ЖҮРЕККЕ СІҢГЕН ЖОМАРТТЫҚ

Уақыты: 26.03.2023
Оқылды: 1058

Адам баласының ақыл-ой иесі, жер бетінің салтанатты әміршісі екенін ғылым дәлелдеп берсе, бірер жыл шамасында ғана ғұмырын тиянақтаған Абдуғаппар Смановтай дін қайраткері: «Адамды жер бетінің мирасқоры етті. Егер Алла құдіретінің өлшемін ақыл-ойға емес, күшке салып, жерді күштінің дәргейіне берсе пілге беретін еді. Ол дүн-дүниені жапырып, таптап үстемдігін көрсетер еді. Ал арыстанға берсе, онда өзге тіршілік атаулы харап болып, жаннан ада күйге түсер. Ал осындай мақұлықтарды үйреткен адамның құдіретіне тең келер жаратылыс жоқ», – деп тебіренген болатын.

Асыл дініміздің өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған Абдуғаппар Смановтың сөзін тегіннен мысал етіп отырған жоқпыз. Бақыт пен барақатты ғұмырдың өлшемін ақыл-оймен сараптар болсақ, өзіңмен бірге бір сабақ жіп алып кете алмайтын жалған дүниедегі ең мерейлі сезім – өзгенің қуанышына ортақтасу, жылағанды жұбату, мұңайғанды демеу екенін парықтар едік. Ендеше, салқар даласында мыңжылдықтардың шеруі өткен, сан ғасырлық сүрдек-сүрлеу түзген қазақтың жылағанды жұбатып, жесірін қаңғыртпай, жетімінің шарасына жас тұндырмай ғұмыр кешуі берекетті, бақытты ғұмырдың айғағы емес деп кім айта алсын?!

Рас, бүгінгі нарық билеген уақытта елімізде тұрмысын түзей алмай, бір шаңыраққа зар болып жүрген қандастарымыз, отандастарымыз баршылық. Дегенмен, сол мұқтаж жандарға үнемі демеу болып, оларға реті келгенде баспана бақытын сыйлап  жүрген қайырымдылық қорлары бар. Солардың қатарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорын ерекше атап өтуге болады. 

Бүгінге дейін «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында республика бойынша 630 үйдің кілті мұқтаж жандарға табыс етілген. Соның ішінде тура 100 үйі Жетісу облысының азаматтарына беріліпті. Осындай көл-көсір еңбектің артында ауыл, аудандағы имамдардың, еліміз бойынша асыл құндылығымызға қызмет етіп жатқан дін қайраткерлерінің табан ет, маңдай тері жатыр. 

Осы орайда айта кету керек, «Ел үлесі пәтерге» жобасын, ҚМДБ-ның бұл қорын елге танылған «Харекет» секілді бірегей қорлармен салыстыруға келмес. Өйткені, жарнамасы жер жарған, түрлі санаттағы байлар мен бизнес өкілдері, эстрада, өнер жұлдыздары, еріктілер жабылып жұмыс істеп, ел болып үлесін қосып, теңгесін толтырып жатқан «Харекет» қоры жалпыхалықтық қамбаға айналған. Ал, қарапайым дін өкілдерінің маңдай тері тамып, елден жинаған зекеті, пітір-садақасы арқылы жұмыс істеп тұрған «Ел үлесі пәтерге» аса танымалдыққа ие емес. Десе де, бүгінге дейін жоғарыда атап өткен 630 баспананы мұқтаждық күйін кешкен қандастарымызға сыйлап үлгерді.

Шыны керек, замандас яки бір қоғамда ғұмыр кешіп жатқан адамдардың аузынан дін адамдарына, имамдарға қарата айтылатын түрлі алыпқашпа, сыңаржақ сөзді естіп жүрміз. Тіпті, кешегі кеңестік жүйенің буы кеудесінен кете қоймаған, бүгінде сақал-шашы буырыл тартқан кейбір шолақ ойлы үлкендер «Ит тойған жерге» деген мәні терең мақалды бұрмалап, «имам өлген жерге» деп қылжақтайтынды шығарған. Осындай сарындағы сөздерді естіп қызынып кетсең де, амал жоқ, үлкен сыйлаған қазақтың жосынына басып ашуыңды алқымдайсың. Дін адамдарын осынша төмендеткен жандарға қаратып: «Мемлекеттен шекесін қыздырып жалақы алып отырмаған, тіпті 30-40 мың теңгеге күн көріп жүрген имамдарды ианаттау – қараңғылықтың белгісі. Жан үзген жақыныңды да сол дін адамдары жаназасын оқып, арғы өмірге шығарып салып жатқан жоқ па?» деп сұраулы сөзбен салмақтап тұрып сыбағың келеді-ақ. 

Қасиетті Құранда: «Олардың көңілдерінде мүміндерге бергендерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ, өздері таршылық пен мұқтаждықта бола тұра, оларды өздерінен артық көреді», – деген аят бар. Осынау ұлы жазбаға амал етіп, жомарттықпен күн кешіп, асыл дініміздің абыройы үшін саналы ғұмырын ғибратқа толтырып жүрген имамдарды ардақтауымыз керек деп білемін. Сонымен қатар, «Ел үлесі пәтерге» сынды бірегей жобаны, осындай есіл еңбекті де бағалай білсек екен. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ