Ерте қамданғанның есебі түгел

Уақыты: 04.01.2024
Оқылды: 760
Бөлім: ОН САУСАҚ

Дала төсінде төрт түлік малын өргізген шаруалар қауымы үшін маңызды науқанның бірі – мал қыстату. Өз алдына қиындығы мен қызығы жетіп артылатын, машақаты мол тірлікті жер жайын біліп, мал танып өскен шаруа сүйремесе, қолдағы барды қырып алу оңай.

«Қой қоздап, қорада шу» болатын шаққа әлі ертелеу. Дей тұрғанымен мал қыстату науқанының қазір қызған шағы. «Кәрі құда қыс келіп» өз күшіне мінген уақыт. Қаһарына мініп борандатпаса да желтоқсан айында аязы мен ақ қарын аяған жоқ. Осы орайда мал қыстатып жатқан шаруалар жайы қалай? Соны білмек ниетте аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөліміне хабарласқан едік. Жаздай жиналған қор биылғы қыстан қысылмай шығуға жетеді деген сенімде мамандар. Олай деуге де негіз бар.

Қыстан  қарауындағы  малын  жүдетпей,  шығынсыз  шығару  үшін шаруалар  табиғи  жайылымдарды  барынша  тиімді  пайдаланып,  қолдағы  жемшөп қорын  да  үнемдеу  жолдарын  қарастыруда.   

Ауданда  қыс  пен  көктемгі  мал  төлдету  науқанына  жалпы 229 850 тонна  шөп, 23600 тонна жоңышқа, 9800 тонна сүрлем, 40300 тонна  сабан, 9800 тонна пішендеме және 15100 тонна   жүгері  жемі  дайындалған. Өңірде  жалпы 470  мал  қыстауы  бар. Ауданда  әзірленген  мал  азығының  80  пайызы сол қыстауларға жеткізіліп, жиналған.

– Алдын ала дайындалған  жемшөп  қоры  мол  болғандықтан мал  қыстату  науқаны  өз  деңгейінде  жайлы  өткізілуде, – дейді  аудандық  ауылшаруашылық  және жер қатынастары бөлімінің  басшысы Жандос Өмірсадық. 

Өңірде  соңғы  жылдары  төрт  түлік  саны  еселеп  өсті. Бүгінгі  таңда  аудан  бойынша  117  мыңнан  астам  қой-ешкі,  58  мыңнан  астам  ірі қара,  22 мыңнан астам жылқы және 518  түйе қыстатылуда. Аудан көлемінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық субъектілері өздеріне тиесілі егістік жерлеріне арпа және көпжылдық шөптер егіп, құнарлы азықпен қамтып отыр.

Солардың бірі Екіаша ауылдық округіндегі «Қауменов» шаруа қожалығы. Қабырғасы сонау 1995 жылы құрылып, Марқа тауының бөктерінде орналасқан шаруашылықтың есебі түгел.

– Қолдағы бар 150 бас ірі қараның қыстан қысылмай шығуы үшін 3000 тонна шөп, 1000 түк сабан, 50 тонна жем дайындадық. 500 гектар алқапқа арпа, 80 гектарға эспарцет көпжылдық шөп егіп, 150 гектарға шабындық  дайындадық. Бір сөзбен айтқанда, қыстан қысылмай шығудың қамын жасап жатырмыз, – дейді шаруашылық жетекшісі Ролан Мұратұлы.

Қожалық  10 адамға жұмыс беріп, қажетті техникамен толық қамтылған. Алдағы уақытта «Джон Дир» астық жинайтын комбайнын алып, пайдалануды жоспарлап отыр.

Табиғаттың тылсым құбылысына шектеу жоқ. Сондықтан да қыстың көзі қырауда әуелі бастың, одан кейін малдың амандығын ойлаған жөн. Бұл орайда биыл дайындалған шөптің негізгі бөлігі қыстауларға жиналған. Малшылардың үйлері мен қоралары да жөндеуден өткен.

 Қазіргі таңда төрт түлік малдан ризық-несібесін алып отырған аудан шаруалары қыс қаһарын жеңу үшін ұйымшылдықпен еңбек етуде.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ 
Сарқан ауданы