Екінші мәрте лауреат атанды

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1290

ҚР Президенті Іс  басқармасы Медициналық  орталығының бас ғылыми кеңесшісі, медицина  ғылымының  докторы,  профессор  Ертай Сәрсебеков   Елбасының  28 қарашадағы Жарлығымен ғылым  мен  техника  саласында белгіленген  әл-Фараби  атындағы  Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері  атанды. Ертай  Қожахметұлы  2005  жылы  да  ҚР  Үкіметінің  қаулысымен  «Нарықтық  жағдайларда  жаңа  тиімділігі  жоғары  технологияларды әзірлеу  және  жетілдіру  модулі» атты  ғылыми  жұмысы  үшін  Мемлекеттік  сыйлыққа  ие  болған. 

Екі мәрте Мемлекеттік  сыйлықтың иегері атанған жерлесіміз жазиралы Жаркент  өңірінің тумасы. Талантты ғалым Ертай Сәрсебековтің жетістігі барша Жетісу  жұртының қуанышы. Ол 1951 жылы 9 тамызда Жаркент өңіріндегі  қасиетті  Шежін ауылында дүниеге  келген. 
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының  (В. Бенберин, Е. Сәрсебеков, Ә. Әхетов, Г. Танбаева) және   Назарбаев университетінің  Өмір туралы ғылымдар орталығының (Ж. Жұмаділов,           А. Гуляев, Т. Нұрғожин,               А. Кушугулова) ұжымы көп жылдар бойы жүргізілген терең  ғылыми зерттеулердің негізінде дүниежүзінде алғашқы рет өмірдің белсенді кезеңінің және  сапалы  ұзақ өмір сүрудің жаңа Парадигмасын негіздеді, қалыптастырды.
Авторлардың кешенді ғылыми зерттеулері нәтижесінде қартаюға қарсы медицинаның  іргелі негіздері мен теорияларын мақсатты тереңдетілген зерделеуге негізделген геномдық және метагеномдық аспектілер алғаш рет  анықталды. Метаболизм синдромының генетикалық детерминанттары белгіленді және оның бірінші рет орындалған масштабты эпидемиологиялық және метагеномдық зерттеулердің негізінде жаңа биомаркерлері анықталды. Солардың негізінде тек қазақстандықтарға ғана тән  метаболизм синдромының нақтыланған және генетикалық сипатталған эпидемиологиялық «портреті» алынды және метаболизм синдромының қазақстандықтар ағзасының қартаю процесінде байқалу белгілерін азайту үшін әсер ететін ықтимал бағыттары анықталды. Аталған зерттеулер Орталық Азияда тұңғыш рет орындалды.
Авторлар алғаш рет жүрек бұлшық етіндегі және оның артерияларындағы көп тамырлы зақымданулардың тіндік бұзушылықтарының  метаболизмдік кардиоваскулярлы көрінісінде этиопатогенетикалық факторлары мен клиникалық-зертханалық сипаттамаларын тапты.  
Ұзақ өмір сүрудің қыр-сырын зерттеген, тиімді жолдарын тапқан бұл еңбектің денсаулық сақтаудағы маңызы зор.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ.
 Панфилов ауданы.