ҰЛТТЫҚ ҰЛАН АКАДЕМИЯСЫНДА 100-ДЕН АСТАМ ЖЕТІСУЛЫҚ КУРСАНТ БАР

Уақыты: 14.04.2022
Оқылды: 2151
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінде отандық білім беру жүйесінде кәсіби кадрларды даярлау бойынша басты міндеттер нақты айқындалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандықтардың болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, азаматтардың тез өзгеретін әлемде жоғары білім деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруда еліміздің оқу орындарының маңызды рөлін тағы да атап өтті.

Жыл сайын еліміздегі мектептерді 150 мыңға жуық оқушы бітіруде. Орта мектепте жасөспірімдердің көпшілігі мамандық таңдауда қиналады. Жас жігіттің болашақ тағдыры осы таңдаудың дұрыстығына байланысты. Бұл тақырыптың өзектілігі күмән тудырмайды, өйткені мамандықтар саны үнемі өсіп келеді, яғни, өзіңізге қолайлы мамандықты таңдау қиындай түсуде.

Жоғары білікті әскери мамандарды даярлауда тек құқық саласы үшін ғана емес, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін де офицерлерді даярлайтын Ұлттық ұлан академиясы ерекше көзге түседі.

Академияның тарихы 1997 жылдың көктемінен бастау алады, ол кезде ел Президенті Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесін құру туралы шешім қабылдады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1997 жылы ол жүзеге асырылды. Осы жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев Жауынгерлік Туды тапсыра отырып: «Мен солтүстік климаттық жағдайларда тәрбиеленіп, оқытылған курсанттардың нағыз әскери шынығуға ие болатынына және болашақта Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлерінің жаңа офицерлік корпусының негізін құрайтынына сенімдімін», - деп атап өтті.

Ширек ғасыр тарихында оқу орны 4 мыңға жуық жас офицерлерді шығарды, олардың 270-і оқуды үздік бітірді, 49-ы «Әскери университетті үздік бітіргені үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Академия жеті мамандық бойынша, әскери қызметтің түрлі бағыттары бойынша офицерлерді дайындайды. Қазіргі уақытта Академия түлектері ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ҚР ТЖМ, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бөлімдерінде және ҚР ІІМ мен ҰҚК арнайы мақсаттағы бөлімшелерінде сұранысқа ие. 2009 жылдан бастап академия әскери кадрларды даярлау бойынша халықаралық деңгейге шықты. Үкіметаралық шарттарға сәйкес оқу орнында Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген курсанттар оқиды.

Академияда жеке тұлғаны дамыту, жоғары адамгершілік және әскери-кәсіби қасиеттерді қалыптастыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін оқу-материалдық және техникалық базаны жақсарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.

Жоғары әскери білім алу үшін Ұлттық ұлан академиясын таңдай отырып, жастар өзін-өзі жүзеге асырудың кең мүмкіндіктерін, лайықты өмір сүру деңгейін, жоғары әлеуметтік мәртебесін таңдайды.

Қазіргі уақытта біздің жоғарғы оқу орнында Алматы облысынан 100-ден астам курсант білім алуда.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы 2022 оқу жылына курсанттарды қабылдауды жүзеге асырады. Академияға түсуге ниет білдірушілер, жастар тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдеріне өтініш береді. Оқу барысында курсанттар күніне үш рет тегін тамақпен, ақшалай үлеспен, формалық киім-кешекпен, қажетті оқу әдебиеттерімен, соның ішінде, нормативтік құжаттарға сәйкес бірқатар басқа да жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі.

Барлық уақытта офицерлер корпусы әрдайым қоғамның элитасы ретінде өскелең ұрпаққа үлгі болып келеді. Әскери іс көбінесе басқа азаматтық мамандықтан асып түсетін деңгейдегі білімді талап етеді. Біздің оқу орнының қабырғасында оқу кезінде алған адамгершілік қасиеттер, ақыл-ой және физикалық қабілеттер өз ісінде бағалы маман болуға және қоғамда лайықты орын алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте сізге біздің ЖОО-да жиналған үздік педагогтар, командирлер, мамандар көмектеседі.

Әскери білім – қазақ елінің рухты азаматтарының дұрыс таңдауы!

Бекзат СОПЫБЕК,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы 2-оқу батальонының курсанты,

қатардағы жауынгер