ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНДЕ ҚАЛТАЛЫ АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 17.09.2019
Оқылды: 1546

Панфилов аудандық Мәдениет үйінде «Жомарт жүрек» тақырыбы аясында жиын өтті. Онда өңір тұрғындарының әлеуметтік әлсіз топтарына көмек қолын созып жүрген бір топ меценат марапатталды.

Биыл өңірде қалталы азаматтардың қаржылай қолдауымен жиырмадан астам тұрғын үй салынып, әлеуметтік көмекке зәру, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасылар қоныстойын тойлады. Қолдауға зәру жандарға жасалған басқа да игілікті іс аз емес.

Басқосу барысында өңірдегі қолдау күткен жандарға ұзақ жылдан бері көмек қолын созып, бірнеше елді мекенде өз қаржысына мешіт тұрғызып, мәдени, қоғамдық іс-шараларға атсалысып келе жатқан «Ернар» ЖШҚ төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Тасқын Жапарқұлға «Жыл меценаты» деген арнайы сыйлық тапсырылды. Сонымен қатар, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясын «Универсал» ЖШС, «Туған өлке» сыйлығын «Хожамбердиев» ЖШҚ төрағасы Әділжан Хожамбердиев, «Жыл тұлғасы» номинациясын кәсіпкер Гүлнар Ақсубаева, «Жылдың үздік ұйымы» сыйлығын «Азия Вет Сервис» ЖШС төрайымы Ризван Сакиева иеленді. Бұдан бөлек, аудан әкімінің Алғыс хатымен тағы бір топ азамат марапатталды.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы