Жылнама құрап жылдардан шеберлік қырнап, шыңдалған

Уақыты: 17.09.2016
Оқылды: 1846
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қаламгерлікті мақсат еткен сту­дент қауым­­ның ыс­тық ұясы    5-ші жа­тақхана. Бір бөлмеде үш жігіт тұ­ра­ды. Шеті­нен «сен тұр, мен атайын» деген сөз ше­бер­лері. Әр­қай­сы­сы еліміздің әр бұ­ры­шы­нан кел­ген сай­дың та­сын­дай бозба­ла­­лар. Со­лар­­­дың ара­сын­дағы мінезі ауыр, тау қоз­­ғалса қоз­ғал­­майтын ұс­там­ды, қа­сындағы­лар­дың әзіл-қал­жыңына жы­миып қа­на кү­ліп, әңгімені өз бол­мы­­сы­мен толық­­ты­рып қана оты­ра­тын Серік Сатыбал­диев.

Серіктің үйі  Алматының маңындағы Жамбыл ауданынан. Бейбіт – Торғайдан. Бауыржан – Шым­кент­тен. Сенбі күні Серік қара шаңырақтағы ата-анасына баруға жинала бастайды. Сондайда әзілқой Бейбіт: «Степа, сен шын доссың!  Жүрегің жұмсақ.  Қасыңдағы адамдардың қиналғанына қарап тұра алмайтын азаматтығыңа бұрыннан тәнтімін. Осы қасиетіңмен басқадан биіксің!» дейді. Сонда аңғал Серік: – Неге? – деп сұрақ қояды.   Бейбіт аяқ асты­нан мүсәпір кейіпке еніп: – Біздің аштан өлгенімізді көр­гің келмей ауылыңа аттанып барасың ғой. Аман бол, бауырым, – деп  бөлмеде тіске басар ештеңенің қалмағанынан сыр береді.  Сонда Секең ойлан­бас­тан:  – Жүріңдер!–  деп  жігіттерді  «комбинат пи­та­нияға»  қарай бастай жөнеледі.  Бөлмелес дос­та­ры сарт мәзірет жасап:  «Ақшаңды жолыңа жұм­са­саңшы, өзің  де ауылға жете алмай қаласың ғой»,  де­се де  сөздің сүйектен өткеніне шыдамай, аш құр­сақ группаластарын тамақтандырып, достық мін­детін атқарып барып,  Шиендегі ата-анасына ат­танады.  Міне,  сол кеңпейіл, аңқылдақ  жігіт  Се­рік бүгін ердің жасы елуге келді.  Сол қалпынан өз­гер­ген жоқ. Сол  баяғы  бар болса тасымайтын, жоқ болса жасымайтын сырбаз қалпы.

 Қазақтың тәрбиесі екі ұғымды ұстанады.  Ұят болмасын мен обал болмасын. Зиялылықтың бас­тауы да ардан аттамаудан тұрады.  Ендеше,  қалам­гер­ге азаматтық қасиет атаның қаны, ананың сүті­мен дарыған. Әкесі – Әшімбек  Сатыбалдыұлы мек­тепте қырық жылға жуық қазақ тілі мен әде­бие­ті пәнінен сабақ берген. Анасы – Зәмзәгүл Әріп­бай­қызы отыз жыл бастауыш сынып мұғалімі болған.  Ұлағаттың басында тұрар қос ұстаздан  бес бала өрбіген. Ауылдастарының айтуынша, ерлі-зайып­ты­лардың жарастығы көпке үлгі.  Бүгінде 90 деген  асқаралы жасты еңсерген  Әшімбек ата  жарын «Зәке», «Зәкентай», «Біздің үйдің министрі» деп  мақтап, мадақтап отырады. Отбасындағы тәрбие  Серіктің  өмірлік жолын таңдауына, салиқалы ізбен жүруіне негіз  салды. Мінезі жұмсақ болса да,  ал­ған бағытынан айнымайтын қайсарлықты  серік етті. Журналистикада шар болаттай шыңдалды.  Қа­лам­ға берген сертінен айнымады.  Ақырын жүріп, анық басты, сабазың. Бүгінде ел-жұртқа танымал қа­л­амгер. Өңірдегі аға басылым «Жетісу» газетінің Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі.  Ақпа­рат­ты газетке  қысқа, бірақ нұсқа береді.  Тапсыр­маны  лезде тастай қылып орындайды.

... Әр аптаның сейсенбісінде газет  журна­лис­тері лездеме өткізеді. Онда өткен аптада жарық көр­ген мақалалардың жазылуы, мәні-мағынасы талда­на­ды. «Жетісу» газетінің ұстанымы – ұлттық рухы­мыз­ды көтеретін мақалаларды үзбей шығарып тұру.  Ай­тары бар  ақылман қариялардың жазғанын жүйе­леп беріп отыру. Мәңгілік Елдің тарихын саралай отырып,  батыр, жаужүрек, көреген елдің ұрпағы еке­німізді ұл-қыздың санасына сіңіру.  Бүгінгі же­тістіктеріміз, ұл-қыздарымыздың өнегелі ісін басы­лым бетінен түсірмеу. Осылайша, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына газет арқылы әсер ету. Бүгінгі лез­деме де  қызу ой-таластан басталды. Жиынды өткізіп отырған бас редактор Әміре  Әрін өткен сан­дағы жарық көрген мағыналы  дүниелер мен алда­ғы  уақытқа жоспарланған  сүбелі мақалалар жайын­­да   ойын білдірді.  Ел мен билік арасына ал­тын көпір орнатқан мақалаларды жеке-жеке атап өтті. Газетке  аудандардағы қоғамдық тілшілерді тар­ту, сүйтіп, жаңалықты  барлық өңірден үзбей беріп отыру жайлы  тілшілер мен жауапты хатшыға  күн тәртібінен түспеуі тиіс міндеттер жүктеді.

Кезек кезекші редактор Еңлік  Кенебаеваға тиді.  ...Екінші беттегі «Ертегілер елінде» деген Серік аға­ның мақаласына ерекше тоқталғым келеді. Шағын мақалада үлкен ой жатыр.  Оймақтай мақалаға ке­ле­лі мәселені сыйдырған.  Әр сөйлемі тиянақты ой­ды білдіреді.  Жалпы  жамбылдық меншікті тіл­ші­міздің жазған дүниесі жып-жинақы, артық сөз жоқ. Редакциялап қиналмаймыз. Үтір, нүктесіне дейін орын-орнында.  Тақырыпты да жақсы ашады. Ол кі­сінің мақаласын «түртпей»  шығара береміз»,– деген көптің көңіліндегі ойды дөп басқан пікір айт­ты. – Шынымен де Серіктің мақаласын бір деммен оқып шығамыз,– деп келесі журналист те   орынды айтылған қолпашты қоштай жөнелді.

Меншікті тілшілерге  келесі санға тез арада  бел­гілі бір тақырыпқа мақала дайындау тапсы­ры­лып жатады.  Бұл орайда  Секең қамшы шалдырмас жорға. Оның атына ешуақытта сын айтылып көрген жоқ. Журналистиканың қара қазанында әбден қайнаған. Жауапкершілік жүгін терең түсінеді.

Серік  «Жетісуға»  о баста-ақ кіндігімен бай­лан­ған. Университетті  аяқтайтын жылы  әркім қалаған  облысқа баруы  үшін сол жақтағы бір мекемеден  «осы маман бізге керек» деген тілдей қағаз әкелуі тиіс еді.

Серік  ойланбастан «Жетісу» газетінің сол кездегі редакторы Баймолда Мусиннің есігін қағады.  Бай­мол­да аға жас жігітті  жылы жүзбен қарсы алады.  Өзі­нің бірден  аты дардай облыстық газеттен жұмыс сұ­рап келгеніне именген  ол:  – тек қана сұраныс бер­сеңіз болды.  Қызметке алмады демеймін. Ауылым осы маңда болғандықтан алысқа бармай-ақ қойсам деген  ой ғой.  Дипломымды алған соң  сіздерді маза­ламаймын. Басқа жерден орын тауып аламын»,– дейді өзіне тән ұяңдық танытып.

– Неге олай дейсің? Қолыңнан жазу келсе ала­мыз», – дегенді естігенде бозбаланың  аузы ашылып, аңтарылып қалады.  Себебі, «Жетісуға» қызметке тұру оқуды жаңа бітірген түлек үшін алынбас асудай көрінетін.

 Редактор бірден  бөлім меңгерушісі Мейрамбек Төлепбергеновты шақырып алып, «Мына балаға тап­сырма беріп, байқап көрейік. Өзі Ұзынағаш жақтан болса, онда аудан орталығынан салынбақшы Ауған соғысы боздақтарына  арналған ескерткіш құрылы­сы­ның неге тоқтап тұрғанын зерделесін» деген тап­сырма береді.  Қасиетті журналистика факуль­тетінің қабырғасынан алған білім-білігін басшылыққа  ұс­таған жас тілші тақырыпты ашуға бар күшін салады.  Мақаладағы ойдың орамдылығына  риза болған басшы Секеңді бірден жұмысқа қабылдап жібереді.

Серік Әшімбекұлы «Жетісудан» қанаттанды. Жур­налистиканы жаңадан бастаған кездері жайлы: «Ре­дактордың орынбасарлары Ерғали Ахмет пен Жұ­маш Арғымбай, жауапты хатшы Ерғазы Әсембек, ауылшаруашылығы туралы телефонмен мәлімет ал­ғанда дауысы бүкіл дәлізге естіліп жататын Мұға­лім­бай Жылқайдаров, анда-санда домбырамен «Сары би­дай» әнін шырқап қоя беретін Орысбай Әбділдә, алғыр ақпаратшы Марат Әбдіхалық, Рәтбек Терлік­баев сияқты сайыпқыран журналистермен, оның сыр­тында тоғыз қабатты ғимаратқа орналасқан өзге де газет-журналда еңбек ететін танымал қаламгер­лер­мен бір есіктен кіріп-шыққаныма мәзбін, мәртебе санаймын. Хат бөлімінде қашан көрсең ақ қағаз бетін құ­мырысқадай тізілген майда әріптермен сығылыс­ты­ра толтырып отыратын жазушы Әбіқұл Ибра­ги­мов­тан тағылым алдым. Жолдасхан Бозымбековтың «Ж­етісудың» жанынан шығарған «Қазақ батырлары» га­зетінің алғашқы бір-екі санына атсалыстым. Сол күз­де еліміз тәуелсіздігін жариялады. Сөз бостан­ды­ғы, демократия, пікір алуандығы дегендер ұранға ай­нал­ған  шақта жаңадан көптеген балама басылым пай­да болып, тілші қауымға таңдау мүмкіндігі мо­лы­нан ашы­­ла қалды», – деп еске алды  бү­гін­де қыранша бап­­талған журналист жігіт. 

Момын  адам дойырланса «бас бер­мей» ке­те­тіні бар.  Жапа шек­кен­нің жел жағына шы­ғуға бейім тұра­тын  қаламгер қауым үшін бұл  қа­лып­ты мінез.  Секең де  поли­тех­никалық институт профес­со­рының әді­летсіздікке  тап бол­ғаны жайлы жан­ай­қайын қала­мына арқау етеді. Про­фес­сордың сөзінше, ай­тар ой­ды  бастырмалата төгіп-төгіп  жі­берді. Өзі ойы мақа­ланы осы күйін­де газет бетіне жа­риялап,  бас­­­сыз­дыққа жол бер­гендердің ая­­ғын аспан­нан кел­тіру. Бі­рақ, кей-кезде жур­на­листік этиканы сақ­тап, мә­селені жі­бітуге тура ке­ле­тін кез­дер бо­лады.  Кәсіби заң­ды­­лық­ты  сақтау баспасөз бас­шы­сының басты міндеті. Ер­тең бәрі соңғы қол қойған адамнан  сұра­ла­ды. Оның үстіне түзете беру еш ба­сылымға абырой әпер­месі анық.  Осы­­ны ескерген  Баймолда Му­син: «Ма­қа­ла даулы екен. Мәсе­ленің ақ-қарасын әбден ажы­­ратып алайық.  Та­ғы да бір қарап, деректеріңді анық­­та», – дейді.  Қа­ны тасып тұрған ал­бырт жігіт мұны «баспаймыз» деген тоқтамға санап, есік­тен адым­дай аттап, жұмыс­тан шығуға арыз жазып, бір­­жо­лата кетіп қалады.  Жастық шақта қателесудің б­о­ла­тыны тәмсіл. Бірақ, Серік кейіннен осы қылығы үшін талай қысылып, өкін­гендігін айтқан еді.  «Же­тісу­дан үйренерім көп еді. «Ағамыздың  «пысықтау керегін», «жариялауға жара­май­дыға»  балап,  есіктен шығып кеткенім  үшін әлі күн­ге дейін ұяламын, – дейді замандасым.  Өмір-өзен Се­кеңді ары қарай өз арнасы­мен алып кетеді.   Біраз меке­меде тәжірибе жинатты.  Ол Қазақ радио­сы­ның Алматы қаласы мен облысы редакциясында редактор, шетелдердегі қазақтарға ра­диохабарларды тарату  бас ре­дакциясында  аға ре­дак­тор, «Шалқар» Ұлттық бағ­дар­ламасы мен жастар ре­дак­циясында – редактор-стилист, жедел ақпарат ор­талығында – коммен­та­тор­лық міндеттерін атқарды.  Барлығы журналистиканың пұш­пағы. Алысқа кеткен жоқ. Мамандыққа адалдық танытты.

 Бірақ, ат айналып қазығын тауып,  тура жиырма  жыл­дан кейін Серік Сатыбалдиев «Жетісуға» қайтып келді. «Бес жыл радиода, алты жыл әкімшілік пен ау­дандық газетте істегенім бір төбе де, «Жетісуым» бір төбе.  Осында бас редактордан бастап тамаша адамдар, нағыз өз ісінің асқан шеберлері еңбек етеді. Әрқай­сысы бір-бір  журналистік мектеп дерсің үйренген адам­ға», – дейді  ол  өткен күндерді еске алып.  Жур­налистік соқпақ жол  Сатыбалдиев Серікті жақсы-жай­саңдармен табыстырды. Алғашқы ұстазы  Үмбет  Әб­на­зарұлы  Желтоқсан оқиғасының белді қайраткері.  Ол ҚазТАГ-тың  қазақ жастарын «нашақор» деп жала жапқан сөзін эфирге жібермегені үшін саяси қуғын-сүргінге  ұшыраған ұлтжанды азамат. Кейіннен толық ақталып, үйіріне қосылып, талай ұл-қызды радио­журналистикаға бейімдеген.  Үмбет ағасы  да Серікті  тілшілікке бейімдей жүріп,  материал дайындау, сұхбат алу,  жүйелеп сөйлеу, ойды шашыратпай жеткізу, дауыс мәнерін қою,   тіл заңдылығын сақтау бары­сын­да  тәрбие береді. «Астана дауысы» газетінде  Қа­жы­тай Ілиясұлы,  фантаст қаламгер Нәрбин Кенжеғұлова,  ақын Рахымжан Өтегенов, тележүргізуші Бейбіт Құ­сан­бек сынды танымал тұлғалардан тәлім алып,  аға­лық қамқорлықтарына кенеледі. «Жақсы – жайсаңдар өмір жолымда көп кездесті. Соның бірі жерлес жур­на­лист – Күмісжан Байжан апай. Ол кісінің маған жа­саған қамқорлығы шексіз. Жаңылсам аузыма сөз са­лып, сүрінсем демеді»,– дейді  жақсылықты қайтара алатын, болмаған жағдайда айта алатын әдетімен сал­мақтай сөйлеп.  Қажытай Ілиясұлы Жамбыл ау­дан­дық газетіне жаңадан барған Серік Сатыбалдиевті ба­сылым редакторы  Есенқұл Жақыпбековке таныстыра келе,  тасқа ұрса да кіріп кететін мық шегеге теңейді.  Бұл жаңа ортада оның алар орнын белгілеп, жауапты міндеттерді  сеніп тапсыруға болатынына кепілдік берген еді. 

Серік  Әшімбекұлы – бақытты жан.  Басы аман, бауыры бүтін.  Ата-анасы қасында.  Байлығы Айдос пен Ақерке есімді қос құлыны. Жары – Раушан  еріне серік,  отбасына берік, шаңырағының алтын діңгегі.   Басында баспана, қолында қызметі бар. Ол қуса жеткізбейтін қу дүниені ойлап бас қатырмайды. Қоңыр ғана тірлігі көңілінің хошы.  Елуге  өзіне ғана тән аяң жүрісімен асықпай-аптықпай, ар алдындағы адал­дық­ты ту етіп жетті.  Замандас қаламгердің  елі, ата-анасы, дос-жараны алдындағы  азаматтық борышын  адал атқарып келе жатқаны баршаға үлгі.    Бағыты айқын,  адымы нық азаматтың тұғыры биік болғай!

Гүлжан Тұрсын

Құттықтаймыз!

Сан жылдан бері қа­рым­ды қа­ламынан туын­даған қуат­ты шы­ғар­ма­лары арқылы жур­­на­­лис­тика саласына өзінше сүрлеу салған әріп­тесіміз Серік САТЫБАЛ­ДИЕВ ер­дің жасы елу­ді еңсерді. Осы уақытқа дейін тал­­май ізден­ге­нінің, шығармашылыққа де­ген тө­зім­ділігінің ар­қасында абыройлы еңбек етіп, ру­ха­ният әле­мін­де өзіндік қолтаңбасын қа­лып­тас­тырды. Әлеу­меттік мәселелерді сөз құ­дыреті ар­қылы оңы­нан шешуге атсалысып, тәуел­­сіз елдің бүгіні мен келешегі үшін ерен ең­бек етті.  Да­рынды да жалынды әріпте­сімізге шығарма­шы­лық табыс, баянды да бағалы ғұмыр, отба­сына бақыт ті­лей­міз! Сезімді сө­зімен сөйлете білетін Серікті айтулы мере­кесімен өзінің сүйікті ұжымы – «Жетісу» га­зеті құттық­тайды. 

Қара сөздің қасиетін, қарағым,

Сезіндің де сұлу дүние қаладың.

Ақ жаныңның адалдығын танытты

Ақиқаттан суырылған қаламың.

Болмысың да елден ерек деп білем,

Ал көңілің – көк теңіз де көк кілем.

Қарапайым қасиетің дарыған,

Жүз жасаған Жамбыл сынды

                                               тектіден.

Ердің жасын арқаладың сен бүгін,

Жүрегіңнің қалай айтам кеңдігін.

Қаламыңнан небір ойлар туындап,

Бір ғасырға жетелесін өрлігің.

“Жетісулықтар”.