Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ШЕТЕЛДЕ ОҚУДЫҢ ҚАУІПТІ ТҰСТАРЫ. СІЗ БЕН БІЗ НАЗАР АУДАРА БЕРМЕЙТІН ҮШ ҚАТЕР

Уақыты: 30.10.2021
Оқылды: 1746

Жақсы білім — бұл әрқайсымызға жақсы жұмыс тауып, жоғары табыс табу үшін қажет негіз. Отандық білім беру деңгейі әлемдегі ең жоғары деңгейден алыс және шетелде білім алудың айтарлықтай артықшылықтары бар. Содан болар, қазіргі таңда елдегі көптеген жастар шетелдік, оның ішінде, діни бағытта білім алуда.

Соңғы уақыттан бері Саудия және Мысырдың жоғарғы діни оқу орындарына оқуға қабылдаудың талаптары күшейтілген. Мәселен, Саудияның жоғары діни оқу орындарына қабылдаудың жаңа тәртіптері белгіленіп, іске аса бастады. Осы тәртіпке сәйкес көрсетілген елдің оқу мекемелеріне тек Қазақстанның мемлекеттік оқу орындарының жолдауымен және діни органдарының ресми рұқсатымен ғана түсуге болады.

Апта, ай немесе тіпті бірнеше жыл болсын – бұл тәжірибе. Ол біздің өмірізді жақсы жаққа өзгертуге және бәсекелестік өте жоғары әлемде артықшылыққа ие болуға көмектеседі. Ерте жастан бастап шетелде оқу керемет, беделді және қызықты болып көрініп жатады. Бірақ шетелде білім алудың артықшылықтарымен бірге кемшіліктері де бар екенін ұмытпаңыз!

Жаңа таныстар. Әрине, оқу барысында сіз біраз уақыт өмір сүретін және сөйлесетін көптеген жаңа таныстарды кездестіресіз. Жаңа достарыңыз, серіктестеріңіз немесе болашақ әріптестеріңіз болады. Бұл сіздің психологиялық жағдайыңызға оң әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар, сіздің өміріңіздің кез-келген сәтінде пайдалы болуы да мүмкін.

Шетелге шығу кезінде қазақстандық жастар тап болуы ықтимал төмендегідей қауіп-қатерлерге ерекше тоқталған абзал:

Біріншіден, сол білім алуға барған елде немесе оқу ордасында жат діннің ықпалына түсу қаупі. Әдетте, адам мұндай келеңсіздіктерге аты беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар мен хұжыралардың тарапынан қаржылай көмек алатын түрлі шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекет бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, сенімсіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдау кезінде тап болуы мүмкін.

Екіншіден, балаңыз шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни мекемеде немесе діни орталықта оқып жатқанын білуі керек.  Мүмкіндігінше жиі бақылауда ұстап, балаларының ресми медреселер мен жоғары оқу орындары қабырғасында оқып жатқанын анықтағаны жөн. Сондай-ақ, сенімсіз «хұжыралар» мен «марказаларға» (діни мектептер) байқамай түсіп кетпеуін де жіті қадағалап отырғаны абзал. Және балаларының бос уақытын қалай және кіммен өткізетіні аса маңызды.

Үшіншіден, ата-аналар мен жастар шетелдің кейбір діни ұйымдары аттарын әртүрлі зайырлы немесе ресми атаулармен жасыратынын білулері керек. Мысалға, ағылшын немесе араб тілдерін, бизнес жүргізу негіздерін тегін үйрету курстары, өзін өзі дамыту, танымал психология, шешендік өнер курстарының артында шетелдік азаматтарды арбаумен айналысатын деструктивті ұйымдар тұруы мүмкін.

Қазақ тарихында алыс жерлерден діни білім алу, қазы, қалпе, ишан атану қазақ діни дүниетанымындағы көп кездесетін оқиғаның бірі десек қателеспейміз. Соның ішінде, түркі әлемі қасиет тұтатын Самарқанд, Бұхара, Ташкент, Қоқан, Хиуа, бертін келе, Қазан, Орынбор, Троицк сияқты қалалардағы академиялық (ғалия) мектеп-медреселерді тамамдап, қазақты аузына қаратқан Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар Қараштай зиялылар қаншама?! Тіптен, Шам мен Мысыр, Ыстамбұл, Бурсаның да іліми орталықтарының білімін алған ата-бабаларымыз бар деп тұжырым жасап жатыр тарихшыларымыз.

Көріп отырғанымыздай, қазақ үшін ғылыми, мәдени орталықтардан білім алу әрқашан маңызды және жауапты дүние болған. Шетелде діни тәлім алу тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытта да қайта жаңғырды. Шетелде діни білім алудың артықшылығы немесе зияны дейміз бе отандастарымыздың саны жыл санап артып келеді.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 300-ге жуық қазақстандық шетелде діни-теологиялық білім алып жүр. Бұл - ресми ақпарат.

Қорытындылай келе, «дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген тұжырымдаманың негізі бар. Сонымен қатар, «дінтану, исламтану және теологиялық білім аламын, білімімді жетілдіремін» деген дінге қызығушы жас ұрпақты шетел аспай-ақ еліміздегі дінтану және исламтану орталықтарынан білім алуға шақырар едік. Ғылыми-тәжірибелік жағынан отанымыздың дінтану мектептерінің пісіп-жетілгенін қуанышпен байқауға болады.

Алматы облысының дін істері басқармасы

Сурет ғаламтордан алынды