ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІК АЛА САЛЫП ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМГЕ НАЗАР АУДАРДЫ

Уақыты: 11.12.2021
Оқылды: 1549
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздік – тамыры тереңге бойлаған, жүректі тебірентер қасиетті де қастерлі ұғым. Тәуелсіздік – қайсар да рухты ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманы, бейбіт елдің ұрпақтары қол жеткізген ұлы тарихи сәт. Бостандыққа ұмтылған ата-бабаларымыздың өршіл намысы мен таусылмас төзімділігінің жемісі.

1991 жылдың 16 желтоқсаны - Қазақ халқы үшін ең айтулы да маңызды күн. Дәл осы күні еліміз егемендігін алып, өз алдына жеке мемлекет ретінде жарияланды. Сондықтан да, 16 желтоқсан - тәуелсіздік күні әрбір қазақстандықтың ұлттық әрі төл мерекесі деп айта аламыз. Тәуелсіздік – әрбір елдің басты қазынасы, ең негізгі асыл мұраты және теңдесі жоқ байлығы. Жалпы, ғылыми түрде тәуелсіздік «дербес елдің бостандығы, егемендегі мен елдігінің мызғымас белгісі» деген мағынаны білдіреді.

Тарихқа көз салатын болсақ, "Бір ел - бір тағдыр" қағидатына негізделген Қазақстан халқының келісімі мен бірлігі туралы Тұңғыш Президентіміз - Нұрсұлтан Назарбаетың саясаты еліміздің іргетастының қалыптасуына зор ықпалын тигізді. Елбасымыз баршамызды Қазақстанның ұлттық рухын – салт-дәстүр, патриотизм, жаңару мен жеңіс рухын нығайтуға шақырды. Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың кезекті мақаласын мұқият зерделей отырып, бейбітшіліктің құнды жәдігеріміз екендігін, оның  қоғамымыз үшін маңыздылығын байқай аламыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында тәуелсіздіктің 30 жылдығы Қазақстанның төртінші әлемдік даму стратегиясымен дәлме-дәл келіп отырғандығын атап өткен болатын.

Негізінен, төртінші даму стратегиясының ең басты міндеті – заман талабына сай, жан-жақты жетілген, алдыңғы қатарлы білімді ұрпақты тәрбиелеу. Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде «ел болашағы білімді жастардың қолында» екенін айтқан болатын. Расымен де, XXI ғасыр білектінің емес, білімдінің заманы екендігі барлығымызға мәлім.

Қазақстан Тәуелсіздік алысымен, білім беру жүйесінің және ғылым саласының дамуына басты назарды аударды. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің аумағындағы жоғары оқу орындарына қазақша атаулар беріліп, факультеттер мен кафедралар арасында қазақ бөлімдері, яғни, қазақ топтары көп ашылды.

Қазіргі таңдағы  еліміздегі ең үздік жетекші оқу орны – әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университеті. Әлемнің екінші ұстазы, ойшыл, ғұлама әл-Фарабидың есімі берілген Қазақ ұлттық университеті білімді жастарды, білікті мамандарды даярлау жолында аянбай еңбектенуде. Бүгінде ҚазҰУ құрамында 16 факультет, оның ішінде, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк жұмыс жасайды. 2000-нан астам профессор, докторлар, ғылым кандидаттары мен 100-ден астам академик дәріс өткізеді.

Жалпы, мемлекетіміздің сыртқы саясатын жетілдіріп, өзге елдермен қарым-қатынастарын жақсартып, құқықтық жүйемізді қалыптастыруда халықаралық заңгерлердің алатын орны ерекше. Халықаралық құқық кафедрасының ашылуы Қазақстан Республикасының егемендік алу жылдарымен сәйкес келеді. Халықаралық құқық кафедрасы бүгінге дейін білім беру жүйесінде үздіксіз даму үстінде, сонымен қатар, біздің кафедрамыз Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия елдеріндегі халықаралық құқық саласында маманданушы заңгерлерді даярлау бойынша жетекші орталық болып табылады.

Бұл мамандықтың ерекшелігі білім алушы студенттер еліміздің заңымен қоса, басқа мемлекеттердің құқықтық жүйелерін негізге ала отырып бірге талқылап, салыстырмалы түрде қарастырады. Халықаралық құқық мамандығы халықаралық қатынастар факультетінің құрамында жұмыс жасағандықтан, студенттерге өздері таңдаған шет тілдерін үйренуге және оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Өйткені, біздің мамандығымызда даярланушы жастар болашақта өз елінде ғана емес, өзге мемлекеттерде де қызметке орналаса алады. Осы отыз жыл аясында біздің кафедрамыздан сан мыңдаған түлек білімін жетілдіріп, болашаққа нық қадам жасады және де әрбір студент бәсекеге қабілетті, жан-жақты жетілген, білікті маман ретінде қалыптасып шықты.

Қазіргі таңда халықаралық құқық мамандығының түлектері жоғары лауазым иелері атанып, еліміздің қарқынды дамуына, гүлденуіне елеулі үлестерін қосып жүргендігі - біз үшін үлкен мақтаныш. Халықаралық құқық мамандығында білім алушы жастар, болашақта еліміздің өркендеп, гүлденуіне өз үлестерін қосатындарына сеніміміз мол. Себебі, біздің кафедрамызда, студенттер мен оқытушылар құрамын отансүйгіштікке, тәуелсіздігімізді қастерлеуге шақыратын көптеген іс-шара өткізіліп отырады. Ал биылғы 2021 жыл кафедрамыздың аумағында тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына байланысты ауқымды жобалар мен байқаулар ұйымдастырылды.

Тәуелсіз ел болу үшін бейбітшілік жолында жан алысып, жан берісіп құрбан болған ата-бабаларымыздың ерлігіне басымызды иеміз, олардың рухына тағзым етеміз. Өйткені, бүгінгі таңда алаңсыз білім алып, адал қызмет етіп, емін-еркін өмір сүріп жатқандығымыз әуелі бір Алланың, содан кейін ұлы бабаларымыздың арқасында екендігі баршамызға аян. Ұлттық құндылығымыз әрі асыл мұратымыз – Тәуелсіздігімізді баянды етіп, болашақ ұрпаққа аманат ету біздің басты парызымыз!

С.АПЕНОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты

С.ТІЛЕУБЕКОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық құқық кафедрасының оқытушысы

Д.СЕРІКҚАНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық құқық мамандығының 4-курс студенті

Сурет - ғаламтордан