"ОРАЛМАН" СӨЗІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 724
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Достық үйінде «Қазақтану» жобасы аясында «Атажұртты аңсау» тақырыбында кездесу өтті. Шараға Достық үйі директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, облыстық Ассамблеяның хатшылығы, этномәдени бірлестік басшылары мен белсенділері және «Жаңғыру жолы» жастар штабының өкілдері қатысты. 

Сөз кезегін алған республикалық «Қазақ қауымдастығы» орталық ақпараттық бөлімінің меңгерушісі Серікхан Ахметов: 
– «Оралман» сөзін кемсіту ретінде санамау керек. Өйткені, ата-бабамыз балаларын Оралбек, Оралхан деп атаған. Ұрпағы соғысқа аттанғанда аман-есен оралсын деген ниетте есім қойған, – дей келе құжат рәсімдеу мәселесіне тоқталды. 

Жиын барысында оралман мәртебесін алудың заңдылығы талқыланды. Бүгінде оралман мәртебесін өз еркімен ҚР аумағына келген және республика аумағынан тыс жерде тұратын жандар да ала алады. Мәртебені алу үшін алдымен жергілікті әкімшілік мекемеге өтініш жазады. Содан кейін барып республика аумағында тұрақты тұруға рұқсат алып, соңынан куәлігін алады. Барлық талаптарды заң негізінде рәсімдеген этникалық қазақ жәрдемақы, өтемақы және басқа да көмек түрлерін алуларына мүмкіндігі бар. 

Жиын соңынан қатысушыларға Алғыс хат табысталды. 

Эмиль КУРБАНОВ