Көксу қант зауыты қызылшаны қабылдауды 10 қыркүйекте бастайды

Уақыты: 07.09.2023
Оқылды: 1029
Бөлім: ОН САУСАҚ

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мен  Көксу ауданындағы салаға жауапты мамандардың бастауымен республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері «Көксу қант зауыты» ЖШС-нің қант қабылдауға қатысты дайындығымен танысып, қызылша өсіретін шаруа қожалықтарының егіс алқаптарын аралап қайтты. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қант саласын дамыту жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар» Үкімет қаулысымен бекітіліп, нақты шаралар қарастырылған. Осыған орай 2026 жылға дейін қант қызылшасының егіс алқабын 15 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Өткен жылы қант қызылшасының алқабы 4278 гектарды құрап, 187,5 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділігі гектарына 438,5 центнерден айналды. Ал биыл түсім одан да мол болмақ. Өйткені, шаруашылықтардың ішінара шығындарын өтеу мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жылдан-жылға көбеюде.  Атап айтсақ, ағымдағы жылы егін шаруашылығын қолдау бағытына 10,3 млрд. теңге бөлінген. – Биыл облыс аумағында 8700 гектар алқапқа қант қызылшасы се-білді. Алдын ала болжам бойынша 370 мың тонна өнім жиналады деп отырмыз. Оның 250 мың тоннасын «Көксу қант зауыты» ЖШС, ал қалғанын «Ақсу қант зауыты» ЖШС өңдемек.  

Өткен жылы қант қызылшасымен 159 шаруа қожалығы айналысса, биыл 270-тен астам шаруа қожалығы жыл бойғы төккен терінің өнімін жинап алудың қамында жүр. Тағы бір айта кетерлігі, қант зауыттары тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен көмектің өзі шаруашылықтардың осы дақылды өсірумен сенімді түрде айналысуына ықпал етуде. Келесі жылы қант қызылшасының алқабын 11 мың гектардан асыру жоспарлануда, – дейді журналистерге жол бастап жүрген облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев. 

Қант қызылшасының алқабы ұлғайған сайын қант қызылшасын өсірушілерге бағытталған қолдау да арта түскен. Өткен жылы «Көксу қант зауыты» ЖШС тарапынан қант қызылшасын өсіруші шаруашылықтарға 760 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, оның 383 млн. теңгесі көктемгі дала жұмыстарына, 130 млн. теңгесі тұқымға және 247 млн. теңгесі тасымалдау шығындарына беріліпті. Бұл өз тұсында қант қызылшасын өсірушілердің жұмысына серпін беріп, нәтижесінде биыл қант қызылшасы себілген алқап 8 мың гектарға ұлғайған. Ендігі мақсат – осынау алқаптағы қант қызылшасын төкпей-шашпай, ысырапсыз жинап алу.  

– Қазір қант қызылшасын қабылдауға қатысты дайындық жұмыстары толығымен аяқталды. Шаруа қожалықтарымен келісімшартқа отырып, өнімді ысырапсыз жинап алудың қамында жүрміз. Бүгінге дейін 360 шаруа қожалығымен келісім жасалды. Қант қызылшасын өсірген шаруа қожалықтары және қант қызылшасының алқабы мен өнімділігін есептей отырып биыл 250 мың тонна қант қызылшасы шикізатын қабылдап, 30 мың тоннадан астам таза қант аламыз деген жоспар бар. Қант қызылшасының әр тоннасын 15 мың теңгеден сатып аламыз және мемлекет тарапынан тоннасына 25 мың теңгеден демеуқаржы төленеді. Сондай-ақ, жолдың алыс-жақындығын ескере отырып, зауыт Кербұлақ ауданындағы қызылшашыларға тоннасына 3 мың, ал Көксу, Ескелді, Қаратал аудандарындағы қызылшашыларға 1 мың теңгеден тасымалдауға көмекқаржы бөліп отыр. Зауытқа өткізілген қант қызылшасының қаражаты 10 күннің ішінде шаруа қожалықтарының есепшотына аударылады, – дейді «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры  Алтынбек Абатов. 

Жалпы, «Көксу қант зауыты» ЖШС аймақтағы шаруа қожалықтарының көктемгі дала жұмыстары мен қант қызылшасының тұқымына жалпы 1 млрд. 459 млн. теңге қаржы бөлген. Соңдай-ақ, шетелдік селекция тұқымдарын жеткізу бағытында 9,5 мың себу бірлік болатын шетелдік тұқымдармен қамтамасыз етті. Сондай көмекке ие болғандардың бірі – Көксу ауданындағы «Құрақты» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге зауыт тарапынан 20 млн. теңгеден астам қаржылай көмек алыпты.

– Қызылшаның басқа дәнді дақылдарға қарағанда пайдасы мол. Мемлекет және зауыт тарапынан көрсетілетін көмек те жеткілікті. Өткен жылы 50 гектар қант қызылшасын егіп, көп тәжірибе жинадық. Биыл 236 гектар жерге қант қызылшасын септік. Осы күнге дейін мемлекет тарапынан субсидияланған тұқым, тыңайтқыш жанар-жағармай алдық. Көктемде «Көксу қант зауыты» ЖШС тарапынан әр гектарына 100 мың теңгеден аванс берілді.  Осындай қолдаудың нәтижесінде жылдан-жылға қант қызылшасын егетін шаруашылықтардың қатары артып келеді. Жыл бойы төккен теріміздің нәтижесін көретін уақыт та келді.  Гектарынан 60-70 тонна өнім жинаймыз деген үміттеміз. Келесі жылы қызылша алқабын тағы да көбейтеміз. Кооперативте 36 адам жұмыспен қамтылып, отбасын асырауда, – дейді «Құрақты» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Ыбырай Дәуітов.

Ал Көксу ауданындағы Теректі ауылына қарасты егіс алқабындағы қант қызылшасы жайқалып өсіп тұр. «Еңбегі бардың өнбегі бар» дегендей, тынымсыз еңбектің нәтижесін сол көріністен-ақ байқадық. Бұл алқаптың иесі «Жалайыр» жеке шаруашылығының жетекшісі Ескендір Жайлығұлов 8 жылдан бері қант қызылшасын өсірумен айналысады. 

– Өткен жылы 40 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп едім. Биыл 100 гектардан астам жерге ұлғайттым. Себебі, мемлекет және зауыт тарапынан көрсетілетін көмектің көлемі артып, мүмкіндігіміз кеңи түсті. Мемлекет тарапынан 50 пайыздық демеуқаржы төленіп жатыр. Қант қызылшасын сатып алу бағасы өткен жылы көтерілді. Қант қызылшасынан түсетін пайда көп. Бірақ оны баладай мәпелеп өсіру ке-рек, – дейді Ескендір Ғабитұлы.

Биылғы қант қызылшасын жинау жұмысына дайындық тыңғылықты. Айталық, Көксу қант зауыты қызылшаны қабылдауды 10 қыркүйектен бастайды. Ескелді, Қаратал, Көксу, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласынан жеткізілетін қант қызылшасын тоқтаусыз қабылдау үшін «Көксу қант зауыты» ЖШС 6 үйме салушы машина (БУМ) мен 3 автотаразы дайындаған. Ал «Ақсу қант зауыты» ЖШС 15 қыркүйектен бастап Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарынан қызылша қабылдауды бастайды. Олар  5 БУМ және 2 автотаразы дайындаған. Қант қызылшасын жинауға 18 сервистік дайындау орталығы мен шаруашылықтардың 56 бірлік қызылша жинайтын комбайны және 40 бірлік тазартқыш машинасы жұмылдырылады. Сондай-ақ, ұсақ шаруашылықтардың науқандық жұмысына серпін беру үшін Жамбыл облысынан 5 бірлік қызылша жинайтын комбайн тартылыпты.

Әрине, науқан басталар тұста көңіл-күйдің аумалы-төкпелі болатыны анық. Дайындық жұмысында жетіспей жататын тұстардың кездесетінін жоққа шығармаймыз. Бірақ біз кездескен қызылшашылардың көңілі тоқ. Ол мол өнімге деген сенім, мемлекет пен зауыт тарапынан көрсетілген көмектің нәтижесінде жүзеге асып жатқан жүйелі істер. Ең бастысы, Жетісу өз алдына облыс болып бөлінген соң қант қызылшасын өсіру жұмысы дұрыс арнасын тапты.

Қажет АНДАС
Көксу ауданы

Суреттерді түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ