"СОҒЫС БІТТІ. ӘКЕМ ҮЙГЕ КЕЛМЕДІ": НҮСІПБЕК ИСАХМЕТОВТІҢ ЖЫР-АМАНАТЫ

Уақыты: 27.11.2020
Оқылды: 1506
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Шаба алмай қалдым жазықта,

Тұяғым тасқа кетілді.

Ескі жұрттағы қазыққа

Құлаған тұлпар секілді...»

Нүсіпбек Исахметов

Жер бетінде қанша ақын болса, ұлы Жаратушының әр ақынның пешенесіне жазған тылсым сырлы тағдыры да соншама болады. Сырт көз қанша жерден бірін-біріне ұқсатқанымен, түптеп келгенде, нағыз ақындардың тағдыры да, өздері де бірі-біріне ұқсамайды. Бұл – Жаратылыс – Ананың жер үсті тіршілігіне жолдаған ұлы жұмбақтарының бірі. Заманалар зерттеп, дәуірлер тоқығанымен, адам ойы мен санасына тізгін бермей, ырқына көнбей келе жатқан осы бір сырлы да, нұрлы жұмбақтың жалынан қандай жан сыйпағысы келмеді дейсіз?! Ақын табиғатын тануға септігі тигенімен, бұл «сыйпаулардың» ешбірі әлі күнге Алладан келген әлгі ұлы жұмбақтың сырын толық аша алды деуге кімнің аузы барады? Кесіп ешкім айта алмайды. Айту қиын...

Күні кеше ғана арамызда жүріп, өзінің өзгеше болмыс-бітімімен, өрісті жырларымен таңын атырып, кешін батырып, ғұмыр кешкен, «еңісте де ер жүретін орынның барына» бар ой-санасымен сенген, біреуден «оздым» деп апшымай, біреуден «қалдым» деп шапшымай, «ел ішін – алтын кеніші» санаған қадірлі ағамыз – ақын Нүсіпбек Исахметов тағдыры мені ылғи да осындай бір жұмбақ ойлардың әлеміне жетелейді.

Алты құрлық «Коронавирус» дейтін  жұрағаты  мен жөні, тегі мен тұрпаты белгісіз індетпен алысып, үйді-үйде қамалып отырған көктемнің жазға ұласар қатерлі күндерінің бірінде есімі елге танымал, Ұлттық ғылым академиясының академигі, ғылым докторы, ұлт биологиясының көрнекті өкілі Мәкен Молдабайұлы Тойшыбеков ағамызбен сөйлесіп қалдым. Сөзге жүйрік, әдебиетті көп оқып, ұлт санасын тәрбиелеудің қажеттігіне ден қойып жүріп өскен, қалыптасқан тұлғалы  ғалыммен  ауыл, ел тіршілігі жайлы сөйлестік. Сондай келелі әңгіменің бір тұсында: «Нұрлан, шырағым, өзің айтпақшы, мына «тізгінсіз тажалдың»  қыспағына түскелі елді ойлайсың, өмірден өткен арғы-бергі ағайын-туысты, дос-бауырларды ойлайсың... Қатарлары мүлдем сиреп барады... Нүсіпбек марқұмның: «Шаба алмай қалдым жазықта, тұяғым тасқа кетілді. Ескі жұрттағы қазыққа құлаған тұлпар секілді...» дейтін бір шумақ  өлеңі тіл ұшына оралып отыр. Көзі тірісінде екеуміз де қалжыңды қардай боратушы едік. Ақкөңіл еді. Азаматтығы мен ақындығына халық риза болатын. Сөз түсінгендер, марқұм Нүсіпбектің әзілі мен қалжыңын ауыр алмайтын... Ол мені, мен оны салған жерден түсінуші едік. Енді қалжың айтар адам да қалмай барады... Нүсіпбек есіме жиі түседі. Нүсіпбекті, сөзіміз бен жүрісіміз жарасқан ана ғасырдың алпысыншы жылдарын жиі-жиі еске аламын... Сағынамын...» деп еді.

Иә...

Ағамыз айтқан сол алпысыншы жылдарға мен де ойша оралдым.

Оралып отырып, Нүсекеңмен болған соңғы кездесу есіме түсті.

1997 жыл...

Бұрынғы ГРЭС... Қазіргі Өтеген батыр кенті... Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп ұжымы менімен кездесу өткізді. Кездесуге облыстық білім басқармасының бастығы, Алаш жұртының аяулы қызы Шәмшә Көпбайқызы  Беркімбаева қатысты. Сөз сөйледі. Аудан жұртшылығы атынан сөзді Нүсіпбек ағамыз айтты.

Әр сөзі, кескіні, қаз-қалпы есімде:

«Жасыратыны жоқ. Алдарыңызда тұрған Нүсіпбек Исахметов – ортамызда отырған, елудің өріне көтерілген Нұрлан Оразалиннің ағасы!.. Нұрлан ағасымен мақтана ма? Мақтанбай ба? Білмеймін. Мен Нұрландай інімнің барымен мақтанамын!» деп сөзін толқып бастағаны есімде. «Менің табанымнан өткен Қарадаланың ыстығы Нұрланның да табанынан өткен. Екеуміз – бір топырақтың адамымыз. Әкесі – Мырқасым аға марқұм мықты, шешен кісі болатын. Қазақшалап айтқанда,  шешемнің бауыры. Сонда... Бұлар маған нағашы болады» деп еді. «Турасын айту керек. Ел Нұрланды Нұрлан болып, атқа қонған кезінен, яғни Жазушылар одағына басшы болғаннан біледі. Менің елден артықшылығым – басшы да емес, басқа да емес, Нұрланды бала күнінен білетінім! Мырқасым ағаның үйінде, Әсем тәтемнің дастарқанында жылы-жұмсағынан дәм татып отырып, оқушы Нұрланға бата бергенім! Бұл – менің өзгелерден екінші артықшылығым! Демек, Нұрланға сәт сапарды Тұманбайдан бұрынырақ бердім.  Бұл– үш деңіз!.. Менің батам адал екен. Құдайға шүкір, үлкен азамат болдың, Нұрлан! Мұқағали ағаң екеумізге есігін аттау арман болған қасиетті ұйымның төріне отырып,  бастығы болдың!» деп еді дауысы булығып.

Сәл үнсіздіктен соң: «Нұрлан, ағаң қартая бастаған-ау!.. Көзіме тығылған қуаныштың жасын Тұмаш естіп жүрмесін. Мазақ етер... Жә, ұзын сөздің қысқасы... Бейнелеп айтар  болсақ... Мен  бата беріп, Жуковский болдым ауылдан шыққан. Сен тұлпарың оза шауып, ауылдан шыққан Пушкин болдың!..» деп жиналған жұртты қыран-топан күлкіге батырып еді.

Шынында да...

Менің қолыма қалам ұстағалы үлкенді-кішілі арғы-бергіде өмір сүрген, өмір сүріп келе жатқан қазақ қаламгерлерінің ішінен ең алғаш өлеңін өз құлағыммен естіп, өз көзіммен көрген ақыным – осы Нүсекең болатын.

Аралас-құралас жатқан екі ауылдың елуінші, алпысыншы жылдардағы енді-енді ес жия бастаған кезі. Мектеп жасындағы қара балалардың, бала тәртібін қадағалайтын ақ кемпір қара шалдардың бірі жалықпай ертегі айтып, екіншісі ерінбей ертегі тыңдайтын, таңды-таңға жалғайтын жайма-шуақ жаз айларының бірінде әкем марқұм: «Ауылға Нүсіпбек келіпті. Дәм татырып жіберейік», – деді шешеме...

Қой сойылып, қазан көтерілді. Қасында кімдер бары есімде жоқ, айтылған уақытында біздің үйдің ауласына үш-төрт жас адам келіп кірді. Жас шамалары 25-26-ларда... Ішінен орта бойлы, аққұба өңді, жүрісі ширақ кісі көзіме түсті. Ақсия күліп, әкеммен, шешеммен амандасты. Менің де кітаптан-кітап, журналдан-журнал қоймай, кітапхана жағалап, жасырып жыр жазып, әдебиет үйірмесіне араласып жүрген кезім. Әкем марқұм әдебиет пен тілдің мұғалімі... Әдебиет туралы, жазушылар жайлы көп біледі, айтары да көп. Қолы боста соғыстан соң Алматыда оқып жүрген жылдарында танысқан қаламгерлері жайлы ара-тұра сөз қозғайды. Алматыда жүрген әлгі әкем айтатын адамдар маған бір түрлі жұмақ төрінде  – өзге бір әлемде жүргендей болып елестейді... Әкем айтқан Нүсіпбек Исахметовті бір мектепте оқитын, іргелес екі ауылдың балалары сырттай жақсы білеміз. Жазғандары газет-журналдардан көрініп жүреді. «Жырға сапар» дейтін топтама жинаққа өлеңдері енген. Елең ете қалдым. Мына келгендердің «ақыны қайсысы» деймін іштей. Ойымды оқып қойғандай, әлгі ақсия күлген аққұба кісі менің сәлемімді алып жатып: «Аға, Нұрмаш мақтап жүретін Нұрланымыз осы бала ма?» деді. «Иә. Сендерге ұқсағысы келіп жүрген...» деді әкем марқұм. «Бұйырса, болады, бізден де асып түседі бұлар», деп бауырына тартып, маңдайымнан иіскеді...

Сол күні түннің бір уағына дейін Нүсіпбек Исахметов бастаған жігіттер гуілдесіп, ұзақ отырды. Нүсекең өлең оқыды. Әкем марқұм пікірін айтып, қонақ ақынды қолпаштады. Елдің жігіттерін сөз етті. Ол кезде аттарын біреу біліп, біреу білмейтін, осы күнде ғылымның бір-бір саласының білгірі болған, есімдері елге жақсы таныс, ауыл-аймағымыз мақтан тұтатын академик Мәкен Тойшыбеков, тарихшы профессорлар – Кеңес Қожахметов, Сәйден Жолдасбаев, ауылымызға жаңадан келіп, ұстаздық жолын енді-енді бастап жүрген Нұрмаш Сағабаев, ел ағасы атанып, дүйім елге сөзін өткізіп жүрген Хасенқан Қасымжанов, дүниеден ерте кеткен, ауылымыздағы абыройлы басшылардың бірі болған марқұм Нәсілбек Мәткәрімов секілді таныс ағалардың аттары аталып жатты. «Ендігі елдің тізгіні осы жігіттердің қолында, аға» деп қалды бір сөзінде Нүсекең... «Сен де сол санаттасың, шырағым. Әдебиет дейтін ғажайып дүниеге бұл өңірден алғаш ат ізін салған сенсің. Алматыда жүргендерден білетініміз – Бердібек Соқпақбаев қана...» деді әкем. «Бердібек – тірі классик қой, аға. Ол қазақтағы санаулы жазушылардың бірі. Біз қайда?.. Ол дәрежеге жету үшін... Қиын ғой, қиын. Тұманбай жетуі мүмкін. Сонан соң... Мұқағали, Еркін деген екі ініңіз бар. Екеуі де сұрапыл ақын... Мен білетіннен осы соңғы үш ақын қазақ поэзиясының нағыз сойлары болады ертең. Үшеуі де мықты. Үлкеніміз – Мұқағали. Ол да ел жағалап жүр. Қарасаз бен Нарынқолдың шаңын кешіп қалмаса жарады» деді ақын күрсініп: «Әрине, ауыл – алтын ұя. Бізді жаратқан арғы аталарымыз бен әзиз аналарымыздың бәрі осы топырақта жатыр... Алматыға қайыра көшкім келеді. Бірақ мына Кепебұлақты, Қарадаланы қимаймын. Сіздерді қимаймын, аға... Әдеби ортадан алыстап қаламын ба деп те уайымдаймын іштей. Шешем байғұсты қимаймын. Қимаймын... Алматы дегеніміз араның ұясы секілді жер. Барсаң, тынысың тарылады. Сыймайсың. Бармасаң, сағынасың...»

Сол түні араларында мүшел жас айырма бар екі адам ұзақ сырласты. Қалғандар гу-гу, ду-ду... Есімде жоқ. Есімде қалғаны – Нүсіпбек Исахметовтің әдебиет жайлы үзік-үзік әңгімелері. Және... Ара-тұра оқыған өлеңдері. Әсіресе, маған қатты әсер еткені – «Менің үйім» дейтін шағын өлеңі. Кейін жинағынан оқыдым. Әуелі «Жырға сапардан» оқығанмын.

Мақтанбаймын мен оның түр-түсіне,

Мейлі, қораш көрінсін сырт кісіге.

Мұны менің әкемнің өзі салған,

Саусағының ізі бар кірпішінде.

Мен туралы туды онда алғаш тілек,

Ыстық өтіп, суықта тоңбасын деп.

Дүниеге күлімдеп келген ұлым

Өмірімді осы үйде жалғасын деп, – деген шумақтарды оқыған сайын сол жайма-шуақ жаздың самала түні менің көз алдыма келеді...

Өлеңнің әсер етуінің бір-екі себебі бар. Бірінші себеп: Нүсекеңдер қонақ болып төрінде отырған оңы-солы әлі біте қоймаған үш ауыз үй де әкем марқұмның тырбанып жүріп, жаңадан қалқайтқан құтты мешіні еді. Екі үйде бір түрлі ұқсастық бардай көрінді... Екінші себеп... Нүсекеңнің әкесі соғыстан оралмады. Менің әкем соғыстан аман оралды. Бізді көрді. Ұл сүйді, қыз сүйді. Ұрпақ өсірді. Оның үстіне әкем барда, анам тіріде байқала бермеуші еді. Соңғы жылдары осындай бір сезім ахуалмен өз қорығына жиі қамайтын болып барады. Кейде мына ұлы қалада танысым азайып, көбі Кеңсайға көшіп кеткеңдей көрінеді. Жаның құлазиды. Бақилық сапарға ертерек аттанып кеткен дос-бауыр, ағайын-туыс, әріптестерім елестейді. Кейде өзіңмен-өзің отырып, солардың рухымен тілдесесің... Мына опасыз жалғанның бергені мен алғанын түгендейсің. Таразы басына қоясың...

Қысқасы ағасы қонақ інісіне тілек айтып, сөзінің арасында «осы бала түбі әдебиетті жағалайтын түрі бар, бас-көз бола жүр» деп, мені табыстауды да ұмытпай, інісі ағасына өлең дейтін дерттің жолы ауыр екенін мұң қып шағып, ұзақ-ұзақ әңгіме-сырдың көлін кешкен сол түн менің есімнен шықпайды...

Сол түнде, сол түнгі әңгіме-дүкен құрған әкем де, қазақтың біртуар ақыны Нүсіпбек Исахметов те бүгін мына жер үстін басып жүргендердің ішінде жоқ. Әкем дүниеден өткелі қырық жылға тақап қалды. Ақын қайнысына дастарқан жайған шешем де бақилық сапарға аттанғалы біраз болды. Нүсекең өткелі де біраз жылдың жүзі болып барады. Әкем марқұм көзі тірісінде менің «Беймаза көңілімді» оқып, «Шырақ жанған түнімді» көріп, балаша масайрап, мақтанғаны жадымда. «Кітабың жұқа ғой, балам. Қалың кітапты қашан шығарасың?» деп жүріп өмірден өтті. Артында балалары қалды. Ұрпағы қалды. Ел аузында айтқан сөзі мен әзіл-оспағы қалды. Нүсекеңнің – Нүсіпбек Исахметовтің артында ел-жұрты оқитын кітаптары қалды, өмірдің өзіндей таза, қарапайым, әзілі мен қалжыңы қатар жүретін мінезі іспетті, қазақы бітімді, халықшыл, саф жырлары қалды.

Жұмыр бас пенденің жаратылысы қызық... Мына жарық дүниенің қадірі мен қасиетін әлде бір жақсы танысы, ет-бауыр жақыны өткенде сезінеді... Дүние – жалған деген ұғымның соншама терең екеніне, мағыналы, мәнді екеніне көзі жетіп, көкірегі қарс айырылады. Шамасы, жаратылыстың сыры мен жұмбағын молайта түсер бұл да жұмыр бас пендеге Алланың тарту еткен көп қасиетінің бірі болса керек...

Осыдан біраз жыл бұрын бала күніміздің көзіндей болған, әкем марқұм мен әкемді көргендердің, шешем марқұм мен шешемді көргендердің өзіндей болған, ел-жұртына қадірлі ағаларымыздың бірі – Зәкең – Заманбек Батталханов ақсақал дүние салды. Ел көп жиналды. Алыс-жақыннан келушілер көп болды. Осы қазаның үстінде мен неге екенін, Нүсекеңді іздедім... Осындай торқалы той, топырақты өлімнің тұсында халқының қақ ортасында жүретін, сөзін сөйлеп, жырын оқып, шарай топтың көңілінен шығар көпшіл еді... Жақса – жайдары, жақпаса, тіліп түсер тілі бар Нүсекеңнің қазақы қалыбы мен есепсіз жүріс-тұрысын ескінің көзіндей болған аға буын жақсы бағалап, жоқ-жітікті көріп өскен, өмірдің парқын білер қатар-құрбылары қадірлейтін.

Еркелетіп алдарында ұстаушы еді... Нүсекеңнің орны толмай тұрды... Жалпы ақын өмірден өткен соңғы жылдарда облыс, қала төңірегінде өтетін үлкенді-кішілі шараларда оның орны толмай, ойсырап тұрады. Ақын мінезі мен келбеті көз алдыңа елестеп, жырлары құлағыңа келеді.

Исахметов тумысынан, жаратылысынан жыр үшін туған жан еді. Шын ақын еді... Ол күшену, мықтымсу дегенді білмейтін. Өзіне, өзінің ақындығына кәміл сенетін. Сенгендіктен егіліп сөйлеп, төгіліп жазатын...

Келші, өмірім, арудай көркіңді ашып,

Кетсін сенің көркіңнен дертім қашып.

Еркелейін, еңкею ерте, дейін,

Ен далада жүрейін еркін басып.

 

Аталмасам аталман алтын адам,

Бостандықтың сақтайын салтын аман.

Жоғалтам деп өзімді, өлемін деп,

Аяғымның астынан қалтыраман, – деген қуатты жыр жолдарына қалай сүйсінбеуге болады?!

Мұндай оқырманын бейжай қалдырмас, бірде шаттандыратын, енді бірде мұңға батырып, ойға жетелейтін жүйірік шумақтар мен өрісті өлең жолдарын оқып отырып, көзі тірісінде насихаты, қолпашы жетіспеген жыр-тағдырды ойлап, еріксіз күрсінесің. Сондайда қазақтың арқалы ұлы ақыны Тұманбай Молдағалиевтің күйзеліп отырып: «Нүсіпбек мықты ақын еді ғой... Мықты! Сенің бұл ағаң да Еркін ағаң секілді ауыл, аудан жағалап, көп жүріп қалды. Әдеби ортадан алыстап кетті. Әйтпесе, осы жүргендердің біразын шаң қаптыратындай құдіреті бар еді» дегені еске орала береді. Сөйткен Тұма-ағаң да өмірден озғалы тоғыз жылдан асып барады...

Тағдыр шығар?! Ақын да жұмыр бас пенде... Пешенесінен асып кете алмады ма, әйтеуір, ағамыз сонау алпысыншы жылдардың жайдары түнін жамылып отырып, өзі айтқан «әдеби ортадан жырақтаймын ба» деген уайымы өмір бойы кеудесін бұлт болып торлап, тарқамаған сыңайлы.

Қанша керек десеңші осы бақыт,

Жете ме екен десеңші ғасыр-уақыт.

Керектердің барлығын санай берсем,

Кететіндей түрім бар басым қатып.

 

Шартты нәрсе алдында сұрақ туу,

Басты нәрсе – өмірде мұратты ұғу.

Он жетіде тек қана тілеуші едім –

бұл дүниеден берсе деп бір-ақ сұлу...

 

Керектердің барлығы кейін екен,

Көрге өзің кіргенше дейін екен.

Өмір деген тек қана ойын емес,

Бірде күлу, ал бірде кею екен...

Өмірдің өзіндей өрісті ойлар, тірліктің өзіңдей қарапайым тұжырым. Бірақ соншама әсерлі, ұғынықты, тереңге тартар иірімі де кең, қуатты. Кез келген пенденің басында ұшырасар сезім ахуалын мұңдай лирикалық тұспалдар айдынына алып шығу үшін ауадай қажет ақындықтың сиқырлы, сырлы әлемі бар ма? Бар. Сондықтан да ақынның:

Сырлағандар бар екен көре біліп,

Жырлағандар бар екен терең ұғып.

Сынбағандар бар екен барлығына,

Тыңдағандар бар екен желе жүріп, – дейтін  ұтқыр  айтылған  ұрымтал ой-түйінімен келісесіз.

Шынында да, көзді уқалап ашқаннан кез келген жұмыр бас пенденің алдынан кес-кестеп шығар «керек» атты дүниелік сұрақтар мен сауалдар ұйығының жанға, ойға, санаға тыным бермейтіні рас қой. Рас! Ақын қаламына қанат бітіріп, ойын тербеп, көңілін қозғап отырған жыр төркінінде осындай өмір ақиқаты жатқаны шүбәсіз.

Ақынның туып-өскен, алғаш мектепке барған, алғаш қызға көз салған, алғаш өлең жазған, соғыстан оралмаған әке рухымен тілдесуіне, соғыс сансыратқан шағын ауылдың жоқ-жітік өмірін көріп, қаршадайынан пісіп-жетілуіне себепкер болған орта мен өңірдің иелері – жерлестері, өзін туған көрікті таудың көркем көріністері қай кезде де өлең мен жырдың өрінен, төрінен көрініп отырады. Кепебұлақ дейтін шағын ауылдың өткені мен кеткені, қарағайы мен шыршасы, таңқурайлы бөктері, бетегелі беттері ақын қиялы мен ақын ойының өрісі.

ХІХ ғасырда Құлманбет пен Бөлтіріктің арқасын жыртып, жұртқа танылуына себепкер болған, ХХ ғасырдың басында Көдек ақын жырға қосып, Албан Асанның қайғысын тербеген, Таңжарық пен Шарғынның жанын шерге бөлеп, Сыбанқұл мен Қожекенің күйлеріне, Қапез бен Сәдіқожаның сұлу сазды әндеріне арқау болған, ХХ ғасырдың екінші жартысында Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Бексұлатан Нұржеке, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқаи, Айтақын Әбдіқаловтардың тұсауын кескен Аспантаулардың Қарадалаға келіп құлайтын тұсына жайғасқан бұрынғы Үйсін тауының  (қазіргі Кетпеннің) шүйгінді, құйқалы бөктерлері ақын жырларына дем беріп отырар шабыттың қайнары секілді. Кепебұлақ, Қарадала, Іле, Тянь-Шань, Шалкөде, тағы басқа атаулар ақын үшін ата-бабалардың мәңгілік рухы тәрізді, соғыста өлген әкенің көзі, бірге өскен дос-бауырларының өзі секілді. Ақынның «Кепебұлақ» деген өлеңі соның айғағы.

– Қарағайы не берді?

– Қайыспайтын бел берді.

– Ел-ағайын не берді?

– Азаматқа теңгерді.

 

– Қиялары не берді?

– Қиындыққа шыңдады.

– Ұялары не берді?

– Үй салуды ымдады.

 

– Қара түні не берді?

– Өткір етті көзімді.

– Туған халқым не берді?

– Ұшқыр етті сөзімді,  – дейтін диалог үлгісінде жазылған жыр жолдарының төркінінде жатқан перзенттік махаббаттың үнін өзге ешбір ақынның үнімен шатастыруға болмайды. Бұл – Нүсіпбек Исахметов дейтін  ақ жүрек ақынның көкірек төрінде әбден пісіп- жетілген ұлдың – ұлтын, перзенттің – ата-баба рухын, ақынның туған халқын құрметтеуінен, құлай сүюінен туған жыр.

Қонақтай қасақана сынай келген,

Көктемнің жоғын жылда сұрай берем.

Былтырғы көктем жайлы жазғанымнан

Биылғы көктем жайлы ұнайды өлең, – депті бір тұста жаны, жүрегі елгезек ақын. Бұл – өсу мен өзгерудің, түлеу мен жаңғырудың нышаны. Кешегі жазғаныңа – бүгін сыншы болу, бүгінгі жазғаныңнан ертең ұялмау үшін күресу – нағыз шығармашылық өсудің, ізденудің кепілі. Мына жыр соның айғағы. Мына жыр соның белгісі.

Ақын атаулының дүниеге, дүниелік құбылыстарға толық риза болуы, сынамай баға беруі сирек кездесетін нәрсе. Ақын өзіне-өзі риза болған жерде өлең тоқтайды, шабыт тоқырайды. Дүниеге, болып жатқан өзгеріс, жаңалықтарға құлықсыз баға берілген тұста ақынның жүрек төріндегі ақиқаты да әлсірейді, шала-жансар күйге енеді. Нүсіпбек Исахметов те уақытқа әл бермес, оқырман жүрегіне барар жолынан жаңылмас, жыр өмірін ұзартар осындай үлгіде жазылған өлеңдер баршылық. Ақын өз тағдырына, өзінің ортасына, әрі-беріден соң өз өміріне, өз мінез-құлқына да сыни көзбен қарап, содан жыр-түйін жасап отырады.

Сырымды ешкім ашпайды,

Көңілімді бір мұң басса да.

Ақындар ажыраспайды,

Басқалар ажырасса да.

 

Жүрегім оттай жанады,

Өкініші көп өткеннен.

Қоштаспай ақын қалады,

Қоштасып басқа кеткенмен.

 

Шаба алмай қалдым жазықта,

Тұяғым тасқа кетілді.

Ескі жұрттағы қазыққа

құлаған тұлпар секілді...

 

Жұтпасын десең қан қайғы,

Сөзіңді айтпа «қош» деген.

Жыр жазып талай сен жайлы,

Сен жайлы талай жас төгем.

Ақынның жан сезімі сөйлеп тұрған осы бір төрт шумақ өлеңде қаншама өмір соқпақтары жатыр десеңізші?! Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында өмірге келіп, «жетім ұл», «жесір әйел» атанып, өз тағдырымен алысып жүріп, қатар-құрбысымен жарысып жүріп жетілген буынның өткенінен елес берер өлеңдердің ішінен осы бір ішкі ырғағы мен архитектоникасы өзгешелеу жырдың бойынан ақын мінезін, ақын тағдырын көруге болады. Тағдыр қосқан жан жарының қабағына жел тигізбеуге бекінген жанның жауапкершілігі мен аңсарлы сезімі самал боп есіп тұрған жоқ па?!

Лирикалық жыр – ақын табиғатын ашар көп қырының бірі. Лирика төркінінде жатқан ой өрнектері бедерлі, бейнелі тілмен, шымыр ұйқаспен өріліп отырады.

Исахметов жырларындағы ендігі бір сипат – сюжетті, оқиғалы жырлардың молдығы. Бұл ыңғайдағы жырлардан өмірдің ащы-тұщысын көп көрген, көп түйген жанның мінез-қалыбын аңғарамыз.

Осындай жырлардың ішінен ерекше бөліп айтуға болатыны – «Қызыл көйлек туралы өлең».

Аялаған арманымды от тілек,

Жас боп өстім Отанымда от жүрек.

Балалығым соғыс жылы өткенге

Бейбітшілік бәрінен де тәттірек, – деп басталатын он бір шумақ өлеңнен тұтас бір дәуірдің қайғы-қасіреті, ауыр кезеңнің ел иығына түскен салмағы аңғарылады, ауыл өмірінің ақиқаты елес береді.

Көбінің-ақ соғыс жылы бар шері,

Тілектері: "Ерлер тірі қалса еді".

Анам кейде: «Баяғыдай күн туып,

Қызыл көйлек киерміз-ау» – деуші еді.

 

Осы сөзге қалатынмын елеңдеп,

Қиялданам. Қиял шіркін көп ермек.

"Ер жеткенде еңбегіме анама

қызыл көйлек өзім алып берем", – деп...

 

Соғыс бітті. Әкем үйге келмеді.

Туған жердің кең даласын көрмеді.

Отыз жастың ішіндегі анама

Баяғыдай көйлек алып бермеді, – деп жалғасатын шағын баллада үлгісінде жазылған жырда ананың тағдыры, жесірдің ащы өмірі, жетімнің күрсінісі жатыр. Уақыт опасыз. Қызыл көйлек киюді армандаған ананың жастық шағын соғыс өлтірді. Есейген, қолы ұзарған ұл анасына қызыл көйлек алып бергісі келеді. Сондағы ананың аузымен өрілген мына бір өлең жолдарының оқырманға ерекше ой салары ақиқат.

Дегенімде анам айтты: «Өтті ол күн,

Қызыл кию қазір маған ұнамсыз, – деген қос жолды оқып отырып, тебіренбеу мүмкін емес.

Соғыс, соғыс, сенің қылған қастығың –

Талай жанның көкірегін басты мұң.

Әкемнің де өмірін сен жалмадың,

Шешемнің де солдырдың-ау жастығын, – деп жыр аяқталады.

Иә...

Балалық шағы соғыс жүдеткен қияндағы ауылда өтіп, жастық шағы осы жаз өмірден озған Раушандай аяулы жеңешемізге жолықтырып, қалам ұстаған қатар-құрбыларының алдында жүріп жыр жаздырған, уақыт ел ағасы болу мәртебесіне жеткізіп, әке болу, ата болу бақытына бөлеген, ең бастысы жұртының жан-жүрегін тербетер жыр жазудың, ақын болудың айдынды кеңістігіне алып шыққан Тағдыр иесі – қазақтың үлкен ақыны Нүсіпбек Исахметов тірі болса, биыл сексен беске толар еді. Амал бар ма, айтпай келіп, жұмыр бас пендесіне тұтқиылдан сәлем беріп, айналасын аңыратып кете баратын ажал шіркін Нүсекендей ағамызға да құрығын аңдаусызда ертерек тастады. Алып кетті...

Бірақ артында елі-жұрты ауық-ауық оралып соғып, қуанып-мұңайғанда, шаттанып-жабырқағанда оқып, мауқын басар, ақын рухымен сырласар "Жыр" дейтін мұқалмас мұрасы қалды.

Адал ғұмыр кешіп, өлең дейтін өрісті әлемнің өрнегін салған ақынның әрісі ұлы жұрты – Алашына, берісі – аруағын әспеттеп, есімін мәңгілендіріп, туған ауылы Кепебұлақтағы орта мектепке, Өтеген Батыр кентіндегі үлкен көшелердің біріне  ақынның атын берген Жетісу жұртына, Қарадала еліне айтар аманаты қалды.

Ол – алғысы мол аманат!

Ол – өрісті, өркенді  Жырдың тағдырлы аманаты!

Ол – жүректерге өз нұры мен шуағын шашар ақындық әлемнің аманаты!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты