ЖАРТЫ ҒАСЫРДА ҰРПАҚ ӨЗГЕРДІ, ҚОҒАМ ҚҰБЫЛДЫ

Уақыты: 18.02.2024
Оқылды: 363
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақ қоғамының кешегісі мен бүгінгісін салыстырған шақта қылбұрау түскен намыстың құлын даусы алты қырдың астынан талып жеткендей жүрек түкпірінен шым-шымдап шыққан нәзік үнге елегізи береді. Нота өлшемі жетпес көңіл ырғағының нәркестігін сабырлылық пен парасатының жансебіл хәліне жатқызар болса, сексен жылдық ғұмыр сүрлеуіндегі ашу өрлігі аспанға шапшыған Ар мен Ұяттың, найзағай Намыстың сазы мен асқақ үнін қайда қоймақ? Немен өлшемек? Алаш арыстарының жазықсыз жантәсілімі, отыз жылдық саясаттың кем-кетігі, бүгінгі жастар тәлім-тәрбиесінің сыңаржақ тұлпардай батыстың қаңсығына қаратартып тұратыны, руханияттың ашық аспанына ұшпа бұлттай желіп жетіп, қоюласып барып мұнар тектес хәлге жетуі, бәрі-бәрі жазушы жүрегінің ырғағын күн сайын қырық құбылтады. Жершілдік пен рушылдық дерті дендеген тұста шын таланттың шашасын шаңға малтықтырып, тірсегіне темірден тұсау салғандай күйіміз тағы бар?! Ойлап қараса, сайын сахараның саф өнеріне бола туған, қаламының қарымы ұлт танымымен ұштасқан таланттарды жиып, уақытында «Лениншіл жас» аталған бүгінгі «Жас Алаш» газетіне топтастырған Шер-ағаң – Шерхан Мұртазалардың дәуірлік мұратының өрісі тарылып бара жатқандай көрінеді екен.


Сол өрістің өскініндей жасында сараланып, бала шағынан дараланғанның бірі өзі екенін ашып айтуға парасаты жібермейді. Шырайлы Шығысының тұмса табиғатындай ерекше мінезі, болмысы жарқ еткенге жалп ете түсер мақтаншақтық, даңғойлық, тіпті, қызбалық дегеннен ада, жаны мақпал екенін әрбір сөзі аңғартатындай. Іштей сүйсінесің, тамсанасың, тебіренесің. 

Ой омартасына бал тұндырар талант иесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы жоғарыда айтылған рухани жайттарды жиі жүрекке салады. Безбендейді. 

– Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан деген жерде тудық. Қарапайым тірлік кешкен қойшының баласымыз. Бала кезде телефон, теледидар болған жоқ, керек десе электр жарығын да көрмегенбіз. Тауда, таста жүресің, табиғатпен тілдесесің, тұмсалықпен үндесесің. Бәлкім, біздің қалам ұстауымызға осы өмір әсер еткен болар, ерте бастан қолымызға түскен кітапты жібермей оқыдық. Сөйтіп жүріп мектепті үздік бітірдік. Әдебиетке құмарлықтың арқасында жақсы оқушылардың қатарынан көріндік. Журналистиканың не дайындайтынын білмесек те түбі жазушы боламыз деген ниетпен университетке түсуге талаптандық. Бірінші жылы түсе алмай, Хрущевтің заманындағы 2 жыл жұмыс істе деген талапты орындап барып жоғары оқуға әрең-әрең іліктік, – деп сонау жылдарды желдірте баяндаған Кәдірбек Сегізбайұлы жігіттік кезеңді де таспаға басылған фильмдей көз алдымызға келтірді. Әуезді үнін, қажыр мен қайратын, білімі мен парасатын аңғартар сөз ырғағын баққан сайын жазушының жастығының куәгеріндей, жанында жүргендей әсер алдық. 

Классик жазушы университет табалдырығын аттағанда курстағы 25 студенттің түгелі өлең өрнектеген ақындар екенін байқайды. Жыр жолындағы жорығына сәп салса, өзінен деңгейі жоғары, өлеңі республикалық басылымдарда жарияланып қойған азаматтар барын көреді. «Мен қайда келдім, нендей күйге ұшырадым» деп ойлай салысымен журналистика саласына ойысуға мықтап бекініп, мақала жаза бастайды. Сөйтіп университет қабырғасында жүріп-ақ газет-журналға азаматтық үнін, пайымын білдіреді. Қашан көрсе сабырлы қалпынан танбайтын сырбаз жазушы бұл тұрғыда: – Жаман журналист болмаған сияқтымыз, – деп қарапайымдылық пен кішіпейілдіктің үлгісін көрсете үн қатады. – «Жетісу» газеті редакторының орынбасары болған Кәкімжан Қазыбаев бізге очерк жанрынан дәріс оқыды. Сол кісі: «Айналайын, мен сендерден емтихан алып жандарыңды қинамаймын. Болашақ журналиссіңдер, қарым-қабілеттеріңді байқайын. Сондықтан ойдан очерк жазып келіңдер, соған қарап баға қоямын» деді. Ол тұста 25 баланың 13-і әскерге кетіп, қалғанымыз оқып жатқанбыз. Ұстазымыздың тапсырмасы бойынша мен ойдан «Менің әкем. Мен және менің балам» деген үш тармақты очерк жазып бардым. Ол кісі жазғанымды қатты ұнатып, газетке жұмысқа алғысы келетінін, бірақ өңірлік басылымның өрісі тар екенін айтты. «Лениншіл жас» газетіне бар, Шерханға ескертіп қойдым» деді. Шерхан Мұртаза жазған-сызғанымды саралап, бірден қызметке алды. Бұл күні мұндай қамқорлықты ешкім ешкімге жасамайды. Тек қана ағасы, көкесі, ақшасы барлар қызметке тұрады, – дейді кейіпкеріміз.

Кәдірбек Сегізбайұлы сол кезде ел газетіне іріктелген болашақтағы ірі тұлғалардың бірі еді. Ол санатта жазушымен бірге  қазақтың әр өңірінен Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Ырым Кененбай, Сейітқазы Досымов, т.б майталмандар іріктеліп-сұрыпталған. Бәрі де бүгінгі дәуірдің бір-бір заңғары, бір-бір тұлғасы. 

– Жазушылық жолға «Лениншіл жас» газетінде жүріп түстік. Жаман журналист болған жоқпыз, жарыса жаздық. Шер-ағаңның ойлап тапқан «Чемпион мақала» деген бәйгесі болатын. Кейін мұны Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз жалғастырды. «Чемпион мақалаға» жалақыдан тыс 20 сом қаламақы төлейтін. Өз кезінде бұл қомақты ақша. Соны алу үшін іштей апталап-айлап дайындалатынбыз. Қайтсек чемпион мақала шығарамыз деп ширығып жүретінбіз. Соның бәрі адамды алға ұмтылдыратын, қалам сиясын қоюлататын қызық жоба еді. Оралхан, Ақселеу бәріміз мақаланы бұрқыратып жазамыз, ара-арасында чемпион боламыз. 
1967 жылдан бастап жазған мақалаларым әлі күнге дейін сақтаулы. Кейде парақтап-тарақтап отырып замандастарым Оралхан мен Ақселеулердей жап-жақсы журналист болған екенмін деп ойлаймын, – дейді сан мың мақала, толғам жазса да кісілік пен кішіліктен қиыс кетпеген сырбаз, сыршыл жазушы.

Рас, Кәдірбек Сегізбайұлы, өзі айтқандай, жазушылық жолға газетте жүріп түсті.  Бекзат жанрда бірегей есім қалыптастырған ол алғашқы шығармаларын да бәсекелестіктің арқасында бедерледі. Оразбек Сәрсенбай, Ахат Жақсыбай, Оралхан Бөкей, Кәрібай Ахметбек, Ақселеу Сейдімбектер көркем шығарманы үндемей жазып, бір-біріне сыбырлап айтып жүретін.  Мұны көрген Кәдірбек Сегізбайұлы да қатарластарындай көркем шығарма жазуға бел шеше кірісті. Осылайша жас кезінен жаны жарасқан, тілегі мен мақсаты бір болған Оралхан Бөкей досы секілді журналистикамен айналыса жүріп әңгіме, повеске қалам тартты. 

Бірде Оралханмен жарыса жазған Кәдірбек Сегізбайұлы 52 күн қамауда қалып, тасыған өзеннен аман шыққан түйе туралы әңгімелейді. Көзімен көрген оқиғаны баяндаған жазушыға сол сәтте-ақ Оралхан: «Қазақтың тағдырына ұқсас екен. Бұл түйеңді маған ұзатшы, мен жазайын» деп қолқа салады.  Көзімен көрген, көңілі сенген жақсы дүниені өзгеге қимаған кейіпкеріміз мұны әлдеқашан жазып қойдым деп сырғақтата жауап беріп, сол түні-ақ қолына қалам алады. Таң қылаң бергенше «Бура» әңгімесін өрнектейді. Бұл туралы сүйіне баяндаған Кәдірбек Сегізбайұлы:
– Әңгімемнің қолжазбасын алып азанда жұмысқа келсем Оралхан мәшінкешіге шығармасын оқып: «Бураны жетектеген Қазақба-а-й» деп сарнап отыр. Сол түні менімен жарыса жазыпты. Сөйтіп екеуміз де «Бала бура», «Бура» аталған әңгімемізді Шерханның алдына тастадық.  Дәл сол кезеңде Хрущевтің түйені құрту керек, пайдасы жоқ деген мизамы шыққан. Түйе мен қазақ тағдырын салыстыра жазған әңгімемізді көрген Шер-аға: «Әй, шығыстың шырайлары, мені соттатайын дедіңдер ме? Не болды сонша?»  – деп күле үн қатты. Шындығында солақай саясатқа қарсы жазылған шығарманы ол кезде жүрек жұтқан жан ғана газетіне басатын. Шер-аға бірінші ұсынып үлгерген Оралханның әңгімесін «нөмірге» берді. «Екеуіңдікін қатар бассам қандай жақсы болар еді?! Бірақ мені құртады ғой. Сенікін «Жұлдызға» бастырамыз, сөйлесіп қойдым» деді. Бұл үлкендердің ерекше қамқорлығы. Ол кезде біз секілді жас журналистердің жазбасы «Жұлдызға» шығу – үлкен құбылыс. Бүгінде ондай қамқорлық танытатын, дарынды азаматтың маңдайынан сипайтын жан жоқтың қасы», –  дейді қазақтың классигі.

Осылайша басталған жазушылық жолда Кәдірбек Сегізбайұлы сан тағдырды толғады. Ғажайып шығармашылық әлем түзді. Әр туындысы ойлы оқырманның жан тебіренісін тудырды. «Жол», «Беласқан» сынды кесек-кесек шығармалары, романдары, «Біз қалада тұрамыз» сынды кітаптары, әсерлі әңгімелері оқырманның рухани шөлін қандырды. Біздің де адалдыққа аңқасы кепкен болмысымызға жазушы шығармасы нәр берген-ді.

– Біздің балалық шағымыз қиын болды. Жоқшылықта өтті. Дулат Исабеков досымның «Біз соғысты көрген жоқпыз» деген повесі бар. Шындығында соғысты көрген жоқпыз, бірақ әсері көргеннен кем емес. Қой соңында жүрген әке-шешеміз малдың сүтінен құрт-ірімшік жасап, қысты күні ұжымшар беретін 5-6 келі арпа-бидаймен күнелтетін. Сондай жоқшылықтан шыққан біз өткеннің қадірін ұмытпадық. Әлі күнге дейін шұлығым мен шалбарымның тесілген жері болса жамап алғым келеді де тұрады. Құдайға шүкір, қазір баршылық заман. Киім де, бұйым да көп, – деген Кәдірбек Сегізбайұлы қоғам туралы өзгеше пікір пайымдады. – Қазақ деген менің түсінігімде – дара халық. Қонақжайлығы мен дарқан мінезі әлемнің ешбір елінде жоқ секілді. Алайда, сол қонақжайлықтың кесірі өзіне тиіп те жатыр. Кезінде қазақ жерін зерттеймін деп келгендер, сайғақ құрлы сая таппай жерімізді паналағандар бүгін басынғысы келіп тұратындай көрінеді. Бір халықты жамандауға болмас, бірақ біздің Ресей империясынан көрген қорлығымыз бір басымызға жетіп артылады. Ұлт көсемдерін қалай құртқанын, атқанын өздерің жақсы білесіңдер?! Одан кейінгі заманда көрген көресімізді әлі де ұмыта қойған жоқпыз. Жерінің асты-үсті байлыққа тұнып тұрған қазақ сахарасына мұхиттың арғы шеті мен бергі жағындағы алып елдердің бәрі қызықты. Құмартты. Осы тұста мен Алладан басқа қазаққа жаны ашитын ешкім жоқ деп ойлаймын. Мен айтқан рухани байлығымыз, кісілігіміз бен кішілігіміз сүйсінткенімен қазақта да кемшілік бар. Көреалмаушылық, аяқтан шалу, бірін-бірі ұстап беру, артық сөзге бару, өсекшілдік дегендей кемшіліктерді тізбелей берсек жетерлік. Айталық, 37-жылдары жалған жаламен атылып, жер аударылып, Сібір айдалып кеткен ұлт қаймақтары қазақта мыңдап саналса, өзбектен 15-20 ғана құрбан шықты. Не бәле бұл? Екі халықтың түр-түсі, тілі, діні де бірдей. Бізді құдай неге ұрып қалды сонша азаматымыздан айырылатындай? «Жапон тыңшысы», «Халық жауы» деп жалған жала жапты. Бұған кім кінәлі? Әрине, өзіміздің  көреалмаушылық, аяқтан шалушылық деген ит жемес ғадетіміз де баяғы. Осы мінезді империя жақсы пайдаланды, – деп кеудесінің көрігін үргенде  болат балқытардай ысынған жазушы қоғам туралы да шын күйінеді.  «Кәдірбек, сен Бексұлтанды бірдеме қылып көрсет, халық жауы екенін дәлелдеп бақ. Болмаса ажал ұңғысына өзіңді таңамыз, халық жауы атанасың» деген сұрқай саясаттың кесірінен ардақтыларымыздың кейбірі өз қандасын, рухтасын сатып жібергеніне жаны ауырады. Өлместің күні, өмірдің тәттілігі ғой деп адами тұрғыда да түсінік береді. «Жан керек, өмір деген қиып кетер дүние емес. Өлмеу үшін көрсетесің. Міне, осылай қазақты қазаққа айдап салған кер заманнан да керуенімізді алып өттік», – деп налиды. 

Алматының алып төсіндегі кең сарайдай үйінде сұхбат берген Кәдірбек Сегізбайұлы әлі де газет-журнал, кітап оқудан танған емес. Сұхбат алу үшін алғаш үйіне кірген сәтімізде де газет оқып отырған. Ал бізге сырлы әңгіме айтқан бөлмесіндегі сөре белін сірестірген кітаптары жазушының өмірлік достары. Әдебиет әлемінде «Жеті жетім» атанған қаламдас бауырларына Құран бағыштау үшін қалғандай Бексұлтан Нұржеке-ұлы екеуі сәулелі ғұмырының себезгісін сіңіріп келеді. Сөре бойы сірескен кітаптарға бір қарап қойып, жанарындағы ұлт дегенде жылт ете қалған нәумез сәуле ұшқынын «жастар тәрбиесі» тақырыбына бұрғанда жоғалтып алғандай еді. Аңдағанымыз теріске шықпапты, әдемілеп бастырған сақал-мұртын салалай сыйпап алған жазушы:
– Қазіргі жастардың бойында кешегілердің кісілік  қасиеті бар ма? Біз мектепте оқып жүргендегі оқушылардың тәртібі, адамгершілігі қандай еді?! Ұстаз көрсек ұялып, бұғынып қалудың қамын жасап, тура келгенде тұқыра сәлем беріп тұрушы едік. Қорқатынбыз, сыйлап, құрметтейтінбіз. Қазіргі ұстаздар зар еңірейді. Ұру тұрмақ ұрсуға болмайды. Құқығы жоқ екен. «Сен, бала, оқымайтын оңбаған екенсің» десе, «Сізді сотқа беремін» деп үн қатады шәкірттері. «Неге маған олай айтасыз, қақыңыз жоқ» деп шапшып шығады екен. Демек, о заман мен бүгіннің арасы жарты ғасыр өтпей-ақ байқалып отыр, – деп бір тоқтаған жазушы қазіргі жастардың тасбауыр, тасжүрек болып кеткеніне таңданатынын жеткізді. Кинодан көргенін өмірде жасайтындай. Бірін-бірі шаштан жұлған қыздар мен өлімші етіп сабайтын ұлдардың мұнысы қайдан шыққан бәле деп санасы сан-саққа кетеді. Жазушының бұл тұрғыда соңғы жазған шығармалары адалдық, адамдық деген асыл қасиет  баланың тәрбиесіне негізделген.  
– Жақында ғана есік түбінде мөлшері 8-9 оқитын қыз бен жігіт сүйісіп тұр екен. Қақпамның алдында өліп-өшіп тұрған әлгілерге қарап: «Әй, балалар, не болды, өлдіңдер ме? Оңаша жерге барсаңдаршы» деп едім бетіме ажырайып қарады да қайтадан жалғастыра берді. Демек тәлім-тәрбиеден жұрдай болдық деген сөз. Сақалым аппақ, үлкен адаммын. Бұрын жастар үлкен алдын қиыс кеспейтін еді, бүгінгілер ақсақал сөзіне пысқырмайды. Мұны ұстаздан көреміз бе, әлде ата-анадан ба? Қоғамнан, не ортадан ба? Бұл тәрбиенің ақсап тұрғаны ғой, – дейді ел руханиятының темірқазық жұлдызына айналған тұлға.

Кереқарыс маңдайына жазылған жазмышында талай құнды шығармаларды өрнектеген классик жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы өткен отыз жылдағы қазақ қоғамының жай-күйіне батыл үн қатқан бірден-бір адам. Ол Назарбаев саясатының солқылдақ тұсын, өз ағайын-туысының күрт байып, қарапайым халықтың тұрмысы түзелмегенін ашық айтқан. Сол арқылы әдеби ортада жүрген біраз азаматқа жақпай қалды. Шындық қашанда ащы келмей ме, сүйкімі кетті. «Ағыспен өлі балық та ағады. Мықты болсаң ағысқа қарсы жүз» дегендей,  өз шындығын ешбір ортада бұғып қалмайтын парасат иесі бүгінгі саясаттың да ауанын ауаша ойлайды. Президенттің көп дүние жасап жатқанын, алайда айналасында кешегілер жүргенін де жасырмайды. Дегенмен қазақтың арайлы таңы әлі да ататынына, «Бар қазақтан бір қазақ, тумас па екен әулие?!» деп Мұқағали жырлағандай, Алаштың арлы азаматтары мыңдап туатынына, болашақтың жарқын болатынына бір адамдай сенеді. Бұл пікірін елжірей айтқан Шығыстың шырайлысы: 
– Қазақ байлығын айта берсек талай толғақты тараулардың бетін ашамыз ғой. Осмий деген металл бар. Ол тек Қазақстанда ғана өндіріледі. Алтыннан 3 мың есе қымбат. Сол байлық қайда кетті? Жекелеген адамдардың қалтасын қампайтқан көрінеді. Араб елі мұнаймен күнелтеді. Мұнтаздай киініп алып, шалқып өмір сүріп жатқан ел ғой. Ал қазақта мұнай да, уран да, осмий сынды мың сан байлық бар. Тұрмысының сыйқы бәріне мәлім, – деп бір тыныстап алып, ары қарай қазақтың ғылымда да кенде емес екенінен мысал келтірді. – Біз өндірісті жолға қоя алмай келеміз. Заманында Сейілбек Қышқашев деген жазушы комбайн ойлап тапты. «Енисей» сынды техникаларды ауызға ұрып алатын комбайнның авторлығына дейін таласты ғой әлдекімдер. Сейілбекке «мұның авторы мен болайын» депті ұялмай... Ал Сейілбек өле-өлгенінше ол шартқа келіспеді. Сөйтіп озық техника өз авторымен бірге келмеске кетті. Бізде құлық жоқ. Бір қазақ ойлап тапқан дүниені, ашқан жаңалықты өзгесі иемденгісі келіп тұрады. Қазақтың миы ойлап тапқан жаңалық осылайша өндіріске жетпей жатыр, – деп күйінген жазушы ірі зауыттар салып, өндірісті дамытуға қазақтың шамасы да, шарқы да жететінін, алайда белгісіз бөгесіндер барын атады. Өзбек шығарған көлік пен ұшақты қазақ та жасай алатынын, алайда сұрқай саясаттың мүмкіндікті шектеп тастайтынын да тілге тиек етті.

– Қазақ руханиятының көркемдігі де бұрынғымен салыстырғанда әлсірегендей. Мен «Атамұра» баспасында көп жыл терсіңді еңбек еттім. Бір күні «Ғажайып дәрігер» немесе  «Ғажайып адам» дей ме, атауын ұмытып отырмын, бір кісі қолжазбасын алып келді. Поэмасы тұтас 25 баспатабақ. 400 беттік жазбасы көркемдіктен жұрдай. Баспаймыз дедім. Қомақты ақша ұсынып, басып беріңдер деп өтініш айтты. Басшылықпен кеңесіп ем, 2 миллион болса (ол кезде қомақты қаржы еді) басыңдар, бірақ баспаның атауын басқаша қойыңдар деді. Басып бердік. Кітабын қалауынша шығарып алып кетті. Осы секілді бүгінгі ән әлемінде де «ахаху-сахаху» дүниелер қаптады. Руханияттың көркемдігін қолдан әлсіреттік, – деп күйінген жазушы ұлт пен ұрпақ үшін бұрынғы көркемдік кеңес дегенді әдебиет ғылымына енгізу керектігін айтады. Қолдан жасалған кемшілікті қолмен түзеу уақыт еншісінде болғанымен күн тәртібіміздің алғашқысы болуы шарт екенін жасырмайды.
Шыны керек, өмір, қоғам, мемлекет, ұлт, адамзат тұрғысында сағаттап тебірене термелеген Кәдірбек Сегізбайұлы қазақ қоғамының тағы бір асқынған дертін атаусыз қалдырмады. 
– Қазақ қоғамының жегіқұрты есебінде жершілдік пен рушылдықты, жемқорлықты айтпасқа болмайды. Біз мектепте, университетте оқып жүргенде сыныптас, курстас достарымыздың қай рудан екенін білмей өстік. Оны сұрап та жатпайтын. Кейіннен «Лениншіл жасқа» жұмысқа тұрғанда үлкендер «Наймансың ба?» деп сұрай бастады. Мен: «Жоқ, естуімше қожамын» дедім. Үлкендерден сұрасам, шынында қожа екенмін. Қазір амандасудан кейінгі сұрақ ру сұрасуға ұласты ғой. Ел ішінде ру-руға, жер-жерге бөліну етек алды. Тіпті, жоғарыға, билікке барғандар да өз кланын жинап жатады. Руынан, жерінен де баяғы. Неткен масқара? Біз қайда бара жатырмыз, қашан көш-керуенімізді түзейміз, жалпы қазақ болып ымыраласып, сыйласып, бар қазақты бір қазақ деп қабылдайтын күнге қашан жетеміз деген сауал күн тәртібінің ең басында тұр. Ел басындағы азаматтар мұны тоқтатып, көпшіл, елжанды болмаса жершілдік пен рушылдықтың зардабы талай ұрпаққа тиетін болады. Сен мың жерден жақсы азамат, жүз жерден білімді, он жерден талант бол, қоғамды аталған дерттен айықтырмасақ, көлеңкеде қалғаның  қалған! – дейді тұғырлы тұлға. Мөлдір кеудеден мөлт еткен осындай пайым-парасатқа толы пікірден қалайша тебіренбессің?! Жазушының «Жол», «Беласқан» романдарын сүйіп оқыған оқырманы ретінде қаламының қуатына шын сүйсінсек, аталы сөзіне, қазақтың бүгіні мен болашағына қатысты ойларына тамсандық...

Тарау-тарау әңгімені әсерлі баяндаған Кәдірбек Сегізбайұлының толғамын толықтай қағазға түсіре алмадық. Біз мөлшерлегеннен асып кеткен сырлы сұхбаттың кейбір тұсын ғана үзіп-жұлып оқырманға ұсынып отырғанымызды да айта кеткен жөн. Алайда, парасат-пайымынан төгілген ойларды алдағы уақытта жекелеген мақалаларға арқау ететін боламыз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ