Нейрожелі жазған әндердің орны

Уақыты: 23.09.2023
Оқылды: 718
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қалың тыңдарман алдағы уақытта нейрожелі жазған әндерді тыңдауы мүмкін бе? Жалпы, музыка әлемі де қарқынды өзгеріске ұшырап жатқан индустрияның бірі. Болашақта бұл үрдіс күшеймесе, баяулауы екіталай.

Кейінгі жылдары әлемдік музыка мамандары мәдени төңкеріс болып жатқанын жиі айтады. Бұған негіз ретінде жанрлар, тілдер арасындағы шегаралар алынып, біте қайнасқан туындылар көбейгенін келтіруге болады. Осы тұста дүниежүзіндегі нарықтың Қазақстанға қалай әсер етіп жатқанын, жастардың ән тыңдаудағы, ал әншілердің репертуарындағы, кеш қоюдағы ерекшеліктері жайлы сөз қозғап көрмекпіз.

Қазір отандық музыкада күн сайын танылып жатқан жаңа есім көп. Олардың өз тыңдарманын қалыптастыруы үшін, анау айтқандай, мықты жағдайдың қажеті шамалы. Өңдеп, әрлеуге арналған бірнеше бағдарлама мен құлшыныс жетіп жатыр. Бұған 2021 жылы әлемге әйгілі «Грэмми» сыйлығын жеңіп алған тұңғыш қазақстандық музыкант Иманбек Зейкенов дәлел. 

Жастардың қазіргі плейлистіне қарап, олардың жай музыка ырғағына емес, орындаушы шығармасы арқылы жеткізгісі келетін оқиға желісіне қаншалықты басымдық беретінін бағамдауға болады. Ал әннің тақырыбы тыңдарманның көңіл-күйіне, жанына жақын болып, тыңдаушы  мен әншінің арасындағы ұқсастықты сезінуі үшін оны жеткізу жолы маңызды. Мәселен, Мирас Жүгінісов, Димаш Құдайберген, Тұрар Ыдырыс (2Rar), Мархаба Сәби, Қазыбек Құрайыш, Садраддин Болат (Sadraddin), Еңлік Құрарбек жеке концертіне көп тыңдарман жинап, кеш бойы олармен барынша диалог құруды басты назарда ұстайды. Олар аспан астындағы (OpenAir) форматты жиі таңдап жатады. Бұл әлемдік деңгейдегі Coldplay және Imagine Dragons  рок тобы, Альваро Солер, Поль Ван Авер (Stromae) сынды өнер иелерінің концертін еске салады.

Қазіргі отандық музыкадан мынадай 2 сарынды байқау қиын емес. Алғашқысы, ұлтаралық коллабрация (қандай да бір саладағы екі немесе одан да көп адамның, ұйымдардың ортақ жетістікке жетуі үшін бір реттік бірлескен әрекеті). Мысалы, қазір бір әннен бірнеше елге тән музыка мәдениетін, тілін байқау таңғаларлық жайт болмай қалды. Бұл қатарда Raim&Artur, Әбдіжаппар Әлқожа, «Ирина Кайратовна» тобы және т.б. өнерпаздардың туындыларын атап өте аламыз. Екіншісі, Z ұрпағының (ХХІ ғасырдың ұрпағы «центениалдар», «z ұрпағы» немесе «homelanders» деп аталады) өкілдеріне көпшілікке танылу үшін алдыңғы буынға қарағанда, мейлінше, аз уақыт кетеді. Жас әншілер бірнеше туынды арқылы-ақ алдыңғы буын жеткен деңгейді бағындырып жатыр.

Енді сөз басындағы сауалға жауап беріп көрейік. «Қалың тыңдарман алдағы уақытта нейрожелі жазған әндерді тыңдауы мүмкін бе?» (Нейрожелі машиналық оқытуда пайдаланылады. Шағын әрі қарапайым формулалар «нейрон» деп аталады. Нейрондарды бірнеше қабат жалғап тұрады. Олар нейрожеліні құрайды. Нейрожелі қабаты дегеніміз – түріне байланысты ұқсас көптеген қарапайым формулалар).

Қазіргі технологиядағы трендтерге қарар болсақ, мұның ықтималдығы жоғары екені байқалады. Оның үстіне қазірдің өзінде тірек сөздерге сүйене отырып, композиторларға әннің музыкасын жазуға көмектесетін нейрожелілер шығып үлгерді. Алдағы уақытта мұндай арнайы бағдарламалардың қатары азаймасы анық. Мүмкін олар 7 нотаны өзгеше үйлестіріп, біз естімеген дыбыстарды шығарып та қалар...

Шамкен БАЙЫРБЕК