Қайыршы да қоғам перзенті

Уақыты: 15.09.2016
Оқылды: 2570
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚАЙЫРШЫ ДА ҚОҒАМ ПЕРЗЕНТІ

         Күні бойы салпақтап көше кезіп тамақ іздеген шашы алба-жұлба, киімінің тағы бір бүтін жері жоқ жігіт түнімен  тыным таппай қоқыс жәшіктерін ақтаруда. Көзі домбығып ісінген бірі бос шөлмектердің түбін қағып, жүрегінің тоқтамауын тілеп тіміскіленуде. Бұл көріністер қарағанға жиіркенішті болғанымен нағыз жанталас тірлік еді. Иә, бұлар қайыршылар… өмірден орнын таппай адасып, әлсіздікке орын берген әлеуметтік тобыр көбеймесе азаяр емес. Оған не себеп? Бұл тақырыптың мезгіл мәселесіне айналғаны да қашан?! Өгей перзенттерді өксітіп қойған қоғам емес, өз әлсіздіктері. Шешу жолдары да талай рет қарастырылған. Газет беттеріне де жазылды, «көк жәшіктен» де көрсетілді.  Дегенмен өз қайратынан күдер үзіп, қоғамнан көмек күтуге көшкендердің тағдыры қиын-ақ.

 

                               БАЗАРДАҒЫ БЕЙБАҚТАР

       Қайыршылық жолға кім түседі? Тілемсектеніп жүруге не түрткі? Осы сауалдар санамды мазалап зерттеу мақалама тақырып болды. Жалпы қайыршы деп кімді айтады? Өмірден жеңіліп, күресуге күші қалмай, тек күндік тіршілігін қамдап, қайыр сұрау  бір сәттік, бір күндік қажеттіліктерін ғана қанағаттандыратын орта бұл. Иә, бүгінгі таңда бұлардың түр-түрі бар. Бірі шынымен теріс  жолға түсіп қол жайса, екіншісі тамағынан гөрі арағын жоғары қойғандар, ал үшінші топ жасандылыққа еніп, өздерін жарымжан ретінде көрсетушілер.

       Мен осы қайыршылар деп аталатын өзгеше топты бақылау үшін Талдықорған көшелерін кезіп, мүмкіндік туып жатса сұхбаттасуға шықтым. Қайыршы десе ойыма бірден, табаққа салған түтінін түтетіп тиын сұрайтын цыган әйелдері оралады. Оған да себеп жоқ емес. Алматыға алғаш келгенімде ауылдың бір-біріне туғанындай болып кететінін көрген мен тас қаланың жан біткенді жатбауыр қылғанын байқап жаным ауырған. Иә, бұл бейбақтарды да сол сәтте алғаш кезіктіргем. Оқуға баратын жолда қолына кішкентай баласын қыстырған  цыган келіншекті күнде көретінмін. Солай төрт жыл да өтті. Қайран қалғаным мен оқуымды тамамдап дипломымды алып қайтып келе жатқанымда әлгі жалынышты бейнені тағы байқадым. Сондағы түйгенім –олардың күнделікті тамағын тауып қана күн кешетіндігі еді.

       Мен айтқан әлсіз топ облыс орталығы Талдықорғанда көзге көп түсе бермейді екен. Бәлкім, шағын қала болғандықтан шығар. Содан кейін қайыршылар көбірек шоғырланады деген орындарға тарттым. Ол қаланың орталық базары еді. Иә, адамның көп жүретін жерінен тілемсектеніп тиын табудың жеңілге түсетінін білетін болуы керек бұл жандар. Қалтамды томпайтпасам да, азын-аулақ тиынды салып торуылда жүрмін әлі... Әзірге көрінер емес.

        Сөйтсем қазіргі кезде көшенің сәнін кетіріп, берекесін алған кезбелерге айыппұл салып, тіпті тәулікке темір торға тоғытады екен. Соны естіп сескеніп қалған-ау шамасы. Анадайда айыппұлыңды елемей, аш қалмаудың қамымен отырған келіншек көзіме түсті. Түрі шетелдікке ұқсайды. Цыган шығар деп топшыладым. Әйел адам емес пе, қанша қайыршы болса да киім киісі мен түр-әлпеті жинақы. Тек мұңға малынған жанары жер тесіп барады. Кейде  ғана жалтақ-жалтақ етіп жәрдем сұрап жанарын жоғары көтереді. Алдында тұрған титтей тостағанына түскен тиын-тебені де шамалы. Бұл бейбақтың маңынан өтіп кетпей  айналшықтап аңдып бағудамын. Ешкімнің бұрылып қарап, тиын тастамақ тұрмақ жылы қабақ танытар ниеті жоқ. Кім кінәлі? Қол жайып отырған қайыршы ма, жоқ, әлде қайыршыны аямаған адамдар  ма? Осыны түсіне алмай санам сансырап барады. Көмек сұрағанды кінәлайын десең тіптен болмайды, көз жасынан жарылып кеткен келбетіне қарасаң аяушылық сезім жүрегіңді тырнап өтеді. Ары-бері өтіп жатқан жандарды да айыптай алмайсың. Себебі, бейбақты ондай күйге түсірген олар емес. Жә, жарайды... Қалтамдағы тиынымның біразын алып, келіншектің қасына бардым. Тиын тастағанда байқағаным тостаған түбінде тұрғаны 50 теңгеге де толмайды екен. Тағы да таңдандым... бұл осы жерде қашаннан бері отыр, тіленшілік тірлігіне енді шықты дейін десең, сағат кешкі төрттен асқан. Сонда мынау... таңнан бері тапқан табысы ма?! Мүмкін тамақтанған болар? Берерімді беріп, жанынан өтіп барам. Мұңға толы жанарын жерден алып мен тастаған теңгеге алғысын жаудырып, ризашылығын жеткізді. Сол сәтте байқағаным – ешқандай да цыган емес, өзіміздің қаракөзіміз екен. Иә, қазақ келіншек. Қандасымызды осындай күйде көру жаныма батты. Оның алғысқа толы көзқарасынан өзімді үлкен көмек көрсеткендей сезіндім. Жағдайы жақсы жандарға қанша құрмет көрсетсек те мұндай алғыс алмайтынымыз ақиқат.  Ел-жұрттың көзін елемей, базар маңындағы қоқыс жәшігін бар ниетімен ақтарып жатқан жанды көзім шалды. Шынымен ешкімді елер емес. Ұят па? Аштықта ұят жоқ. Өйтпесе өліп кетуі де мүмкін-ау. Пайымдауымша, жасы 40-45 шамасындағы ер адам. Қайыршы деп осыны айтуға болатын шығар... Жұрттың тастаған жарамсызын керегіне жаратып, тамақ қалдықтарымен қарнын толтыруды жөн көретін секілді. Жиіркену...  бұл сөзді ол мүлдем білмейді-ау, шамасы. Тамақ қалдықтарын күстеніп кеткен қолымен лас пакетіне салып бағуда. Қарны ашқан да болар... сыртында қабы барларын жәйімен аршып бір тістеп қояды арасында. Мұны көрген адамның шыдап тұра алмасы шындық. Біраз бақыладым... Кейде жалтақтап айналасына жанарын тастайды. Бұйырған асты бөліске салатын ешкімнің жоғына қуанып та тұрған болар. Не керек, кілең қоқыспен бір дорба толды. Сонда да жәшіктің асты-үстіне түсіп тіміскіленіп жатыр. Кәдімгі ит тірлік. Бір күндік асын тауып көңілі көншіген жігіт жалтақтап жолға түсті. Жақындағанда түр-әлпеті мен киім киісі көзіме жат көрінді. Иә, кәдімгі көшекезер. Алба-жұлба көйлек, бір балақсыз шалбар, тозығы жеткен туфли. Түрін айтсаңшы, шашының өскеніне көптеген жылдар куә секілді. Бет-аузы күстеніп, қолы қарға тұяқтанып кеткен. Қауғадай болған сары сақалдың арасынан сығалаған көзден тіршілік иесінің орыс ұлтының өкілі екені аңғарылады. Тілемсекті тілге тартпақ ойым бар. Қолқаны жарған жағымсыз иісіне де қарамай жанына жетіп бардым.

Көше кезіп әбден ашынып кеткен жігіт те жатырқайтын емес. Сауалымды қойып, сөзге тарттым. Тіленіп жүрсе де  төмендер түрі жоқ. Тамағын тауып, көңілі көтеріліп сөзімді де менсінер емес. Не керек, қалтамдағы ақшаны көрсетіп, жолдың жиегіне тарттым. Ақшаны көргесін басқаны есіне алды ма, тіленші тәубесіне келіп артымнан ерді. Орындыққа жайғасып, сауалымды жаудырдым.

– Өзіңіз жайлы айтсаңыз? Қайдан келдіңіз?

– Мен, мен... – деп тұтыққан жігіттің жөнді сөз айтпағанына жылдар өткен сияқты. Аузын қисайтып, әрең сөйледі. Сол сәтте спирттің иісі мүңк ете қалды. Жаңағы жағымсыз иіс күшейе  түсті. 

– Мен Алматыдан келдім. Талдықорғанда жүргеніме көп болған жоқ. Алматы үлкен қала, тіршілік жасау тиімді болғанымен, түртпектеп, бір-бірін өлтіруге дайын тұратындардан қаштым. Мұнда да қоқыс аралап жүріп ұсталып қалам қамайды,  қайта босатады.  Өстіп тіршілік етудемін.

– Мұндай жағдайға қалай түстіңіз?

– Бала кезімде қиындықты көп көрдім. Әкем ерте кетті, анам араққа салынды. 9-сыныптан кейін оқымадым. Туыстардың үйінде болдым, уақыт өте олармен араласу, сыйласудың да жолы жабылды.  Оқымаған адам қайтсін... Кейін жұмыстың ыңғайы болмаған соң Алматының айналасындағы бір дөкейдің малын бақтым. Сөйтіп жүріп қарайып та қалдым. Кейін ол жұмысымды жақтырмай жалшылықтан да шығарып жіберді. Азын-аулақ ақшамен күйкі-тірлікті қаланың ішіне қайта ендім. Қай жерге барсам да жұмысқа алмады. Әйтпесе шамам келетін шаруалар да бар еді. Тұратын үйім де болмады. Тиын-тебен де таусылды. Сосын тіленшілікке көштім. Қыстың қақаған аязында далада жатқанда тоңбайын деп жүз грамнан жұтып қоятынды шығардым. Міне, содан бері осы «сусынмен» дос болып келемін. Қиналамын, қынжыламын, сол сәтте «ащы су» бәрін ұмыттырғандай көрінеді. Жылдар өте суықтан сырқатқа ұшырап, жұмысқа да жарамсыз болып қалдым. Алматыда жүргенімде жатқан жеріңе баса-көктеп кіріп, ұрып кететін өзім секілді бейбақ жандар да жетерлік еді. Солармен таласып-тартысып тамақ табудан да шаршадым... өзге қалаға ат басын бұруыма да сол себепші болды.

– Осы қаладағы күнкөрісіңіз қалай болып жатыр?

– Жаман емес, жалғыз жүремін, тапқаным тамағыма жетеді.

– Осылай жүре бермексіз бе? Осы жолдан шығу  ойыңызда бар ма? Сауалыма бағанадан бері жүрек сөзін жеткізіп жатқан жан ләм-мим демеді.

       Білем, түсінем, мен де сұрамадым. Сәл күрсініп алып, терең ойға батып кетті. Иә, бұлардың да сезімі бар, түйсігі бар. Түсінгенім – тумысынан тағдырдың тезіне ұшырап келе жатқан жігіттің жолы бір болмапты. Қатты аядым, бағанағы көрген сұрықсыз көріністерім санамнан өшіп, өмірге басқа көзбен қарағандай болдым. Дегенмен өзінен де кінә бары ақиқат.

Әжім торлаған жанары суланып, сүреңсіз бетін бір сүртті де орнынан тұрды. Кетіп бара жатып бағанағы беремін деген тиының қәне дегендей нұры тайған жанарымен сүзіле қарады. Иә, уәде еткенімді еселеп қолына ұстаттым. Бір қолында қоқыс салынған дорба, келесісінде мен берген тиын. Өткен-кеткен есіне түсті ме, көңілі құлазып кетті. Базар маңымен басын көтермеген күйі сүйретіліп бара жатты.

ЖҰМАДАН ҚАЛМАЙМЫН

       Қазақта қайыр сұрағандардың саны азаймай тұр. Қандастарымыз да бар, өзгелері де бар. Өкініштісі, біздің қоғамға жат бұл құбылыс қайдан келді? Өңірімізге өзге ел қайыршылары қалай қаптады? Көзіммен көргенім – тіленшілер күні-түні тыным көрмейді екен. Бір тілім нанға бола таңнан кешке дейін көше кезеді. Ал қасиетті жұма күні қайыршылар үшін жұмыстың нағыз қызған уақыты. Бұл күні табыс та молырақ түсетін көрінеді. Менің бұлай деуіме себеп –қасиетті күнде кембағалы бар, қайыршысы бар, бала жетектеген әйелден ақ кимешекті әжеге дейін мешіт маңында қол жаяды. Жұма намазына барған сайын Алласын аузына алып, алақан жайып отыратындар көзіме ілігетін. Жаман ойым сыртта қалып, ойланбастан ішке еніп кете беруші едім. Бұл жолы олай болмады. Алдымен сағат күндізгі 12 болмай мешіт маңайына жиналған тіленшілерді торуылдадым. Иә, осында келіп жатыр. Қазағы бар, орысы бар, өзге ұлттар да осында тоғысуда. «Алласын» айтып, жалынып тұрғанға үстіндегі тонын шешіп беруге дайын қазақтың қайырымдылығын әбден біліп алған болар, бәлкім. Ол жағы белгісіз... Әйтеуір тіленшілер мешітке кірер есіктің босағасына жайғасқан. Бейне бір жақын туысын күтіп отырғандай. Кейбірі жайбарақат, берсең бер, бермесең қой, бәрібір бұл жерден тамақ аларлық ақшам табылады дегендей. Сол ортадан  ақ самайы әжейді көргенде көңілім құлазып кетті. Немере-шөберелеріне ақылын айтып, кимешек киіп отырған әжелер көз алдыма елестеді. Кәдімгі қазақ кемпір. Қоғамның қатыгездігі қариямызға да қол жайғызғаны ма?. Сырттай бақылап тұрмын. «Садақа күнәңді жуатын су секілді» дегенді санасында сақтаған жандар тіленшілерге тиын тастап бағуда. Байқадым, көпшілігі қалдырады екен. Қол жайғандардың кейбіріне сенімсіздікпен қарасам, кейбіріне шынайы жаным ашыды. Жақындап барып қол жайған бір-екеуін әңгімеге тартып едім, жұмыс қызған шақта кедергі келтірдің дегендей сауалыма суық жауап қатты. Анадайда жер жастана отырған орта жастағы әйелге қарай беттедім. Ұлты өзге болғанымен әр сөзін Алладан бастап, сонымен тамамдайды. Сөзі де құлаққа жағымды, киген киімі мен жайған алақаны да үйлеспей тұр. Әп-әдемі келіншек, олай деуге де келмейді... Жас екені көрініп-ақ тұр. Тек жас құрғатқан жабырқау жанарлары болмаса... Тумысынан қиындық көріпті. Туыстарынан алшақ кетіп, азаматтық некеде болған екен. Жақсы күндер де жадында, тек ауыраяқ болғанын білген жігітінің жоқ болып кеткені болмаса. Жұмыстың да түр-түрін істейді екен айтуынша. «Қол жайып нан сұраудан да арланбаймын», – дейді.

– Жалпы қайыр тілемеймін, тек жұма күндері мешітке келіп жамағаттан көмек сұраймын. Иә, жұмадан қалмаймын. Ал қалған күндері көше кезбеймін, – деп сөзін қорытындылады.

Сөздерінің рас-өтірігі беймәлім, дегенмен өзін ақтап шыққаны анық.  Жанарындағы мұңға қарасаң жағдайын түсінуге де болатын сияқты. Жан-жағыма қарадым, тіленшілердің тірлігі жүріп тұр. Арбаға таңылған кембағалдар да осында. Соларды көріп еңсем түсіп, екі иінім салбырап өз жөніме кеттім.

ШЫНАЙЫ ЖӘНЕ ЖАЛҒАН МҰҚТАЖДЫҚ

     Қайыршылардың ішінде шын мұқ¬таждары да бар. Иә, арбаға таңылып жатқанын көріп жаны ауырып, балдаққа сүйенгендерге бір қарамай өтпейтіндер қалтасындағы барын беруге дайын. Мұндайлардың шын мұқтаж екенін бәрі біледі. Жолыма жиі ұшырасқандар да осылар. Иә, мүгедек мұқтаждардың тағдыры аянышты-ақ. Ал, өтірік кембағалдың күйіне кіріп, болмаса шиша үшін шындығын жасырып жарымжан көрінетіндер де жетерлік. Бірі өтірік ақсақ, жалған зағип, ал бірі жасанды мүгедек. Тіпті тиын үшін сау адамды ауруға айналдырып, үстінен пайда тауып жатқандарды да жиі естиміз. Мәселен, мұқтаждарды  таңертең әлдекімдер арбамен әкеліп тас¬таса, кеш түсе аяғымен қайтатындарын да құлағымыз шалады. Бұл дегенің ақша жолындағы арамдықпен пара-пар емес пе? Иә, бейбақтық бүгінгі таңда бизнеске айналып  барады. Өз еңбегімен нанын тауып жанын баққандар сүйіндірсе, керісінше, бір топ жаныңды күйіндіреді. Әсіресе  тепсе темір үзетін жігіттердің нәпақасын маңдай терден емес, тегін келген тиыннан іздегені дал қылады. Өз күшімен емес, мүсәпірлік ісімен күнін көрген әйелдер де ашуыңды келтіреді. Солай жүруге өздері де дағдыланып алған. Ешбірі жағдайын түзеуге ұмтылмайды. Тек бір күндік өмірін сүріп, жағымсыз әдетімен оңай олжа табуды кәсіпке айналдыра беретіні өкінішті. –Бастысы – жалған мен шын мұқтаждың арасын айыра білуіміз керек. Әйтпесе қисық кәсіптің құрбанына айналарымыз сөзсіз.  Қайыршылардың күнделікті табысы орта есеппен 3-4 мың теңгенің көлемінде екен. Бұл дегенің жұмысы бар кей адамның жалақысынан жоғары. Қуанышымызға қарай, өңірімізде өзге қалалардағыдай тіленшілер көп емес екен. Бүркемелі  бейбақтарды да байқамадым. Бүркемелі дегеніміз қайыршылығын бетпердемен жауып, өнерлерінің өрісі тарылып, жұрттан алар қайырына еңбектеніп жететіндер. Міне, сондай ашықтан-ашық алақан жаюға арланып, өз өнерлерін пұлдайтындар көзіме ілікпеді.

ТҮЙІН:

         Көңілім құлазыды. Қайыршылардың тағдырлары аянышты, әрине. Алақан жайып арақ сұраған жігіттердің санасына  Ұлы Абайдың «Есектің артын жусаң да мал тап», «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» деген сөзін сіңіргім келеді. Иә, ұлы ақын «әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» – демеп пе еді. Дегенмен, мамандардың айтуынша, қайыршылық дертпен тең екен. Яғни, бұл да созылмалы психикалық ауру. Қайыршылыққа мойын бұрған адамды бұрынғы ортасына қайтару қиын көрінеді. Сондықтан бұл қоғамның күрмеуі күрделі мәселесінің біріне айналып тұрғаны анық.

Құралбек СӘБИТОВ