Өнердің мәні - ұлтқа қызмет етуде

Уақыты: 19.09.2016
Оқылды: 2142
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Шынайы өнер  ұлтқа қызмет етуі тиіс. Осылай дегенде біздің ойымызға белгілі суретші-иллюстратор Аңсаған Мұстафаның есімі оралады. Оның әр туындысы адамдарды кемелдік пен парасатқа, ізгілік пен мейірімділікке үндейді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға шақырады. Суреттері көрерменмен үнсіз сырласады. Ойландырады, толғандырады. Сол себепті де біз қылқалам шеберімен арнайы сұхбаттасып қайттық. Оның өмір өнер туралы орамды ойлары мен келелі пікірлері ешкімді де бейжай қалдырмайды.

Аңсаған ханым, әр адам болашақта кім болам деген сұраққа бала кезінен бейім­делетін сияқты. Осы тұрғыдан алып қара­ғанда сіз­дің сурет өнеріне деген қызығу­шылығыңыз қай кезден басталды? Және оған не себеп болды?

– Өмір деген қызық қой. Кейде ойламаған жерден болашағыңды айқындайтын оқиғаларға тап болып жатасың. Менің  суретшілік өнерді таңдауыма басымнан өткен мынадай бір қызықты жайт себеп болды. Үшінші сыныпты ойдағыдай тамамдадым. Сарыла күткен жазғы демалыс та келді. Ойын баласы үшін одан артық не керек?! Бір күні әкем шашыңды тықырлатып алып тастайын. Келесі оқу жылына дейін өсіп кетеді. Есесіне басың сергіп қалады демесі бар ма?.. Әрине, мұндай ұсынысты бірден қабылдаған жоқпын. Оның үстіне қыз бала үшін шашты тықырлап тастау ұят. Ақыры әкем екеуміз бір тоқтамға келдік. Ол маған велосипед алып беретін болды. Ал мен болсам, шашымды алды­ра­тын болып келістім. Сөйтіп, бір-ақ күнде «тақырбас» атанып шыға келдім. Ойымда ешнәрсе жоқ. Ойын қуған күндер бірінен соң бірі өтіп жатты.

Бірер күн өткен соң мектепке шақырып жатыр деген хабар келді. Айналаны тазалау жұмыстарына оқушылар атсалыссын дегені екен. Бардым. Сыныпқа кіре бергенім сол еді, балалар маған қарап ду күлді. Шашымды алып тастағанымды ұмытып кеткен мен сонда барып  есіме түсіп, ұяттан өртене жаздадым. Енді бұл мектепке ешқашан бармаймын деп жылағаным әлі есімнен кетпейді. Амал жоқ, әке-шешем басқа мектепті іздеуге кірісті. Сондағы тапқандары осы көр­кем­сурет мектебі болып шықты. Міне, менің өнердегі алғашқы қадамым осылай басталды.

«Тәрбие түбі – тал бесік» деген аталы сөз бар. Әрине, суретші болып қалыптасуыма үйдегі тәлім-тәрбиенің ықпалы мол болды.

Мен қаламгерлер отбасында өстім. Әкем – жазу­шы, шешем – журналист. Әлі есімде, әкем «Балауса» баспасында жұмыс істеген кезде су­рет­шілердің шеберханаларына жиі апаратын. Ал анам болса «Ақ босаға» газетін шығарады. Соған орай, ме­нің балалық шағымның көбі редакцияда өтті десем артық айтпаспын. Осындай дүниелер шы­ғармашылығымның шыңдалуына үлкен әсер етті.

– Сіздің суреттеріңіз көрерменге әлеу­мет­тік желі арқылы  кеңінен таныс. Қо­ғамда орын алып жатқан мәселелерге бейнелеу өнері арқылы үнемі үн қатып келесіз. Осының мәнісін қалай түсіндірер едіңіз?

– Бейнелеу өнерінің дәл осы жанрын таң­дауы­ма редакцияда

жұмыс істеген жылдарым себеп болды. Га­зет­тің дені негізінен әлеуметтік тақырыптар ғой. Қо­ғам­да түйткілді мәселелер шаш-етектен. Бірте-бір­те иллюстрациялық суреттер мені қатты қы­зық­тыр­ды. Қарап отырсаңыз, қазір жастардың басым бө­лігі интернетте отырады. Өздерінің ойларын ор­таға салып жатады. Мысалы, журналистер ма­қа­ласымен, ақындар өлеңдерімен, тарихшылар зерт­теулермен, саясаткерлер ой-пікірлерімен бөліседі.

Газетке жариялап жүрген суреттерімді бір күні мен де фейсбуктегі парақшама салып көрдім. Менің бұл бастамамның әлеуметтік желідегі достарыма бірден ұнағанын байқадым. Содан бастап қызығушылығым ояна бастады. Неге мен өз шығармаларым арқылы қоғамдық мәселелерге атсалыспаймын деген ой келді.

Біз қазір жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Әлемде болып жатқан оқиғалар  көз алдымызда. Бәрі ашық. Кейде осы ашықтық тым шектен шығып бара жатқан сияқты көрінеді маған. Бүгінде ұлттық иммунитеті әлсіз жастар пайда бола бастады. Дәстүрсіздік белең алды. Мұның үлкен апатқа ұшырататыны жасырын емес. Сондықтан да біз осындай жат қылықтармен күресуіміз керек. Оны айғайлап айтқаннан еш нәтиже шықпайды. Қазіргі заманға лайықтап, қазіргі жастардың түсінігімен олардың санасына сіңіре білуіміз керек деп ойлаймын. Біз үнемі интернет туралы біржақты пікір айтудан жалық­пай­мыз. Әлеуметтік желі жастарды улап жатыр деп дабыл қағып жатамыз. Итернет – ол тек құрал. Оны дұрыс қолдана білсең ұтасың, ал бұрыс пайдалансаң ұтыласың.

– Сіз өз ұлтыңыздың патриоты ретінде Қазақ хандығының  550 жылдығына 55 жаздық кеудешеге ұлттық құнды­лық­та­ры­мызды ұлықтайтын суреттер салып тарат­тыңыз. Бұл бастама қалай туды және оны жастар  қолдады ма? Осы туралы кеңінен таратып айтып бер­сеңіз.

- Өткенге көз салмай болащағыңды бағдарлай алмайсың. Қазақтың дарқан даласына көз тігіп қараңыз­шы. Онда ата-бабаларымыздың ізі сайрап жатыр. Олардың жүріп өткен даңқты жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Қазақ хандығының 550 жыл­дық тойы бабалар рухына тағзым етудің бір парасы. Сол арқылы біз ұлтымызды ұлы мұрат­тар­ға бастаймыз. Жас ұрпақты рухтандырамыз. Рухы мықты ел келешегінің кемел болатыны сондықтан.

Осы бір торқалы тойға атсалысуды перзенттік парызым деп санадым. Ойлана келе замана көшіне лайық дүние жасауды жөн көрдім. Алғашқы идеямды тағы да әлеуметтік желі арқылы білдір­дім. Ұлттық нақыштағы суреттер бейнеленген 55 түрлі футболкалар жасап шығарамын, егер осы ұсы­нысымды 550 адам қолдаса дереу іске кірі­се­мін деп уәде бердім. Нәтижесінде қолдаушылар саны 550 емес, мыңнан асып-жығылды. Енді шегінерге жол қалмады. Сөйтіп, идеям нақты іске көшті. Қарап отырсақ, жастарымыз батыстың бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жазулары мен суреттері бейнеленген киімдерді онсыз да киіп жүр ғой. Ал егер оларды ұлттық құн­ды­лық­тарды дәріптейтін киімдермен алмастырсақ қан­дай ғанибет?!

– Еңбектеріңізді бағалап, тапсырыс берушілер көбейіп – жатқан шығар. Бұл жайында не айтар едіңіз?

– Әуелде футболкаларға дизайн жасауды табыс көзіне айналдыру ойымда жоқ еді. Бірде итальян­дық Бендетто есімді бір кісі хат жазды. Си­ракуза қаласының тұрғыны екен. Ол менің суреттерімді интернет арқылы тамашалапты. Қат­ты ұнағанын айтып, алған әсерлерімен бөлісті. Ол кісімен әлеуметтік желіде дос болып кеттік.

Бір күні ол футболкаларымның дизайны тура­лы, қалай сатылып жатқаны жайында сұрады. Мен оларды тегін таратып жатырмын дегенде қат­ты таңғалды. Бұл саланың бізде әлі дамы­ма­ған­дығын өзімше түсіндіруге тырысамын. Кейін әлгі итальяндық досым интернет арқылы өзінің дүкені мен шеберханасын көрсетті. Ол кісіден көп нәр­сені үйреніп, көңілге түйдім.

Қазір міне, жарты жылдан асты, www.ansa.kz сай­тын ашып тұтынушыларымның көңілінен шы­ғуға тырысып жүрмін. Бұл сайт футболкалар са­та­тын интернет дүкен. Осы күнге дейін он мыңға жуық футболка сатып үлгеріппін. Табыс тапқан,  әри­не, жақсы. Ал ұлтқа қызмет ету одан да зор мәр­тебе.

– Қарап отырсақ, сіздің туынды­ла­ры­ңыз нағыз билбордқа  сұранып тұрған ең­бектер. Сол арқылы мың­даған адам­дардың ұлт­­тық санасы оянады деп ойлай­мыз. Осын­дай ұсыныстар түскен кездер болды ма?

– Егер сенің туындыларың халқыңның қа­же­ті­не жарап, одан рухани ләззат алатын болса, өнер адамы үшін одан асқан бақыт жоқ. Менің туын­дыларымның бәрі әлеуметтік мәселелерді қам­ти­ды. Мысалы, жасанды түсік тастау, яғни аборт қа­зіргі қоғамның айықпас дертіне айналып барады. Шалыс басқан қаншама бойжеткендер амалсыз осы бір қатерлі жолды таңдайды. Оның үлкен өкініштерге апарып соқтыратыны қандай ая­нышты. Ана ретінде бұл мәселе мені де қатты тол­ғандырады. Жас ұрпаққа ой салу мақсатында осы тақырыпқа арнаған иллюстрациялық сурет жасадым. Тақырыбын «Мамам мені өлтіретін шығар» деп қойдым. Бұл еңбегім Қазақстанға ғана емес, бірқатар елдерге де тарап кеткенін кейін білдім.

Бір күні поштама хат келді. Күйеуінен ажы­рас­қан жас келіншек құрсағындағы сәбиді алдыр­маққа бел буыпты. Бірақ оның райынан қайтуына менің әлгі суретім себеп болыпты. Хатты оқып еңіреп тұрып жыладым. Қуан­ға­ным­нан жыладым. Бір өмірдің үзіліп түспеуіне жол бермедім. Менің өнерім жол бермеді. Міне, өнердің құдіреті деген осы. Мұндай шығармалар менде аз емес. Әрине, өзіме-өзім жарнама жасайын деген ойдан аулақ­пын. Айтайын дегенім, егер осындай дүниелер билбордтар болып көше­лерде ілініп тұрса, әсері одан да зор болатын еді. Сол арқылы мыңдаған адамдардың өмірге деген көзқарасы өзгерер ме еді?.. Адамгершілік пен ізгілік, парасат пен имандылық сияқты ізгі қасиет­тер қанатын кеңге жаяр ма еді?.. Мұндай билборд­тардың ұлтты, ұрпақты тәрбиелеуде алатын орнының ерекше болатыны сондықтан. «Малым­ды алсаң ал, құдай, пейілімді алма» дейді ғой атам қазақ. Адамдардың көңілі ешқашан кірлемесе екен.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Болат Мәжит.