Қанат жайып келеді

Уақыты: 07.12.2023
Оқылды: 1680
Бөлім: ОН САУСАҚ

Сарқан қаласында орналасқан «AZIA GOLD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дәрілік өсімдікті өңдеп, шикізатты өндірумен, дәнді бұршақты, дәнді майлы дақылдарды өндірумен айналысады. 

Сонау еліміз тәуелсіздік алған кезеңде іргетасын бекіткен шаруашылық сол жылдардан бері қанатын кеңге жайып, шарықтап келеді. Дәрілік өсімдік шикізатын сыртқа шығарып, заңнама бойынша сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырады. Серіктестік неміс елінің жетекші фармацевтикалық кәсіпорындарымен тәжірибе алмасып, бірлескен жұмыс жүргізуде. Дәрілік шөптер және фармацевтика саласындағы өсімдік шикізатын өндіруде көшбасшы саналады. 

Шаруашылық басшысы Алексей Коржиковтың мәлімдеуінше, 55 адамнан құралған ұжым өнімдерін 100 пайыз шетелге шығарады. Негізгі тұтынушылары Германия, Ресей, Түркия, Польша мемлекеттері. 

Шаруашылықтың иелігінде дәрілік шөптерді өңдеу жөніндегі өндірістік қоймалары, 4,774 28 гектар алқапты құрайтын жер телімдері, Германия, Беларусь және Ресей мемлекеттерінде шығарылған техникалар, Қарауылтөбе ауылында орналасқан машина-трактор шеберханасы бар. 

Жоғарыда айтылған жер учаскелерінде валериан, жүгері, жалбыз, лимон бальзамы, күнбағыс, тары, бидай және түймедақ өсіріледі. 

Тәжірибе ретінде қалақай, жолжелкен, күлгін және шалфей өсімдіктерін өсіру қолға алыныпты. Шалфей өсімдігі 1,5 гектар алқапқа тұқымдық материал алу үшін себілген екен. Қарғалы ауылына түймедақ өсімдігі де отырғызылған. 2 жыл бойы фенхель өсімдігін де тәжірибе ретінде отырғызып көрген. Бірақ жерсінбегендіктен дұрыс өнім берген жоқ. Дәрілік өсімдіктерді өсіріп, өңдеп, шет мемлекеттерге өткізіп жүрген шаруашылықтың аудан бюджетінің еселенуіне қосып отырған  үлесі зор. 

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ 
Сарқан ауданы
Фото: time.kz