ЖЕТІСУДЫҢ МӘРТ АЗАМАТТАРЫ 3000-НАН АСТАМ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

Уақыты: 03.09.2021
Оқылды: 1367

Алматы облысында жыл басынан бері 3000-нан астам қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 16 000-нан астам көпбалалы отбасына көмек көрсетілген. Мұның барлығы «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының аясында жүзеге асырылған.

2020 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер марафоны» жобасының ұйымдастырылатынын айтқан еді. Содан бері Жетісу жерінде ұлттық жоба жолға қойылды. Осы уақытқа дейін, облыста мұқтаж отбасыларды әлеуметтік қолдау бойынша 1652 науқан, 1272 экологиялық акция, 76 жануарларға көрсетілген көмек және қорғауға бағытталған шаралар өткізілді.

Ұлттық маңызды жобаға айналған «Қайырымды істер марафонын» жергілікті меценаттар, 2 ЖОО, 52 колледж, мемлекеттік мекемелер, қайырымдылық қорлары, автоволонтерлер және еріктілер ұйымдары қолдады. Нәтижесінде, аз қамтылған отбасыларға және жалғызбасты қарттарға көмек көрсетілді. Әлеуметтік жағдайы төмен 89 отбасы баспаналы болды.

Солардың бірі - Балқаш ауданының тұрғыны Мұхтар Дүмшебаев. «Өңіріміздің мәрт азаматтарының арқасында үйлі болдық. Қанша жылғы арманымыз еді. Бір шаруашылықта 20 жыл еңбек еттім. Қарапайым шаруа адамымын. Осы кезге дейінгі еңбек ақталды. Қайырымдылықтың қайыры бізгеде тиді. Қуаныштымыз. Барша қол ұшын созған азаматтарға алғысымды білдіремін», - дейді Мұхтар Дүмшебаев.

Алматы облысының жомарт жандары тек өңір халқына көмек көрсетіп қана қоймай, Маңғыстау облысында қуаңшылықтан шөп шықпай, малдың қырылуына байланысты да жемшөп жөнелтіп, қол ұшын созды. Олар аймақ атынан гуманитарлық көмек ретінде 60 000-нан астам түк шөп жіберді. Жалпы алғанда, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында меценаттар мен волонтерлер барлығы 600 млн.теңгеге жуық көмек көрсетті.

- 17 аудан мен 3 қалада өңірлік фронт-кеңселердің қызметкерлері волонтерлерді көбірек тарту үшін белсенді үгіт-насихат қызметін ұйымдастырады. Алдағы уақытта аталған жалпыұлттық жобаны жүзеге асыру жалғасын табатын болады, - деді Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров "Қазақпаратқа" берген сұхбатында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"