ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНА 200-ДЕН АСТАМ МЕДИЦИНА МАМАНЫ ҚАЖЕТ - БАСҚАРМА БАСШЫСЫ

Уақыты: 01.11.2022
Оқылды: 1017
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу өңірінде медицина мамандарының тапшылығы 202 маманды құрап отыр. Қалаларда маман тапшылығы 157 дәрігер болса, қалғаны ауылдарға тиесілі. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, кадр тапшылығы мәселесін шешу және жас мамандарды тарту мақсатында баспанамен және балаларды балабақшамен қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

- Қазіргі уақытта бізде Президент тапсырмасы бойынша ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Онда денсаулық сақтау саласын жаңғырту келесі жылдан бастау алады. Жетісу облысы бойынша жоспарға 59 нысан енді. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік пункт және 5 медициналық пункт бар. Сондай-ақ, биыл облыстың 6 ауданында 12 блок-модульдік конструкция орнатылуда. Оның 5 нысаны қазіргі уақытта қолдануға берілді. Бұл орталықтар Көксу ауданында, Ескелді ауданында және Алакөл ауданында. Қалған 7 нысан желтоқсан айының басына дейін пайдалануға беріледі, - деді басқарма басшысы.

- Панфилов орталық аудандық ауруханасы жаңғыртудан өтті. Ол ауданаралық көпсалалы аурухана болып қайта құрылды. Сонымен қатар, Панфилов ауданының тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қосымша бөлімшелер ашылады, - деді А.Жансеңгіров.

Жетісу облысының медициналық мекемелерінде "Enbek.kz" электронды еңбек биржасы тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Ұсынылған бос жұмыс орындарына әр апта сайын талдау және жаңарту жасалады. Үміткердің біліктілік деңгейіне және кәсіби құзыреттілігіне қойылатын талаптарға сәйкес персоналды іздеу және іріктеу жүзеге асырылады.

Ағымдағы жылы Жетісу облысының медициналық ұйымдарына 82 дәрігер келіп, "Enbek.kz" порталы арқылы қабылданған. 2021-2022 жылдары біліктілікті арттыру үшін облыс дәрігерлері (акушер-гинекологтар, анестезиологтар-реаниматологтар, невропатологтар, психиатрлар) Түркия, Ресей, Беларусь сияқты шет елдерде білім алған.

Бүгінгі таңда облыста 361 медициналық ұйым көмек көрсетеді, оның ішінде, 314 мекеме мемлекеттік болса, 47 ұйым жекеменшік болып саналады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"