Қол жайма, бауырсақ пен тоқашқа тапсырыс көп

Уақыты: 07.07.2023
Оқылды: 2167
Бөлім: ОН САУСАҚ

Сарыөзек ауылының тұрғыны Айжан Артықбаева өз кәсібін ерекше мақтан етеді. Себебі, ол тәтті тағам түрлерін әзірлеуді бала кезден жақсы көрген. Кәсіпкер сүйген істің еш уақытта шаршатпайтынын, керісінше, одан ләззат алып, іске деген құлшынысты арттыратынын ерекше сезіммен жеткізді. 


Айжан мектепті «Алтын белгіге» бітірген. Сөйтіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, аяқтаған соң есепшілікті де оқыған. Екі жоғары білімі бар маманға бұл бизнесті жүргізуге қазір үлкен көмек болуда. Ол мұны әңгімелесу кезінде айтты. 
– Адам өзі қалаған іспен айналысқанда ғана үлкен жетістікке қол жеткізе алады. Мен оған сүйген кәсібіммен шұғылдану кезінде терең көз жеткізудемін. Бизнестен бірден пайда табам деп ойлау қате. Ол үлкен шығынға ұшыратады. Сүйген істің барлық қиындығына жемісін көргенше шыдау керек. Бірде сүрінсең де бірде қайта тұрасың, кедергілерден де өтесің. Осылайша шыңдалып, ұшталып барып бір ізге түсесің. Әр істі өз маманына тапсырған дұрыс. Сонда ғана жұмыс жанданады. Бизнесте білімді, жан-жақты болу – басты шарт екенін есте ұстаған жөн, – дейді кәсіпкер келіншек. 

Қазір ол «Кәрібаева» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі. Ол өткен жылдың қыркүйек айында ашылған. Кәсіпкердің тағам өнімдері «Дастарқан» атты тауарлық брендпен шығарылады. Тағам дайындауға қажет өнімдері өздерінің «Нұрдәулет» шаруа қожалығынан әкелінеді. Бұл шаруашылықта 500-600 бас ұсақ мал, 100 бас ірі қара бағылады. Сондай-ақ, 300 шақты тауық бар. Яғни, ет, сүт, жұмыртқа өнімдерінің бәрі тағамдарды әзірлеуге қолданылады. Ұнды сатып алады. Дайын өнімдері 500-600   адамға шақталған той-томалақ, ас мәзірі сияқты іс-шараларды өткізуге сұраныста. 

Тауық, сиыр етінен мәнті, тұшпара, котлет, самса, шұжық өнімдері дайындалады. Ал сүттен кілегей, ірімшік, құрт жасайды. Қол жаймасы мен бауырсақ, тоқаш, чебурек, басқа да нан түрлеріне тапсырыс көп. Тұрақты түрде сұраныс беретіндері де аз емес. Басым бөлігі Сарыөзек ауылының тұрғындары. Өнімдері әлеуметтік желідегі арнайы парақша арқылы жарнамаланады. Тұтынушылар көбіне сол арқылы байланысып, Алматы, Талдықорған қаласынан тапсырыс береді. Себебі, олардың химиялық қоспасыз дайындалатын табиғи таза өнімдерге қызығушылығы жоғары. Яғни, тауар өтімділігі талапқа сай.

– Бізде 6 адам жұмыс істейді. Бәрі жергілікті тұрғындар. Олардың арнайы кәсіптік білімі болмаса да істегі тәжірибелері мол. Қыз-келіншектер әртүрлі іс-шараларға қатысып, тәжірибелі мамандардан білмегендерін үйреніп, біліктіліктерін жетілдіріп қайтуға мүмкіндік жасалады. Ақылы курстарға да қатысамыз. Тағам әзірлеу Оңтүстікте жақсы дамыған. Жасыратыны жоқ, қазір бізде тамақ өнеркәсібі бойынша маман табу қиын. Сол себепті жұмыспен қамту орталығына сұрау жібереміз. Ал осы салада білім алған жастар бізге келмейді, ірі қалаларға кетеді. Мәскеуден оқу бітірген ет технологымен де тығыз байланыста жұмыс істейміз, – дейді Айжан Артықбаева.

Кәсіпкер «Бір ауыл, бір өнім» жобасына ұсыныс берген. Алдағы уақытта тауар айналымын жақсартып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін нарықты кеңейту көзделіп отыр. Сондай-ақ, дайын өнімдерді экспортқа шығару жоспарда бар. 

"Жетісу-ақпарат"