ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ ЖЕТІСУ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, АҚЫЛ-КЕҢЕСІН АЙТТЫ

Уақыты: 02.11.2022
Оқылды: 1460
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысына арнайы іссапармен келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік ОТАРБАЕВ Талдықорған қаласындағы жастармен кездесіп, өскелең ұрпақтың бойынан табылуы тиіс асыл қасиеттерді түсіндірді. Жастарға қызмет көрсету орталығында өткен кездесуді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Болат Керімбек ашып, жүргізіп отырды.

Сөз тізгінін алған Мәлік Нұржанұлы заман талабынан туындаған қажеттіліктер мен ұлттық құндылықтың басымдығы, жаһанданудың ықпалы мен ұлттық тәрбиенің өзегін ажыратудың маңыздылығы, алға дұрыс әрі құнды мақсат қоюдың жастарды кәсіби тұрғыдан өсіретінін жіліктеп түсіндіріп берді. Әр адамның басты бағдаршамы кітап болу керектігін баса айтқан Президент кеңесшісі ізденімпаз жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды.

– Кім болашаққа сеніммен қараса, соның болашағы жарқын. Ал кім күмәнмен қараса, оның өмірі де күмәнді, ала-құла күйде өтеді. Сондықтан, келешекке сеніммен қараңыздар, – деген Мәлік Нұржанұлы жас ұрпақтың көздеген мұраты асыл, мақсат биік болуы керектігін алға тартты. – Өмірге сеніммен қарау өмірлік құлшынысты арттырады. Қазір, Құдайға шүкір, халықаралық деңгейлерде кез келген Мемлекет басшысымен өз тілінде сөйлесе білетін және биік-биік мінберлерде әрбір мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары ұстайтын Президентіміз көпшіліктің сеніміне ие болып отыр. Ол кісіге біз сеніммен қараймыз, ол кісі де сенімді ақтайтын болады. Сенім деген өте керемет. Әсіресе, жастардың сенімі тіпті ерекше. Егер: «Мен еліме осындай дүние жасаймын», – деген сенім болса сол мақсатқа жетесіздер. Екінші нәрсе – мақсаттарыңыз жұлдыздай биік болсын! Сіздердің қолдарыңыздан көп нәрсе келеді. Келешекте облыс орталығын өркендетіп, өңірді құлпыртып жіберуге болады. Жаңа қала салу қолдарыңыздан келеді.

Одан соң сөз алған ақын Кәдірбек Құныпияұлы қолында жүрген «Найзақара» атты кітабынан өлең оқып, жаңа туындысын белсенділік танытқан жасқа естелікке берді. Кездесуге қатысқан өңір жастары өздерін толғандырған көкейкесті сауалдарыны Президент кеңесшісіне қойып, жауап алды.

Жиын соңында көпшілік облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен түсірілген мағыналы бейнеүзіндіні тамашалап, естелік суретке түсті.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Жетісу облысы