БІР ӘУЛЕТТЕ ТӨРТ ҰЛТ, ЕКІ ДІН: ҚАПШАҒАЙДА ТҰРАТЫН ЖАРАСЫМДЫ ЖҰП

Уақыты: 02.05.2021
Оқылды: 1257
Бөлім: РУХАНИЯТ

Түрлі ұлт өкілдерін таныстырған, табыстырған - Қапшағай! Алматы облысының іргелі, өнімі молайып, кәсібі өрге домалап келе жатқан шуақты қала қаншама жастың қуанышы мен махаббатына куә. Осындай ауызбірлігі жарасым тапқан, шаңырағының берекесі кірген бақытты жандардың бірі - Маргарита Нам мен Максим Ортумбаев.

Бүгінде айрандай ұйып отырған отбасының екеуі де аралас ұлттың перзенттері. Екі баланың анасы Маргаританың әкесі кәріс, шешесі орыс, ал отағасының анасы украин, әкесі қазақ. Ең қызығы, олардың ата-аналары да, өздері де Қапшағайда танысып, үйлі-баранды болып, тату тәтті өмір кешуде.

Қазіргі уақытта ата-енесі Теміртау қаласында тұрып жатқанымен айдынды Қапшағайға жиі келіп жүреді екен. Бұл жер қай-қайсына да ұнайтын, жағымды орынның бірі. Шағын өңірдің жылдан-жылға әр саласы қанатын кеңге жайып дамып отырғандықтан, мұнда өмір сүру де ыңғайлы, жайлы екенін жасырмады үшіншісін күтіп жүрген ана.

Осындай көп ұлтты бір шаңырақ астына жинаған отбасы мұсылман, христиан діндерін, кәріс мәдениеті мен салт-дәстүрін ұстанады. Маргаританың сөзіне қарағанда, жолдасы екеуі бірнеше мәдениетті және дінді бойларына сіңіріп өскен. Еліміздің ортақ мейрамдарын, оның ішінде, Наурыз, Жаңа жыл, басқа да дәстүрлі мерекелерді аса үлкен дайындықпен қарсы алады. Мұнда барлық әдеп-ғұрыпқа сай сан алуан тағамдар дайындалып, ақ дастарқан жайылады. Дәл осы дастарқан басында баршасы жиналып, үлкендер батасын беріп, әр мерекені қызықты өткізетіндерін айтады.

Бүгінде жарасымды жұптың қала орталығында «Кидди бутик» атты балалар дүкені бар. Осы отбасылық кәсіпті болашақта қызы Софья мен ұлы Эмирхан ары қарай дөңгелетіп әкететіндеріне сенімді. Ынтымағы келіскен шаңырақ иелері туған жері Қапшағайдың өркендеуіне ат салысып, қала әлеуетінің дамуына барынша өз үлес қосып келеміз дейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"