"ОН АЙДЫҢ ІШІНДЕ ҚҰРАНДЫ ТОЛЫҚ ЖАТТАҒАН": ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ҚАРИЛАР

Уақыты: 28.05.2020
Оқылды: 1922

Бүгінде 50-ге жуық шәкірт оқитын Талдықорған қаласы бойынша қарилар даярлау орталығының ұстазы Мадияр Келгенбаевтан алғашқы шәкірттерінің жетістігі мен кейінгі балалардың талпынысы турасында сұраған едік.

Үш жыл бұрын өз жұмысын бастаған ұстаз жастардың құранға деген ынтасына тоқталып, Түркияда оқып жатқан шәкірттерінің де бар екенін мақтанышпен айтты. Сондай-ақ, бүгін қари болған үш шәкіртімен таныстырып, өмірде өз орындарын айқындап келе жатқандығын сөз етті.

Бірінші шәкірт. Ақназар Қадыров – 1989 жылдың 9 қазанында дүниеге келген. Өзбекстандағы қазақ ауылында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы мектепті бітірді. Ал Құран Кәрімді оқуды Үшқоңырдағы медреседе үйренген. Алғашында қысқа сүрелерді жаттаумен басталған қызығушылықтың соңы қарилыққа жеткізді. Ақназар Талдықорғандағы орталық мешітке ауысып, 29 жасында 10 айдың ішінде Құранды толық жаттады.

Бірінші шәкірттен түйгеніміз: Оқу-сызудың ерте-кеші жоқтығын, ынта-жігер мықты болса аз уақыттың ішінде де жетістікке жетуге болатындығын көрдік.

Екінші шәкірт. Ғази Қалдаман – 2001 жылы 20 мамырда Жамбыл облысы, Жуалы ауданына қарасты Көлтоған ауылында дүниеге келген. Бастапқыда ауыл имамынан үйреніп, кейін медреседе оқуын жалғастырды. Құран жаттауды 16 жасында қолға алып, оны 18 жасында аяқтаған. Алғашында құранды әлемдегі мықты қариларға қызығып бастап жаттаған Ғази бүгінде жастығына қарамастан қарилар тізімінде.

Екінші шәкірттен түйгеніміз: Өзің қалап тапқан рухани ортадағы алдыңғы буынға қарап, бой түзеп, бала жастан іске жарап, ақыл тоқтатуға да болады.

Үшінші шәкірт. Нұрбол Өтемісов – 1996 жылдың 10-шы шілдесінде туған. Бүгінде Жамбыл ауданына қарасты Қайназар аулында тұрады. Алғаш әліпбимен 19 жасында Үшқоңыр медресесінде танысып, оқуды бастаған. Одан 22 жасында Талдықорғандағы Иман мешітінің қарилық медресесіне түсіп, 23 жасында Құранды толық жаттап шықты. Бүгінде ұстазы Мадияр Келгенбаевтың қолдауымен Түркияның Ыстамбұл қаласында Құраннан иджана алу мақсатында білімін жетілдіріп жатыр.

Үшінші шәкірттен түйгеніміз: Білім іздеудің шегі мен шеті жоқ. Адам тынбай еңбектене беру керек.

– Бізде екі медресе жұмыс істейді. Біріншісі "Иман" мешітінде орналасқан, ал екіншісі биыл ғана Еркін ауылында ашылды, бұл жерде толықтай жергілікті балалар білім алады. Ал бірінші мешіттегі медресеге алыс облыстардан да келетіндер бар, – дейді ұстаз.

Медресеге 8-9-сынып бітірді деген куәлігі бар 23 жасқа дейінгі жастар қабылданады. Ал жасыңыз 23-тен асып кеткен, бірақ діни оқу орындарын бітірген, кемі Құранның 1-2 парасын жаттасаңыз да, шәкірт бола аласыз. Шәкірттердің ұстазға деген өз алғыстары бар.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды