ЖЕМҚОРЛАРДАН ТӘРКІЛЕНГЕН АҚШАҒА МЕКТЕП САЛЫНАДЫ - ПРЕЗИДЕНТ СӨЗІ

Уақыты: 01.09.2022
Оқылды: 1190
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің ІІІ сессиясында халыққа арнаған Жолдауын мұқият тыңдадым. Мемлекет басшысы онда Қазақстан қоғамын толғандырып отырған өзекті мəселелерді шешудің нақтылы жолдарын жəне алдағы уақыттағы міндеттерді саралап берді. Өзім ауыл мектебінде қырық жылдай еңбек етіп келемін. Сондықтан, білім саласы бойынша айтқандары көкейіме қонды.

Білім саласы ұлт сапасын жақсартуда өте маңызды екені айдай ақиқат. Иә, өз ісіне адал ұстаздар бұл саланың дамуына зор үлес қосады. Орта білімнің сапасы табысты ұлт болудың маңызды шарты.

Біз, ұстаздар қауымы, мұны жақсы білеміз және сапалы білім берудің жауапкершілігін жете түсінеміз. Сонымен қатар, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Жолдауда сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын біліп, қуандым.

«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз», - деді Президент.

Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешілмек. Бұл ауыл және қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты едәуір азайтатыны анық. Мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керектігін атап көрсетті. Сонымен қатар, Президент заңсыз алынып, жемқорлық істері бойынша сот шешімімен мемлекеттің меншігіне өткізілген қаражаттың барлығы мектеп салуға жұмсалуға тиістігін айтты. Жемқорлардың заңсыз иеленген қаржысы мектептерді көптеп салуға расында да сеп болады.

Мектеп формасымен қамтамасыз ету жөніндегі шешім де көпшіліктің көңілінен шығатыны анық. Барлық оқушыға мектеп формасын барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беруді қолдаймын. Ал мектеп мұғалімдерінің мәртебесін көтеру үшін әлі де қажетті шаралар қабылданатын болды. Қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген бала тәрбиелеуіміз керектігін де Мемлекет басшысы атап өтті. Егер білімді ұрпақ өсірсек, ол, әрине, мемлекеттің күші-қуаты, көрсеткіші болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы еліміздегі түйінді мәселелерді шешудің бағытын айқындаған тың бағдарламалық құжат іспетті. Президенттің айқындап берген негізгі басымдықтар тыңғылықты пысықталып, ойластырылған міндеттер мен тапсырмалар және аталған əрбір басымдықтың мемлекетіміз үшін маңызы үлкен деп ойлаймын.

Гүлнар ТҮЛКІБАЕВА,

Жанкелді атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі

Бесмойнақ ауылы,

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы