Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

НАЗАРБАЕВ ҚОРЫ ЕСТУ ҚАБІЛЕТІ НАШАР СТУДЕНТТЕРГЕ ҚОЛ ҰШЫН СОЗДЫ

Уақыты: 26.11.2020
Оқылды: 540

Талдықорғанда «Дыбыссыз әлем» – есту қабілеті бұзылған студенттерді жұмыспен қамту» әлеуметтік жобасының тұсаукесері өтті. Жобаны Нұрсұлтан Назарбаев қорының «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырды.

Биыл Нұрсұлтан Назарбаев қоры «Тұрақты дамудың ғаламдық мәселелеріне арналған жергілікті шешімдер» әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінде «Дыбыссыз әлем» – есту қабілеті бұзылған студенттерді жұмыспен қамту» жобасын ұсынып, жеңімпаз атанып, грант иеленді.

Бұл жобаның мақсаты – есту қабілеті төмен студенттерді жұмыспен қамтамасыз ететін стоматологиялық ортопедия кабинетін ашу. Облыста 68 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның 2300-і есту қабілеті төмен адамдар. Есту қабілеті нашар және саңырау балаларға арналған мектеп-интернатын жыл сайын 20-дан астам оқушы тәмамдайды. Мамандық алғаннан кейін бұл балаларға жұмыс табу қиын. Жұмыс берушілер есту қабілеті бұзылған адамдармен жұмыс жасағысы келмейтіні тағы жасырын емес.

Қазақстанда тұңғыш рет Талдықорған қаласы жоғары медициналық колледжінің қолдауымен 2018 жылдан бастап есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған «ортопедиялық стоматолог» факультеті ашылды. Онда оқитын 6 студенттің есту қабілеті бұзылған.

Осыған орай, колледжде стоматологиялық протездеу және стоматология кабинетін ашу жайлы ой туған. Бұл ой балаларға жұмыс тауып, олардың қоғамдық өмірге енуіне ықпал ететіні белгілі. Ал болашақта олар өз кабенеттері мен бизнестерін ашады. Нұрсұлтан Назарбаев қоры стоматологиялық ортопедия кабинетінің сәтті жұмыс істеуі үшін стоматологиялық қондырғыны креслоларымен сатып әперді.

Ашылған стоматологиялық ортопедия кабинетінде медициналық колледждің есту қабілеті бұзылған студенттері жұмыс істейді.

Мұнда мүгедектер мен зейнеткерлер, ардагерлер, аз қамтылған отбасыларға және көпбалалы отбасыларға стоматологиялық протездеу қызметі жеңілдетілген бағамен ұсынылатын болады.

Нұрсұлтан Назарбаев қорының қайырымдылық көмегінің нәтижесінде есту қабілеті бұзылған жастар, яғни, медициналық колледждің 6 түлегі толық жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Бұл олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Болашақта есту қабілеті бұзылған әр түлек үшін кабинеттер ашып беру ойда бар. Жоба мүмкіндігі шектеулі адамдардың табыс тауып, өзін қоғамда толыққанды азамат ретінде сезінуі үшін өте пайдалы.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Руслан ҚАДЫРОВ

Алматы облысы