біз бұл оқиғаның ерекшелігін бірден аңғардық. Бұл біздің сәуегейлігіміз де, кемеңгерлігіміз де емес. Керісінше, оны аңғармау кещелік болар еді. Жастардың көшеге шыққанын естіген соң-ақ оны өз көзімізбен көргіміз келді. Ол кезде редакциямыз көкбазардың қарсысында, тоғыз қабатты үйдің бір қабатын облыстық орыс тілді «Огни Алатау» газетімен бөлісеміз. Оның редакторы Надежда Ғарифуллинаға хабарласып: «Көшеге шыққан жастарды көрейік?» – дедім. Ол бірден келісті. Оған хабарласудың да жөні бар: обкомның бюросына бірге барамыз, бірге отырамыз, ресми материалдарды қалай, қанша көлемде беретінімізді бірге шешіп аламыз. Оны бізден обком да талап етеді, бір-бірімізден озбауымыз да, қалмауымыз да керек. Жеке өзім ғана көрсетсем, ертең неге айтпадың деп өкпелейді.
Жастарды Карл Маркс (қазіргі Қонаев) көшесінің бойынан кезіктірдік. Жүз шақты адам Ғылым академиясы жағынан төмен түсіп, бар дауыстарымен Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін айтып келеді. Арасында қыздардың көп екеніне таңданғанбыз. Тіпті, мектеп оқушылары бардай көрінді. Оларды қызыққа ерген балалар шығар дегенбіз. Бізге көңіл аудармады. Біраз жоғары көтеріліп, қастарынан қайта өткенімізде, біздің өздерін көргелі жүргенімізді аңғарып, ашуланғаны болуы керек, екінші болып келе жатқан Ғарифуллинаның мәшинесіне таяқ лақтырды. Редакцияға келгенімізде әріптесім бұған қатты ренжіді. «Неге сіздің мәшинеңізге емес, менің көлігіме лақтырады?!» – деген. «Олар сенің татар екеніңді аңғармай, орыс деп қалған ғой», – деп әзіл қосқанымызды қабылдамады. Осыдан-ақ Желтоқсан мәселесінде жолымыз қосылмайтынын аңғарғанбыз.
Сол күні түнде атақты республикалық партия-шаруашылық активі өтті. Түнгі сағат 2-де! Ертесіне 18 желтоқсан күні Медеу аудандық партия комитетінде нұсқау бойынша әр мекеме, кәсіпорындардың басшылары бас болып, өкілдері жиналды. Бұл жасақтың мақсаты – алаңда көтерілген жастарға қарсы тұру. Қалайша? Белгісіз. Шамалы уақыт өткенде біраз адамның қолынан газетке оралған таяқ сияқты нәрселерді көрдік. Негізінен орыс ұлты өкілдерінің қолында. Оны енді бір ұйғыр ағайынның қолынан көріп, бұларың не десек: «Қорғаныс үшін ғой!», – деп газетті ашып, арматура кеспелдегін көрсетті. «Сонда қазақ жастарымен соғыспақсыңдар ма?», – деп күйіндік. «Оны бізге неге айтасыңдар, анау жоғарыға айтсаңдаршы!», – деп олар аукомның кеңсесін нұсқады. Сонда жасы үлкеніміз: «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының бірінші орынбасары Сарбас Ақтаев, белсенді журналист Нүриден Мұфтахты бас етіп, сол аупарткомға жібердік. Ал өзіміз сол темірмен қаруланғандармен айтысып, айқасып жаттық. Бір кезде жоғары қабаттағы балконға шыққан аукомның бірінші хатшысы Н. Әбіқаев: «Жолдастар, соғысқа бара жатқан жоқпыз, таяқтарыңды тастаңдар!» – деді. Кейін білдік, бұл таяқтарды қалалық партия комитеті әзірлеткен екен. Аудан басшысының оны тастатқаны үшін қандай жаза алғаны бізге белгісіз.
Бұл оқиға біздің жүйкемізге қатты тиді. Таяқты тастатамыз деп орысқа да, ұйғыр ағайындарға да қатты-қатты сөз айтып қалдық. Оны біреулер қабылдады, біреулер қарсы дау айтты. Бір уақытта қасыма Жәкең (Жанәбіл Темірбеков) келіп: «Мәке-ау, түріңіз не болып кеткен?! Аппақ, қан жоқ. Дереу үйге қайтыңыз. Мұндағы іске мен жауап беремін!», – деп мені сыртқа тартты. Ол менің бұрын инфаркт алғанымды білетін. Үлкендік жолымен зорлағандай етіп мені көлікке апарып мінгізді.
Келесі күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Альберт Устиновқа шақырылдық. Қалай екенін кім білген, облыстық газеттерге басшылықты сол тұста обком емес, ОК бөлімі алғаны бар. Желтоқсан оқиғасына байланысты не жазбақсыңдар деген мәселені бізден Устинов сұрады. Кіріспе сөзінде ұлтшыл бұзақыларды әшкерелеу керектігін ескертіп, сес көрсетті. Кезек орыстарға берілетін заман, алдымен Ғарифуллина сөйледі. Ұлтшылдарды әшкерелеуге әзірлігін айтты. Газеттің екі бетіндей материалды дайын әкеліпті. Қажет десе нөмірге салмақ. Байқаймын, Устинов құптап отыр. Ал, мені құптамайтынын аңғардым. Оған қазақ жастарын қаралаған, оларды жау санаған материалдар керек. Ол бізде жоқ. Іздеген жоқпыз. Орыста: «Жақсы қорғаныс – шабуыл!» – деген бар. Мен сол әдіске бастым. «Сіз, Устинов жолдас, қазақ пен орыс арасында соғыс болғанын қалайсыз ба?!» – деп бастадым сөзімді. Бұл сұрақтан Устинов шошып кетті. «Сіз өзіңіз не айтып тұрғаныңызды білесіз бе?!» – деп шарт кетті. «Білем, – дедім. – Алаңға шыққан жастар қазақ балалары. Оларды жау қылып көрсетсек не болады?! Жаумен соғысу ғана қалады. Қазақ пен орыс соғысады!». Аздап сабама түскеннен кейін: «Альберт Александрович, отты керосинмен өшірмейді. Ал жастарды айыптаған материалдар сондай әсер берері сөзсіз!» – дедім. «Сонда не ұсыныстарың бар?» – деді Устинов алғашқы екпінінен қайтып. Біз екі студенттің сөзін және ардагер ағамыз Айтмұхамбет Мансұровтың (Тайыр Мансұровтың әкесі) шағын ғана жастарға ақыл айтқан мақаласын апарған болатынбыз. Соны айтып, қолдарына ұстаттық.
 Устинов нөкерлерін ертіп, ойласуға хатшыға кетті. Біз дәлізге шығып, олардың келуін күтіп қалдық. Ғарифуллинада тіл жоқ. Өз нұсқасының өтетініне сенімді сияқты, тек бізге оларды құптамағанымызға өкпелі. Ал жасыратыны жоқ, бізде үрей көп. Кесек-кесек айыптаған мақалаларымыз жоқ. Орыс әріптестеріміздің сөзі өтіп кетсе, аяқастынан ондай материал әзірлеу қиын. Қиын болғанда, өзіңді қайтіп пышақтайсың?! Не болар екен деп Камалиденовтың кабинеті жағына жәутеңдей қараймыз. Күткенде уақыт та өтпейді. Устиновтың көңілсіз қабағына қарап, жүрегім жылып сала берген. Ар жағында баспасөз секторының меңгерушісі Амангелді Ахметәлімовтің жылы жүзін көріп жүрегім орнына түсті. Устинов үнсіз кабинетіне беттеді, ал Амангелді бәрімізге естіртіп: «Принимается вариант «Жетісу» – деді.
 Сол Желтоқсан оқиғасынан кейін жарты жыл өткенде Желтоқсан қаһармандарына болған сот жағдайдың тағы да қысымын күшейтті. Сірә, биліктегілер сол сот арқылы жұртты тағы бір қорқытып қоюды ойлады білем. Желтоқсан оқиғасына белсене қатысқан бір топ жігітті қатаң жазаға кесті. Қ. Рысқұлбеков  өлім жазасына, Т. Ташенов пен Т. Тайжұмаев 15 жылға, К. Күзембаев 14 жылға, Е. Көпесбаев  4 жылға кесілді. Сол жазаға ұшыраған желтоқсандықтардың суретін КазТАГ фототілшісі түсіріп, «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттері басып шығарды. Халық ауыр жазаны қасқайып тұрып қарсы алған ұлдарын көрді.
Бірақ бұл биліктің ойлағанынан өзгеше болып шыққан. Желтоқсан қаһармандарын соттап, елді қорқыту орнына, сол бастарын бәйгеге тіккен жастардың өлімнен де қорықпай, қасқайып тұрған суреттегі кейіптері басқаларды рухтандырғандай еді. Бұл биліктегілердің үрейін ұшырды. Сол күні ОК-те Устинов газет таралымы, оны жер-жерге жеткізу жөнінде жиналыс өткізіп, сонда сот процесінен түсірілген суреттерді де сөз арасында айтып кеткен. Суреттің КазТАГ-тікі екенін, оны беруге міндетті екенімізді айтқанбыз. «Әрине, сендер сөйтіп құтыласыңдар!» – деп қарқылдап күлгені бар. Суреттің шын мәні, оның оқырманға әсері, билікті әшкерелеуші күші олардың зердесіне бір күннен кейін жетті. Сойқан келесі күні басталған.
Бұл сенбі болатын. Заңды демалыс. Осы күні біздерді, сот процесінен түсірілген суретке қатысы барларды – КазТАГ-тің директоры Ж. Исмағұловты, сол агенттіктің редакция меңгерушісі Н. Венгловскийді, «Жетісу» газетінің редакторы М. Жақыповты және «Огни Алатау» газеті редакторының орынбасары    Б. Скороходовты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының мәжілісіне шақырған. Бұл мәжіліске Алматыдағы ақпарат құралдары басшылары да келген. Біреулерді жазалау үшін, екіншілеріне сабақ болу үшін. Оған ОК-дан кімдер қатысқаны ұзын-сонар әңгіме.
Мәжіліс үш жарым сағатқа созылды. Көп адам сөйледі. Әрине, жиынды жүргізуші Геннадий Колбин көбірек сөйледі. Айыптаушылардың ішінде Мирошник, Камалиденов, Мещеряковтар айрықша белсенділік танытты. Барлығы біздің кемшіліктерімізді қатты сынап, ниетіміздің қаралығын айтқан. Мен жөнінде айтқанда: «Жақыповтың тәжірибелі журналист» екенін, «зиянды суреттерді білместіктен емес, біліп тұрып бергенін» дәлелдеп шықты.
 Әрине, бізді де сөйлеткен. Сөйлетіп алып сөзімізді өзімізге қарсы пайдаланды. Уәжіміздің біріне де құлақ асқан жоқ. Үлкен ғалым, белгілі қаламгер – КазТАГ директоры Жұмағали Ысмағұлов ағамыздың бұл суретте басқа ниетте жасалынған ештеме жоқ, тек оқиғаның көрінісі ғана екенін дәлелдемек болғаны Колбиннің шабына тиген шыбықтай әсер етті. Бетпақтықпен ол осының барлығын қасақана жасадыңдар деп шаптықты.
Бұл үшін біреулер жазалану керек болатын. Осылайша КазТАГ директоры Ж. Ысмағұлов партиялық жолмен есеп карточкасына жазылған қатаң сөгіс арқалап, жұмысынан босатылды. Осы мекеменің фотоақпарат редакциясы бас редакторының орынбасары М. Вангеловский партиядан шығарылды. Біз туралы қаулыда: «Жіберілген қателіктері үшін «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттері редакциясының басшыларын Алматы обкомы қатаң жазалағаны еске алынсын...» дегенде біраз жаңсақтық бар, біздің жазамыз әлі алда болатын.
Облыстағылар аяған жоқ. Түнұзақ отырып талқылады. Жарысып сөйледі. Ол кезде обкомды М. Меңдібаев басқаратын. Бізге қатысты шығарылған қаулыда біз «халық жауына» жақындап қалғанымыз анық. «Қарсы саяси қадам жасағанға» кешірім жоқ, жазамызды молынан алдық. Маған шығарылған үкім: «Саяси қырағылығынан айырылған және газетте оқырмандардың ашу-ызасын қоздыратын идеялық зиянды суреттерді жариялауға апарып соқтырған саяздық көрсеткені үшін «Жетісу» газетінің бас редакторы М. Жақыпов КПСС мүшелігі қатарынан шығарылсын және қызметінен босатылсын!».
«Қызмет қолдың кірі» – деген бар. Онда да біраз шындық жатыр. Сірә, Колбиндер, Камалиденовтер, Меңдібаевтар бізді қызметтен кеткеннен кейін өмірлері құса болып өтеді десе керек. Жұмағали Ысмағұлов ағамыз ғылымға барып, тау қопарғандай жұмыс істеді, сол еңбегі Мемлекеттік сыйлықпен бағаланды. Колбиннің нұсқауынан кейін маған алып шаһар Алматыдан жұмыс табылмай, бір жылдан аса уақыт Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде корректор болып қызмет атқардым. Ол жұмысты да жаман жасамаған сияқтымын. Әрине, облыстық газеттің редакторлығынан аудандық газеттің корректорлығына жіберу сол тұстағы компартиялық жүйенің қатыгездік сипатын аңғартады.
 Сыртта бір жылдан артық жүргеннен кейін Орталық Комитет қайта партия мүшелігіне қабылдап, өзімнің бауыр басқан ортам – «Егемен Қазақстанға» оралдым. Онда жай тілші, бөлім меңгерушісі, алқа мүшесі, газеттің Алматы бөлімшесінің жетекшісі қызметтерін атқардық. Бүгін жасым 80-ді алқымдаса да газеттің шолушысы болып келемін. Өмірімнің жалғасындай – бала-шаға, немерелерімнің ортасында, шығармашылық жұмысымды жалғастырып жүріп жатқан жайым бар. 
 Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік жолындағы күрестің шоқтығы биік белесі. Сол Желтоқсандай ұлы оқиғаның тарихына қатысты бір үлкен шындықты жұрт «Жетісу» газетінің бетінен табады. Олардың шын қаһармандық тұлғалары осы газеттің 1987 жылғы 19 маусымдағы санында жарияланған суретте бейнеленген (суретке назар аударыңыз). Бұл тарихта қалатын Желтоқсан оқиғасы шежіресінің ең бір шынайы беттері! Бұл «Жетісу» газетінде жарияланып қана құндылыққа айналды!
 
Мамадияр ЖАҚЫП, Қазақстанның Құрметті журналисі.
Алматы қаласы.