"КӨМІР ЖЕТКІЗІЛМЕГЕН": БІРНЕШЕ АУДАНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ КЕШІГУІ МҮМКІН

Уақыты: 03.10.2020
Оқылды: 1001
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жылыту маусымына Алматы облыстық бюджетінен 15,9 млрд.теңге бөлініп, игерілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалымен өткен жылыту маусымы туралы  штаб отырысында айтылды. 

Штаб отырысының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Біріншісі, жылыту маусымын пысықтау болса, екіншісі, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының орындалу деңгейі.

Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Танекенов баяндады. Баяндамашының айтуынша, дайындық барысында 35 орталық қазандығы, 64,3 мың шақырым жылу және 13,4 мың шақырым электр желісі, 3016 бірлік трансформаторлық қосалқы стансы жөнделген.

– Облыста 4 қазандықты газ жүйесіне ауыстыру жоспарлануда. Атап айтқанда, Талдықорған қаласында  2, Қапшағай қаласында  1, Қарабұлақ ауылында 1 жылу қазандықтары ауыстырылады. Алайда Талдықорған, Қапшағай қалалары қазандықтарының іске қосу-реттеу жұмыстары шешімін таппады. Сонымен қатар, облыс бойынша 14 блокты-модульді қазандықтарды (БМҚ) орнату жоспарланған. БМҚ құрылыс жұмыстарының қарқыны төмен, Қарасай ауданында халықтың наразылығы басылған жоқ, – деген Бағлан Сағындықұлы энергия кәсіпорындарында отынның нормативтік қоры қалыптасқанын жеткізді.

Яғни, облыстық бюджеттен 142,4 мың тонна көмір және 7,3 мың тонна мазут сатып алуға 3,8 млрд.теңге қаражат бөлінген. Дайындауға жоспарланған көмір 379,5 мың тонна болса, бүгінде оның 157,8 мың тоннасы жеткізілді. Көмір жеткізуге келгенде де кемшін тұстары барын жеткізген баяндамашы:

– Бүгінгі күнге «АқсуТВК» және «ПанфиловСуҚұбыры» мекемелерінің қазандықтарына көмір жеткізу әлі күнге дейін жүзеге асырылмады. Мекемелердегі көмір қалдығы нормативке сай емес. Отын сатып алуға субсидия бөлуге өтінім кеш жолданып, бүгінгі күнге дейін толығымен ұсынылмаған. Сонымен қатар, 15,1 мың тонна мазут дайындау жоспарланған. Дайындық қорында 7,7 мың тонна бар. Энергетика министрлігімен мазуттың әлеуметтік бағасы (тоннасы 58 000 теңге) және жеткізу кестесі бекітілді (11,4 мың тонна), – дей келе  бюджеттік салаға тоқталды.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, бюджеттік ұйымдарға қысқа қажетті 25,7 млн.литр дизель отыны, 24,4 мың тонна көмір және 5,1 мың тонна пеллет дайындалуда. Қыркүйек айындағы жағдай бойынша бюджеттік нысандарға 20,1 млн.литр дизель отыны  жеткізілді. Соның өзінде жеткізу тиісті деңгейде жүзеге асырылмауда. Осы мәселеге байланысты әр салаға тоқталған Бағлан Сағындықұлы:

– Білім беру нысандары бойынша Алакөл ауданы  64, Ескелді ауданы  60, Талдықорған қаласы  22, Қапшағай қаласы  32 пайызға толықтырылған. Денсаулық сақтау нысандары бойынша Балқаш ауданы 12, Ұйғыр ауданы 30, Еңбекшіқазақ ауданы 31, Кеген ауданы 33, Алакөл ауданы 34, Талғар ауданы 34 пайыз. Сонымен қатар, бюджеттік ұйымдарға 15,6 мың тонна көмір немесе 64 пайызы жеткізілді. Алакөл, Балқаш, Іле, Қарасай, Кеген, Райымбек, Талғар аудандары мен Қапшағай, Текелі қалаларына мүлдем жеткізілмегендіктен жылыту маусымының кешігу қаупі бар, – деді.

Ағымдағы жылы бюджеттік сала объектілерінің 63 қазандығын ауыстыру, 9 қазандықты шығару жұмыстары жоспарланған. Алайда, бүгінгі таңда 11 қазандық ауыстырылмаған. 3 қазандық сыртқа шығарылмаған. Онымен қоса, Еңбекшіқазақ ауданында білім беру нысанының 8 қазандығын ауыстыру бойынша конкурстық рәсімдер әлі күнге дейін жүргізілу үстінде екен.

Баяндама барысында коммуналдық төлем туралы да айтылды. Облыс көлемінде коммуналдық қызметтер бойынша уақыты өткен дебиторлық берешек 430 млн. теңгені құрайтын көрінеді. Оның ішінде жылу қуаты үшін 130,2 млн.және электр қуаты үшін 299,8 млн.теңгені құрайды.

Күн тәртібінде бекітілген екінші мәселе «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының орындалу деңгейі туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат баяндады. Ол бағдарлама аясында 1051 жоба іске асырылып жатқандығын жеткізді. Жоспар бойынша 20941 жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде 10 мыңнан аса азаматты мекемелер арқылы, қалғанын жұмыспен қамту орталықтары арқылы қамту жоспарланған. Бүгінгі күні 16710 жұмыс орны ашылып, 13300 адам жұмыспен қамтылған.

Бағдарламаны орындау кезеңінде Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Іле, Қаратал, Көксу, Райымбек, Ұйғыр, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында шешімін таппаған бірнеше мәселе бар. Маржан Мұрат аталған мәселелер неліктен орындалмағанын түсіндіріп берді. Өз кезегінде Лаззат Махатұлы аудан, қала әкімдеріне бағдарламаның орындалу барысын қадағалауды тапсырды.

Отырысты қорытындылаған Лаззат Махатұлы алдағы жылу беру маусымы қазіргі ең басты шаруа екендігін тағы бір шегелей айтып, оны ешқандай кедергісіз өткізу қажеттігін жеткізді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды