БОЛАШАҚ ҮШІН МАҢЫЗДЫ

Уақыты: 28.12.2017
Оқылды: 1395

    Дана халқымызда «Үш күндігін ойлаған әйел ақылды, үш жылдығын ойлаған еркек көреген, үш ғасырын ойлаған көсем кемеңгер» деген нақыл бар. Мәңгілік Ел болудың жолын көрсеткен Елбасымыз осындай кемеңгерлік танытып, кешенді бастама көтерді. Ол – 2025 жылдың соңына дейін толығымен латын әліпбиіне көшу мәселесі.

 

    Нұрсұлтан  Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру керектігін айтып, атқарылатын нақты шараларды көрсетіп берді. «Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек», – деген тапсырмасын халық бірден қолдады. 
    Түрі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір көпұлтты Қазақстан халқы үшін латын әліпбиінің маңызы зор. Бұл жайында Елбасымыз 2007 жылғы Жолдауында айтқан болатын. «Бұл ой еліміз тәуелсіз болғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ біз көпұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік», – деп әр бастамаға байыппен қарауға міндеттеген еді. Шын мәнінде уақыт бір орнында тұрмайды. Ұрпақ ауысып, қоғам жаңаратыны заңдылық. Біздің балаларымыздың төрткүл дүниенің төріне ағылшын тілі мен жаңа технология арқылы енетінін ескерсек, оны игеруде латын әліпбиінің рөлі зор. Интернет тілі де латын әріптеріне жақын. Қазақ тілінің де өрісін кеңейтеді деп ойлаймын. Сонымен бірге тіл тазалығы, қазақ тілінің табиғи тазалығы сақталады. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақтылап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Мемлекеттік тілімізді өзге ұлттар әлі де толық игере алмай отырғаны жасырын емес. Латын әліпбиіне көшу өзге ұлт өкілдеріне де қазақ тілін жедел игеруге жол ашады. Сонымен қатар, түбі бір түркі әлемі латынды қолданады. Түркі әлемінің рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынаста болуына ықпалы тимек. Алғашқы кезде латын әліпбиі де, кирилл әріптері де қатар жүрмек. Латын әліпбиін бірден емес, қадамдай отырып енгізу жолы қарастырылуы да көпшіліктен қолдау тапты. 
Біздің жастар үшін латын әліпбиін үйрену ешқандай қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Қазір мектептерде ағылшын тілін үйрету қарқынды қолға алынуда. Ағылшын тілін игерген балаға латын әліпбиін игеру оңайға соғады. Сөзімізге дәлел ретінде мына жайларды баса айта кетуді жөн санаймын. Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінде саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының ұйымдастырумен 27 қазанда           ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген латын әліпбиінде диктант жазу шарасы өтті. Диктант жазуға саясаттану мамандығында білім алып жатқан 1-4-курс студенттері мен магистранттар қатысты. 55-ке жуық студент «Қайрат, Құлагер» деген тақырыпта диктант жазды. Оған тек қазақ тілді студенттер ғана емес, шетелден келген студенттер де қатысты. Жалпы 165 сөзден  тұратын диктантты студенттер 50 минут шамасында жазып шықты. 
Жұмыстарды тексеру қорытындысы: 
– Көбінесе «ш», «ж» әріптерін жазуда 65%-ға жуық студент қате жіберді
– «ү», «ұ» әріптерінен 70 %-ға жуық студент қателесті.
– «к», «қ», «х», «ө» әріптерін жазуда қателескен 80 %-ға жуық студент болды. 
– Апострофтан 40 %-ға жуық студент қателесті.
    Студенттер арасында диктантты қатесіз жазған студенттер де жетерлік. Олардың денін саясаттану және әлеуметтану мамандығының І курс студенттері құрайды. Келтірілген фактілерді зерделей келе алда атқарылатын қыруар жұмыстар тұрғанын байқау қиын емес. Алдымен жаңа әліпбиімізді бір ізге түсіріп, жүйелеп алу керек. Сосын сансыз апострофтарды ықшамдау мәселесі де күн тәртібінде тұр. Тек, Елбасымыз ескерткендей, бұл маңызды істе асығыстыққа бой алдырмау керек. 
Латын әліпбиіне көшу жай әліпбиді ауыстыра салумен шектелмейді. Оның еліктеуден емес, қажеттіліктен туындап отырғанын баршамыз жете сезінуіміз қажет. Латын әліпбиін сауатты игеріп шығып, өркениетке ілесетін ұрпақ қазіргі таңда мектеп парталарында отыр. Шынында да, латын әліпбиіне көшу қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Сондықтан, латын әліпбиіне көшу болашақ үшін маңызды.

Гүлжан Абдіғалиева,
профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия және 
саясаттану факультетінің оқытушысы.
Жібекжан Кемел,
магистратура студенті.