Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТІЛШІЛЕР ТОП ЖАРДЫ

Уақыты: 25.06.2021
Оқылды: 1586
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Бұқара мен билік арасындағы алтынкөпірлік міндетті атқарып жүрген журналистер төл мерекесі қарсаңында мерейленді. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында жеңіс тұғырынан көтерілген тілшілер қауымы марапатталды.


Тіл сарайында өткен марапаттау салтанатында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Болат Керімбек сөз алып, байқаудың мәні мен мазмұнын түсіндіріп өтті.

Мемлекеттік тіл мәселесіне қоғамның назарын аудару, аталған мәселені бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, журналистердің мемлекеттік тіл саясаты саласындағы кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында өткен байқау үш бағытта өрбіген. «Үздік мақала», «Үздік сайт мақаласы» және «Үздік телебағдарлама» аталымы бойынша жазылған журналистердің жұмыстарын  І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің  оқытушысы, ф.ғ.д., профессор Мұратбек Иманғазинов, «Жетісу» телеарнасы бас директорының орынбасары Данияр Сейсенбаев, облысы әкімі аппараты баспасөз қызметінің бас маманы Сағыныш Намазшамова қарап, қазылық етті.

Жиын барысында сөз алып, қасиетті ана тіліміз туралы толғанысын бедерлеген журналистердің жазбасындағы артықшылық пен кемшілікке тоқталған қазылар алқасы өз кезегінде тілшілер қауымын төл мерекесімен құттықтап, жазарлары көбеюіне тілек білдірді.

«Үздік мақала» аталымы бойынша алакөлдік жас журналист Алмат Есенбек жеңімпаз деп танылса, «Үздік сайт мақаласы» аталымы бойынша облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Меруерт Молдағалиева, «Үздік телебағдарлама» аталымы бойынша белгілі журналист, жазушы Есболат Айдабосын жеңіс тұғырынан көрінді.

Аламанда аты озған жеңімпаздар марапаттау салтанатынан кейін сөз алып, ұлттың ұлы қасиеті, егемендігі мен халықтық сипатының ең бір жарқын көрінісі тіл еркіндігінде екенін айтып, тілсіз тарих, тағдыр, халық болмайтындығы тұрғысында тебірене сөйледі. Сонымен қатар, қатарынан 15 мәрте өтіп келе жатқан бұл байқаудың берері мол екенін жеткізді.

Айта кетерлігі, жеңімпаздар Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өтетін республикалық конкурсқа жолдама алды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ