БАСТЫ МІНДЕТ - ХАЛЫҚҚА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

Уақыты: 28.12.2017
Оқылды: 1591

     Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын орындау мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Нәтижесі жаман емес. Оған халықтың рухани жағынан жаңғырып, мәдениеттің өрлеп, қоғамның қайта түлеп жатқаны дәлел. Сондықтан көпшіліктің көңіл-күйін жоғары деңгейден түсірмей, биіктен көрсете білу ел азаматтары үшін ерекше маңызға ие. Мәртебелі міндеттерді жүзеге асыруға халыққа қызмет көрсету саласы мамандарының қосып отырған үлесін айрықша атап өткен жөн. Бұл жайлы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің басшысы Жанбек Әбішев әңгімелейді. 

 

    – Жанбек Әбдімомынұлы, әңгімені  мемлекеттік қызмет көрсету саласында әркім білуі тиіс және атап айтарлықтай  жаңалықтарыңыздан бастасақ. 
– Халыққа арналған қызметтің үлкен, кішісі болмайды. Біз үшін бәрі маңызды. Осы тұрғыдан алғанда күнделікті тұрмыс-тіршілікте кездесетін әртүрлі мәселеге байланысты біздің мекемеге келетін адамдар аз емес. Сол себепті оларға біздің тарапымыздан көрсетілетін қызмет мейлінше сапалы әрі мінсіз болуы шарт. Байқасаңыз, корпорацияның «Азаматтарға арналған үкімет» деп аталуының өзі көп нәрсені аңғартады. Алдымен, осы корпорацияның құрылу тарихына шолу жасап өтейін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы 20 мамырдағы  бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына енгізілген қадамдардың бірі біз әңгіме етіп отырған аталмыш корпорацияны құру болып табылады. Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында 2015 жылдың 17 қарашасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы»  Қазақстан Республикасының № 408-V Заңы қабылданып, осыған сәйкес Қазақстан Республикасының қолданыстағы бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Толықтырулар мен өзгертулер енгізілген заң актілерінің қатарында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы да бар. Атап айтқанда, «бір терезе» қағидаты бойынша жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді көрсету, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, ғимараттарды, құрылыстарды немесе олардың құрамдастарын техникалық тексеру, мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша мемлекеттік корпорация қызметтерін жүзеге асыру бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өткен жылдың сәуір айының аяғында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің бірінші отырысы өтіп, онда қоғамның ішкі құжаттарын бекітумен қатар басқарма құрамы сайланды. Биылдың 12-ші сәуірінде директорлар кеңесінің шешімімен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ұйымдастыру құрылымына өзгерістер енгізілді. Корпорацияның басқарма аппаратына Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру дирекциясы, Мемлекеттік қызметтерді көрсету дирекциясы, сонымен қатар «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» дирекциясы енгізілді. Осылайша, қайта құрылған қоғамның басты міндеті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының елдегі мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бірыңғай провайдері ретіндегі қызметін қамтамасыз етуге бағытталды.
– Енді өзіңіз басқарып отырған департаменттің қызметі жайлы әңгімелесеңіз.
– Қазіргі уақытта департаменттің құрамында он алты аудандық, үш қалалық бөлімшелер мен Алматы бөлімшесі және өндірістік орталықта он төрт бөлім бар. Онда алты жүзден аса адам қызмет істейді. Сондай-ақ, департамент барлығы он екі түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олар: жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорттар мен жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорттардың телнұсқаларын беру, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, жылжымалы мүлік кепілін тіркеу тізілімінен көшірме беру, уақытша өтеулі (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) жер пайдалану (жалдау) құқығына актілер дайындау және беру. Сондай-ақ, уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығына актілерді, тұрақты жер пайдалану құқығына актілерді, жер теліміне жекеменшік құқығына актіні дайындау және беру, жер телімінің  кадастрлық (бағалау) құнын анықтау, жер телімнің сапалық жай-күйі және бағалау құны туралы мәліметтер мен кадастрлық ақпарат беру, жоспарланған жер учаскесіне графикалық мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бойынша келісу. Еске сала кетейін, мемлекеттік қызметтерді көрсетуге өтініштерді қабылдау  Халыққа қызмет көрсету орталығы және «Электронды үкімет» веб-порталы: www.egov.kz (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметтердің қорытындысы Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ұсынылады.
– Департамент көрсететін мемлекеттік қызметтерді түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме?
– Бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде орындалып жатыр. Ел Президенті Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын және мемлекеттік қызметтердің беделін көтеруге ерекше назар аударды. Жаһандану үрдісіне байланысты әлемдік қоғамдастықта және бәсекелестіктің күшеюіне байланысты ел арасында осындай мемлекеттік  қызметтер ретінде қоғамдық өзара қатынастар саласын дамыту қажеттілігі туындады. Көптеген халықаралық рейтингтік агенттіктер өздерінің бағалауларында мемлекеттік аппараттың жетіле түсуінің негізгі белгісінің бірі ретінде мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін пайдаланады. Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» № 88-V Заңының 23-бабына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі туралы қызмет алушыларға хабарлау мақсатында Ашық есік күндерін өткізу және бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялау іс-шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қатысты мемлекеттік мекемелермен бірігіп қызмет алушыларға аудандарда Ашық есік күндері бойынша сексенге жуық іс-шара өткізілді. Барлық аудандық бөлімшелерде тоқсан сайын мемлекеттік мекемелердің, бұған қоса тоқсан сайын аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында департаменттің көрсететін мемлекеттік қызметтері туралы мақалалар жариялануда. «Ашық мемлекет» іс-шаралары да өткізілді. Аталған жұмыстарды жетілдіру бойынша мынадай міндеттер жүктеліп отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы тұрғындар арасында дұрыс пікірлер қалыптастырып, мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін түсіндіру, сондай-ақ, дәстүрлі ұйымдастырылатын қоғамдық іс-шараларды пайдалана отырып, халықты қамту аясын кеңейту, мемлекеттік органдардың жабық болуы туралы жаңсақ та жағымсыз қоғамдық пікірлердің орнына «оңай қолжетімді сервистік мемлекет» туралы оң пікір қалыптастыру болып табылады.
– Елбасының өткен жылғы   9 қыркүйектегі тапсырмасына және жерлерді түгендеп, тексеру бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «2017–2021 жылдарға арналған жер қатынастарын реттеу саласындағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына» сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталсаңыз?
– Департамент жер телімдерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерлерін түгендеп, тексеру жүргізуге тікелей қатысуда. Алдымен жер телімдері бойынша мәліметтерді өзектендіру жұмыстарын жүргізудеміз. Атап айтқанда, жер телімдеріне қатысты құқықтық қатынастардың өзгеруі жөніндегі мәліметтерді енгізу, ауылшаруашылығы жерлері санатындағы алқаптардың құрамы жөніндегі мәліметтерді толықтыру және енгізу, телімдердің кадастрлық құны, субъектілердің құжаттары мен мекенжай деректері, шартты жер үлестері есебінен қалыптастырылған жер телімдері бойынша үлестердің саны, өлшемі анықталуда және оның құқық иеленушілері туралы мәліметтер бар болса, үлескерлер тізімін жинау және жүйелеу жұмыстары жүзеге асырылуда.
– Қазіргі уақытта Мемлекеттік жер кадастры туралы  мәліметтерді қалыптастыру және жер ресурстары туралы ақпараттарға қолжетімділікті арттыру тұрғысында кәсіпорын бюджеттік жұмыстардың қандай түрін жүргізеді және оларды нендей мақсаттар үшін орындайды?
– Ағымдағы жылы кәсіпорын «Жер ресурстары туралы ақпараттарға қолжетімділікті көтеру» бағытындағы 259 бюджеттік бағдарламаның «Мемлекеттік жер кадастры мәліметтерін қалыптастыруға» қатысты 100 қосалқы бағдарламасы бойынша бірқатар жұмысты жүзеге асырды. Атап айтсақ, топыраққа жүргізілетін зерттеулерді, ауылшаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін паспорттау үшін топырақ материалдарын жаңалауды, жалпы алаңы 515,0 мың гектар болатын ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырақ бонитетін анықтауды, сондай-ақ, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді паспорттауды орындады.
– Өзіңіз басқарып отырған департаменттің қызметі мемлекеттік қызметтерді көрсетумен ғана шектелмейтін шығар. Бұдан басқа да қызмет түрі ұсынылатын болар? 
– Әрине. Мәселен, біз жерге орналастыру және жер кадастры саласында халыққа және заңды тұлғаларға ауқымды қызмет көрсетеміз. Айтып өтейін, департамент жер телімдерін жобалау және құрылуы бойынша алқапта жер телімдерінің шекарасын орнату жұмыстарын орындайды және шаруашылық жерге орналастыру жобаларын жасайды, яғни жерлерді тиімді пайдалану, топырақтың құнарлылығын көтеру және сақтау мақсатында аумақта шаруашылық құрылымының жобасын іске асырады. Биылдан бастап департамент объектілерді жобалауға және олардың құрылысын жүргізуге қажет топографиялық түсірілімдерді жүргізу бойынша қызметтер көрсете бастады. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін біздің корпорация тиісті мемлекеттік лицензия алды. Онда біліктілігі жоғары мамандар, қажетті жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етулер бар. Сонымен бірге, департамент әртүрлі іздестіру жұмыстарын жүргізеді, соның ішінде ірі ауқымдағы топырақ зерттеулері мен топырақ бонитетін анықтау жұмыстары бар. Бұдан басқа, департамент жерге орналастыру бойынша ұзақ жылғы қызметінде үлкен көлемде ақпараттық деректер базасына, мұрағаттарға иелік етеді, мұрағаттарда жерге орналастыру, топырақ, геоботаникалық зерттеулер, топырақ бонитеттеу, жер пайдалануды ұйымдастыру, басқа да жинақталған материалдар сақталған. Департамент мұрағаттық деректерді қолдана отырып, әртүрлі мақсаттағы кадастрлық ақпараттарды беру бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Қазіргі кезде көрсетілетін қызметтерді халыққа неғұрлым жақындату мақсатында біздің мекеме жоғарыда көрсетілген қызметтерді орындауға өтініштер мен материалдар қабылдауда және дайын материалдарды беруде облыстың барлық әкімшілік аудандарында жұмыс істейтін департаменттің тікелей аудандық және қалалық бөлімшелерінің жұмыс жүргізіп отырғанына тоқталу қажет деп ойлаймын.
– Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру туралы айтқанын білесіз. Кәсіпорында осы бағытта қандай жұмыстар орындалуда?
– Жолдаудың екінші басымдылығы бизнестік ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту болып табылады. Осыған орай, қазір бізде мемлекеттік қызметтерді көрсету үрдісі жоғары деңгейде оңтайландырылған. Бұл саладағы жұмыстар толығымен электронды форматта жүргізіледі. Мысалы, «Жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт беру» қызметіне тапсырысты үйден, офистен және басқа да орындардан шықпай-ақ беруге болады. Бұл үшін E.GOV «Электронды үкімет» порталына кіріп, қажетті тарауларды таңдап, оны толтырып, мемлекеттік қызметті көрсету туралы жазған өтінішке электронды-сандық қолтаңбаны қою керек. E.GOV «Электронды үкімет» порталы арқылы өтініш қай жерден берілгеніне қарамастан бағдарлама автоматты түрде жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан орны бойынша мемлекеттік қызметті көрсету туралы жазылған өтінішті департаменттің тиісті аудандық және қалалық бөлімшесіне жолдайды. Аталған рәсімдеудің басымдылығы неде? Біріншіден, Халыққа қызмет көрсету орталығының аудандық бөлімшесіне барып өтініш берудің, екіншіден, екінші деңгейлі банктерге мемлекеттік баж алымын төлеудің қажеті жоқ. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі қызмет алушының уақытын үнемдейді. Әрине, «бір терезе» қағидаты бойынша халыққа қызмет көрсету барысында осы секілді оң талпыныстар аз емес. Десе де, бұл орайда әлі де жетілдіре түсуді қажет ететін түйткілдер бар. Біз оны білеміз және оны шешу жолдарын іздестіретін боламыз. Өйткені, біз үшін халыққа сапалы да мінсіз қызмет көрсетуден асқан абыройлы міндет жоқ.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін үлкен рахмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.